Қатираның құрт зауыты

Бүгін біздің үйдің шамы түн ауғанша жанып тұрды. Қартайған әке-шешеміз, балалар алаңсыз шырт ұйқыда. Тек қатыным Қа­тира екеуіміз әлі көз ілген жоқпыз, Шалқалап жатып, төбеге қарап ұзақ әңгімелестік.

– Нөкен, енді не істемексің? Қаптың түбінде бір қалаш нан пі­сіретін ұн қалды. Сенің кітап жаз­ғаның құрсын, ешкімнің оған назары ауып жатқан жоқ, – деп әңгімесін бастады біздің әйел. Бұл оның күнде түн батса көрпенің астында айтатын жаттанды сөзі. 

– Театрға қайтадан әртіс бол­сам ше?

– Ту, анада көрмегенім театр болсын, не абырой, не айлық жоқ дегенің қайда?

– Иә, солай екен ғой. Айтпақ­шы, құс фабрикасына қи таза­лау­шы болып тұрсам қалай болады? Айлық бермесе де, ет, жұмыртқа алып тұрасың. Мирамбай соған кіргелі күйленді. Балалары нанға май жағып жейтін болды. Кеше келіншегіне әдемі ақ башмақ әперіпті.

– Жындысың ба? Оған сені алмайды.

– Неге?

– Құс фабрикасының дирек­торы Мирамбайдың келіншегінің нағашы ағасының баласы.

Екеуіміз аунап жатып, әр жұ­мыстың басын қозғадық. Еш­қан­дай да реті болмады. 

Кенеттен:

– Ойбай, маған бір ой келді, – деп Қатира айқайлап жіберді. Түн ортасында шыққан оқыс ды­быстан үйдегілер елең ете қалды. Дауыс қатты шықты. Көрші үйдің жарығы жарқ етіп жанып, қайта өшті

– Түн ортасында неге ай­қай­лайсың, жұрт қазір не ойлайды? – деп Қа­ти­раның аузын бастым.

– Базарға барып құрт сатамын.

– Құртты қайдан аласың?

– Өзім жасай­мын.

– Қатырасың, қай­да сатпақ ойың бар?

– Қалаға сатамын. Иә, қазір қаланың қазағы үшін құрт тап­тыр­майтын тағам, – деп әйелім көр­песін бүркеніп алды. Мен үн­де­­ме­дім. Іштей келістім. Теріс қа­рап жа­тып ұйқыға кеттім. Ке­дей­ші­лік жанына батқан болу керек, та­­ңертең әйелім ала сиыр­ды же­лі­нінен шап беріп ұстап алып, бір ше­лек сүт сауды. Сүтті ашытқы са­­лып қазанға ұйытып, кенеп кап­шық­қа сүзді. Сүзбені тұз са­лып қол­мен сығып-сығып құрт жасап тө­беге шидің үстіне жайып кеп­тір­ді. Санап қалсақ, 100 құрт шы­ғып­ты. Қатын азанда құртты арқалап ауданға кетті. Кешке де­йін бір құрт­ты 30 теңгеден сатып, 3000 тең­ге пайда тауыпты. «Еңбек ет­­­сең, емесің» деген осы екен. Тұң­ғыш рет үйі­мізге табыс кірді. Қа­тира мәз. Ұр­лық емес, таза адал ең­бек. Мың теңгеден артық ақша ұстап көр­­­­меген байғұс, алғашқы табы­сын қайта-қайта шытыр­латып санай береді, санай береді. «Дә­нікеннен құныққан жаман» де­мекші, біздің әйел енді сиырды желінінен қан шыққанша сауып, бұзауын аш қал­дыратын бол­ды. Құрт 150-ге кө­бейді. Табыс молай­ды. 

Арада бір жыл өткеннен кейін, Қатира «құрт қайнататын зауыт ашамын, маған құжаттарын заң­дас­тырып бер» деп мазамды алған соң, арқаланып қалаға бардым. 

Қала әкімшілігінде ескі та­ны­сым бар еді. Сол кісіні ортаға сал­­­­мағанда құжаттар дайын­дау­мен бақандай бес жыл жүреді екенмін. Бір аптада шаруамды шешіп берді. Сонымен не керек, «Қатира» атын­дағы құрт қайнату зауыты өз жұмысын бастап кетті. Зауыттың басты жұмысшылары мына мен, Қатира, әке-шешем және бала-шағам болды. Зауыт деген тек аты болмаса, құртты сол баяғыша қолмен сығып-сығып жасаймыз. Шатырға шығып кеп­тіреміз. Сол-ақ екен, үш күннен кейін үйге салық комитетінен салаң етіп бір жігіт жетіп келді:

– Давай, құрттарыңды шыға­рыңдар санаймыз...

– Ау, айналайын, оның санай­тын түгі жоқ, біз құрт жасауды енді меңгеріп жатырмыз, десем ана жігіт қоятын емес. Тіпті өң­меңдеп сабайтын түрі бар. Ама­лым құрып дереу қаладағы әлгі та­нысыма, яғни «крышама» теле­фон соқтым. Құтылдым. 

Өрт сөндіру басқармасынан бір әйел келді. Телефон ша­лып одан да құтылдым. Санитар­лық тазалық сақтау бөлімінен келдік деп біреу қырып кете жаздады. іпті балға үймелеген құмырсқадай құзырлы мекемелер бірінен соң бірі келіп, мазамызды ала бас­тады. «Кры­шам» бол­ма­ғанда құрт зауыты өз жұмысын тоқтатуға мәжбүр еді. Ол аз дегендей ауыл әкімі Талтаң­бай былай деп, бір парақ өтініш хат жазып, кө­­мек­шісінен беріп жіберіпті: «Қа­­­­зақта өле жегенше, бөле же» деген мақал бар. Бұрын күндеріңді көре алмай жүрген тұрғындардың бірі едіңдер, біздің арқамызда зауыт ашып, біздің ауыл­­да мол табысқа бө­­лендіңдер. Күй­­лен­­діңдер... Ас­та­рыңа ма­ши­на мін­діңдер. Бастарыңа бір-бір құндыз бөрік кидіңдер... Жа­қында біздің ауыл­дың құрыл­ғанына 50 жыл толады. Осы торқалы ме­ре­кені тойлауға екі қалта құрт және қаржылай кө­мек беруіңізді әкім­шілік аты­нан өтініп, талап етіп сұраймыз», – депті. 

Ел ағасының өтінішін аяқас­ты етуге бола ма, шама-шар­қы­мыз жеткенше халық үшін хатын қа­­нағаттандырдық. Ауыл әкімі риза.

Бір күні тал түсте төбеде құрт кептіріп отырсам үйге «крышам» телефон соқты. 

– Нәке, айналайын аман­сың­дар ма? Құрт зауыты қалай өнім­дерін беріп жатырма?

– Иә, иә, шүкір..

– Нәке, былай ғой, мекеме­леріңе міндетті түрде «прези­дент» керек қой.

– Не үшін?

– Ойбай-ау, зауыттың жұ­мысын бұдан әрі қазіргі заманға сай етіп жандан­дыруға және шетел­дер­ге құрттарды экс­порт­тау үшін...

– Президентті қайдан та­ба­мын?

– Ол жа­ғы­нан саспаңыз, мен өзім адам жіберемін.

– Жарай­ды, мақұл...Бі­рақ, әлгі прези­ден­тің сонда қайда жатады?

– Ой, сол да шаруа ма, әзірше бір бөлмеңнің бір бұрышына жата тұрсын, кейін пәтер жағын ше­шер­міз. Қысқасы, қатырамыз...

«Крышам» өтініш жасаған соң, амал бар ма, көндік. «Қатира» құрт заутының президенті өз жұ­мысын бастап кетті. Құрт 5 теңгеге қымбаттады. Зауытқа бұдан басқа ешқандай өзгеріс не жаңалық әкелген жоқ. Сол баяғы екі қол мен ала сиыр­дың төрт ем­шегі аман болсын деп тіледік. 

Бір апта өткен соң «крышам» тағы телефон соқты. Бұл жолы за­уытқа кадр бөлімінің бастығын алу керектігін айтып, адам жібе­ретінін хабарлады. Үйдің бір бұ­рышын тағы сол маманға босатып беретін бол­дық. Кадр бөліміне бас­­тық болып келетін адам жанұясы бар әйел бол­ғандықтан, әке-шешем аулаға жаз­ғы сарайға шығатын болды. Зауыт үшін оған да көндік. Жаңа маман іске кіріс­кен бойда құрт тағы 5 тең­геге қым­баттады. Енді әйелім Қа­тира көгереңдеп көңкілдей бастады:

– Туу, жағдай ауырлады. Бізге мамандар не үшін керек? Онсыз да  аудандағы клиенттеріміз «неге қымбаттап барады?» деп құртты алмай жатыр. 

– Обалың жоқ, өзің ғой, зауыт ашам деген, ал не ұттың? Бала-шаға аздай, құрт зауыттың прези­денті мен кадр бөлімінің жанұя­сын бағып отырмыз, – дедім ашу­­ла­нып. Күндер зуылдап өтіп жатыр. Қаладағы «крышам» за­уыт­қа тағы екі маман жіберетінін ашып айтты. Бірі заң бөлімінің же­текшісі, бірі қойма бастығы екен.

– Аға, ол мамандардың бізге не қажеті бар?– дей беріп едім.

– Әне, қазақ сүйтеді, шаруаң­ды тындырып алғаннан кейін мен саған керек болмай қалдым ба? Мына мен болмағанда құрт за­уытын аша алар ма едің? Бір зво­нокпен бизнесіңді  жаптырып тастаймын. Оған құдіретім жетеді. Тоз-тоз болып алдыма әлі талай келерсің, сонда әкеңді көзіңе танытармын... Әй, тіліңді жұтып қойдың ба? Айтшы, неге үнде­мейсің ааа?...

– Жарайды, аға, маманда­ры­ңызды жібере беріңіз, – дедім. 

Бір күнде сау етіп әлгілер жал­маңдап жетіп келді. Бұл жолы Қатира екеуіміз аулаға сәкі­нің үс­тіне жататын болдық. Күз де кел­ді. Түн салқын. Бүк­шеңдеп бір көрпені таң атқанша ары-бері тарт­қылаймыз. 

Құрт екі есеге қым­­баттады, яғни бір түйірі 80 тең­геден болды. 

Бүгін Қатира қаладан құртта­рын арқалап өткізе алмай кері қайт­ты. Қаладағылар қымбат деп­ті. Мұны естіген «Қатира» құрт за­уытының президенті ашу шақы­рып, столды ұрып, Қатираға, егер болашақта құртты сата алмайтын болса жұмыстан қуылатынын ай­тыпты. Маған қатаң ескерту берді. Әке-шешеме, бала-шағаға сөгіс жариялады. Жағдай бұрынғыдан да нашарлап кетті. Қаңғып келген кадрлар қаһарына мінді. Күш көрсете бастады. 

Қырсық қылғанда бүгін ала сиыр өрістен оралмай қалды. Сөйтсек, қасқыр жеп кетіпті. Да­ланың емес, адамның қасқыры. Күз болса қызылды аңсап, тісі қы­­­­шитын көрші ауылдың мал ұр­лайтын барымташылары бар. Қо­рада бұзауы мөңіреп жетім қалды. 

Зауытта құрт жасайтын шикі­зат, яғни сүт жоқ. Ақыры жұмыс тоқтап қалды. Банкрот. Құрт за­уыты жабылды. 

Түн ызғарлы. Қырдың астында қақаған қыс келе жатқанын ес­кертеді. Бұрынғыша құрақ көр­пенің астында тағы пыш-пыш әңгіме басталды:

– Нөкен, енді не істейміз?

– Мен қайдан білейін? Әй­теуір, «екі қолға бір күрек табы­лар» деген сөз бар емес па?

– Күрек табылды. Айтпақшы, сен одан да көр қазушы болсаң қайтеді,– деді Қатира. Әуелі селк ете қалдым. Тұла бойым мұздап кетті.

– Не айтып тұрсың, есің дұрыс па?

– Онда тұрған не бар? Ақша­сын төлесе болды емес пе?

– Ақшасын төлейді екен деп, сен маған бір күні адам өлтір дерсің...

– Оны айтып тұрған себебім, ауылда көр қазып жүретін Саша деген орыс қайтыс болыпты. 

– Иманды болсын...

– Орны бос...

Әңгіменің түйіні осы болды. Шам сөнді. Таңертең қолыма кет­пен мен күрегімді алып, егіске емес, қорымға қарай бет алдым...

Нұрлыбек ЖҰБАТҚАН, 

мәдениет қайраткері