Сонымен әйеліме бірдеңе дегім келді, бір күні, дүкеннен дайын тұшпара жегім келді. Соны жеген күні бала-шағаммен, үріп шықтық, «иттің етінен жасалған ба?» деп, өзімізше, күліп шықтық! «Тұшпараны өзіміз жасаймыз, базардан ет әкеліп, қайта-қайта асаймыз» деген күні бәріміз бақыра бердік, сөйтсек, сиырдың еті дегеніміз, есектікі болып, « ах-их, ах-их!» деп ақыра бердік.
Ал енді дәлелге жүгінейік. Шымкентте бір кәсіпкерге айып пұл салынды.
Босқа салынды, айыпқа сөйтіп, малынды деп ойлайсыз ба? Шымкенттегі фермалардың бірінде есек асырап, білек сыбана сойғандар «есек етін харам» деп ойламайды. Есектен де есепсіз пайда көргісі келеді. Шаруашылық иесі мамандарға етті қытайға сатпақ болғанын айтыпты. Оқиға Шымкент маңындағы ауылдардың бірінде болған. Тұран ауданының биі Батыр Арыстановқа ауыл тұрғындары аумақты сасық иіс жайлап кеткенін, көшеде «қыдырымпаз» есектердің толып жүргенін айтып, шағымданған еді. Сөйтсе, шынымен айтқандары рас екен. Ауыл биі фермадан 120 есекті өз көзімен көріпті. Сойылған есектердің етін сату фактісі тіркелмесе де, қалалық ветеринария басқармасының мамандары шаруашылық аумағында төрт есектің сойылып, көмілгенін мәлімдеген.
Шынында, базардан ет алуға қорқып қалдық.
Ал, солтүстік Қазақстанда екі бала тұшпара жеп, уланып, ақырында қайтыс болды емес пе. Қызылжар ауданында осындай сұмдық оқиға орын алды. Аудандағы « Надежда» елді мекенінің тұрғыны дүкеннен тұшпара сатып алып, балаларымен қосылып тамақтанған, тұшпараның ақыры қайғылы оқиғаға әкеліп тірелгенін ауыр қабылдадым. Сонымен, не ойладым десеңізші? Базардағы сүтке су қосады, құдай біледі, у қос десеңіз, у қосады... И-и, өмір сүрудің мәні жоқ, « окорачканың» түк дәмі жоқ, ісіндіру үшін шприцпен бірдеңе айдайды екен, өтімді болу үшін, бәрін байқайды екен, қолдың майына маргарин қосады екен, адамдарды алдасаңыз, о дүниенің тозағы тосады екен, шұжық деген колбаса, жесең далбаса, картон қағаз турайды екен, жей қалсаңыз, миың кеуіп, құйрығың қурайды екен, кепкен кеспелерде құрт жүреді, ауыздағы пәлекет мұрыннан шығып, жұрт күледі, лепешкаларың созылатын сағыз, енді не жейміз, көз сораңды ағыз, қарбыз жесең, ішіңді силикатпен бүлдіресің, дәретханаға таласып, «менің кезегім!» деп күлдіресің, пісте майыңда бензин бар, темекі тартсаң, лап етіп жанып кетесің, арағыңда у бар, о дүниеңе «ағып» кетесің, қытай жұмыртқасы резеңке, жесең, бірдеңке.... Бәрі «самопал» , қысқасы, адамдар тым қатал... Болашаққа не дейміз, айтшы маған, қарным аш-е-е-п тұр, ертең не жейміз?
Мұхтар ШЕРІМ