Арал тағдыры жолындағы ортақ бастамалар

Шымкент қаласында Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозым­баев­тың төрағалығымен Халықаралық Аралды құтқару қоры (ХАҚҚ) басқармасының отырысы өтті.

Жиынға Тәжікстан Респуб­ли­касы Премьер-министрінің орын­ба­сары Сулаймон Зиёзода, Өз­бек­стан Республикасы Президентінің кеңес­шісі Шухрат Ганиев, Түрік­мен­стан Мемлекеттік су шаруа­шы­лығы комитетінің төрағасы Дур­ды Генджиев және Қазақстан су ресурстары және ирригация ми­нистрі Нұржан Нұржігітов, сон­дай-ақ Қырғызстан тарапы ба­қылаушы ретінде қатысты.

Жиында тараптар 2026 жылғы 22 сәуірде Астанада өткен ХАҚҚ-ны құрушы мемлекеттер бас­шы­ла­ры кеңесінің отырысында қа­был­данған шешімдердің орындалу барысын талқылады. Кездесу қо­­ры­тындысы бойынша мем­ле­кеттер басшылары 26 наурызды Ха­лықаралық Арал теңізі, Әму­да­рия және Сырдария өзендері күні деп жариялау туралы шешім қа­был­даған болатын.

Сондай-ақ ХАҚҚ басқар­ма­сының отырысында Қазақ­стан­ның 2024-2026 жылдардағы төр-а­ға­лығы кезеңінде Қордың Ат­қару­шы комитеті жүргізген жұмыс қо­­­­ры­тындылары қаралды. Осы ке­зең­де жұмыс он бағыт бойынша жүргізілді. Атап айтқанда, даму жө­ніндегі әріптестерден, оның ішінде Дүниежүзілік банкпен бір­лесіп, су ресурстарын тиімді пай­да­лануды арттыруға бағытталған өңірлік ынтымақтастық жобасы (CAWEC) бойынша $20 млн, REMIT бағдарламасы аясында $145,2 млн және Француз даму агент­тігі­нің жобалары бойынша 2 млн еу­ро көлемінде гранттық қаржы тар­тылды. Сонымен қатар халық­ара­лық ұйымдармен және қаржы инс­титуттарымен 13 меморандум мен келісім жасалды.

Жиынға қатысушылар Арал теңізі бассейніндегі ел­дер­­ге көмек көрсету жөніндегі іс-қи­мыл бағ­дар­ламасының (АТББ-4) іске асы­рылу барысын, сондай-ақ ХАҚҚ-ның ұйымдық құры­лы­мы мен шарттық-құқықтық ба­за­сын же­тіл­діру жөніндегі жұмыс то­бының қызм­етін қарастырды.

Отырыстың маңызды қоры­тын­дысының бірі Сырдария өзені бас­сейнінде су ресурстарын есеп­ке алудың автоматтандырылған жүйесін енгізу жөніндегі жұмыс жос­парын әзірлеу туралы шешім болды. Қор басқармасы Мемле­ке­­­таралық су шаруашылығын үй­­лес­тіру комиссиясының (МСШҮК) аталған жоспарды әзір­леу және бассейн елдерінің өкіл­дерінен жұ­мыс тобын құру туралы шешімін ма­құлдады. Тараптарға ұлттық үй­лестірушілерді айқындау, жұ­мыс жоспарының жобасын әзір­леп, келісу тапсырылды. Кейін құ­­жат МСШҮК-тің бекітуіне жә­­не ХАҚҚ басқармасының ма­құл­дауына ұсынылады. Ал Қор­дың Атқарушы комитетіне жос­пар­дағы іс-шараларды жүзеге асы­ру үшін даму жөніндегі әріп­тес­термен техникалық және қар­жылық қолдау мәселелерін пы­сық­тау міндеттелді.

«Бүгінгі отырыс Қазақстан Рес­­­публикасының 2024-2026 жыл­дардағы Халықаралық Арал­ды құтқару қорына төрағалығын қо­рытындылайды. 2027 жылғы 1 қаң­т­ардан бастап Қорға төрағалық ету Өзбекстан Республикасына өте­ді. Осы кезеңдегі басты оқиға Аста­­нада өткен ХАҚҚ-ны құрушы мем­лекеттер басшылары кеңе­сі­нің отырысы болды. Оның қоры­тын­дысы бойынша Астана дек­ла­ра­циясы мен мемлекеттер бас­шы­лары­ның бірқатар шешімі қабыл­данды. Соның ішінде 26 наурызды Ха­лықаралық Арал теңізі, Әму­да­рия және Сырдария өзендері кү­ні деп жариялау туралы шешім бар. Осы уақыт ішінде Қордың Атқа­ру­шы комитеті даму жөніндегі әріп­тестермен бірлесіп, бірқатар өңір­лік бастаманы іске қосты. Бір­лес­кен жұмыс үшін басқарма мү­ше­ле­ріне, Атқарушы комитет­ке, Мем­ле­кетаралық су шаруа­шы­лығын үй­лес­тіру комиссиясына және Тұ­рақ­ты даму жөніндегі мем­леке­тара­лық комиссияға ал­ғы­сымды біл­діремін», – деді Қа­зақ­стан Рес­пуб­ликасы Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев.