Осыған орай таяуда оңтүстік астанасында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының қалыптасуына негіз болған – Алматы декларациясының 35 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Алқалы жиында Достастық елдерінің мемлекетаралық байланысын дамытудың басым бағыттары сөз болды. Сарапшылар экономика, көлік, энергетика және гуманитарлық салалардағы әріптестік мәселелерін талқылады. «Алматы декларациясы: диалог, ынтымақтастық және тату көршіліктің 35 жылы» атты конференцияны Президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты, Сыртқы істер министрлігі және Алматы қаласының әкімдігі бірлесіп ұйымдастырды.
Конференцияның Алматыдағы Достық үйінде өтуі де тегін емес. 1991 жылғы 21 желтоқсанда дәл осы ғимаратта Алматы декларациясына қол қойылды. Конференция қатысушылары арадан 35 жыл өткен соң тарихи құжат қабылданған шаңырақта бас қосып отыр.
Жиынды ашқан ҚСЗИ директоры Жандос Шаймарданов өз сөзінде конференцияның Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен ұйымдастырылғанын жеткізді. Биыл қазан айында Авазада өткен ТМД Мемлекет басшылары кеңесінің отырысында ел президенті халықтар достығы мен ортақ мәдени-рухани мұраны Достастықтың басты байлығы деп атаған еді. Сонымен бірге Мемлекет басшысы ұйымның көпжақты әріптестікті дамытып, мемлекеттер арасындағы сенімді нығайтудағы рөліне тоқталған.
– Алматы декларациясы мемлекетаралық қатынастардың негізгі қағидаттарын: егемендік пен егеменділік теңдігін, аумақтық тұтастық пен шекаралардың мызғымастығын құрметтеуді, ішкі істерге араласпауды және дауларды бейбіт жолмен реттеуді бекітті. Бұл қағидаттар бүгін де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Керісінше, халықаралық шиеленістің күшеюі мен терең геосаяси өзгерістер жағдайында оларды сақтау тұрақтылықты, сенімді және тату көршілік қарым-қатынасты қамтамасыз ету үшін айрықша маңызға ие. Сондықтан біздің конференциямыз өткенге ғана емес, бүгініміз бен болашағымызға да бағытталған, – деді Жандос Шаймарданов.
Жиын барысында ТМД Бас хатшысы Сергей Лебедевтің конференция қатысушылары мен ұйымдастырушыларына жолдаған үндеуі оқылды. Ол Алматы декларациясының Достастық тарихындағы маңызына тоқталды.
– 1991 жылдың желтоқсаны – ұйымға мүше елдер үшін тарихи бетбұрыс. Декларацияның қабылдануы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының кең ауқымды қатысушылары бар мемлекетаралық бірлестік ретінде құрылуын нақты іске асқан факт ретінде бекітті. ТМД бүгінде Еуразия кеңістігіндегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, орнықты дамуға ықпал ететін беделді әрі тиімді халықаралық ұйым ретінде қалыптасты, – деді Сергей Лебедев өз үндеуінде.
Конференцияның негізгі бөлімі төрт тақырыптық сессияны қамтыды. Сарапшылар қазіргі геосаяси және геоэкономикалық өзгерістер аясында Достастықтың даму мүмкіндіктері туралы айтты. Тарихи тұрғыдан алсақ, Алматы декларациясы бұрын біртұтас мемлекет құрамында болған республикалардың егемен ел ретінде өзара байланыс орнатуына негіз қалады. Сарапшылар осы ретте егемендік теңдігі, аумақтық тұтастық пен тату көршілік қағидаттарының ықпалын бағамдап, олардың қазіргі халықаралық қатынастардағы маңызын талқылады. Пікірталасты Философия, саясаттану және дінтану институтының бас директоры Айгүл Сәдуақасова жүргізді.
ТМД Бас хатшысының бірінші орынбасары Игорь Петришенконың айтуынша, Кеңес Одағы ыдырағаннан кейінгі алғашқы жылдары Достастықтың салалық кеңестері мемлекеттер арасындағы көлік, энергетика және байланыс жүйелерінің сабақтастығын сақтауға мүмкіндік берген. Қазіргі уақытта ТМД шеңберінде салалық ынтымақтастықты үйлестіретін 65 орган жұмыс істейді. Ал 2022-2025 жылдар аралығында Достастық елдерінің өзара сауда көлемі 18 пайызға өскен. Петришенко алдағы уақытта экономикалық әріптестікті тереңдету үшін көлік дәліздерін дамытуға, цифрландыруға және өндірістік кооперацияға басымдық беру қажеттігін атап өтті.
Геосаяси бәсекелестіктің күшеюі халықаралық ұйымдардың алдына тың міндеттер қойып отыр. Бұл жағдайда ТМД жаңа сын-қатерлерге қаншалықты бейімделе алады? Достастық аясындағы көпжақты ынтымақтастықтың тиімділігін арттыру үшін қандай өзгерістер қажет? Конференцияның екінші сессиясында сарапшылар осы сауалдарға жауап іздеді. «Оңтүстік Кавказ» саясаттанушылар клубының жетекшісі Ильгар Велизаденің пікірінше, Достастықтың келешегі оның сауда, жұмыспен қамту және тасымал саласындағы мәселелерді шешумен байланысты. Сарапшы бұл тұста Қазақстан ұсынған «ТМД плюс» бастамасына ерекше назар аударды.
Ал Арменияның Қолданбалы саяси зерттеулер институтының ғылыми қызметкері Сергей Мелконян халықаралық көлік дәліздерінің әлеуетін толық пайдалану үшін тарифтерді үйлестіріп, транзиттік рәсімдерді жеңілдету және тасымалданатын жүк түрлерін көбейту қажеттігін алға тартты.
Жиынның соңғы сессиясы Орталық Азиядағы өңірлік ынтымақтастықтың келешегіне арналды. Осы орайда сарапшылар өзара сенімді нығайтуға және өңірдің орнықты дамуына ықпал ететін бастамаларды негізге алды. Әзербайжан Милли Мәжілісінің депутаты Гюльшен Пашаева халықаралық жүк тасымалындағы Орта дәлізді дамытуда Қазақстан мен Әзербайжанның маңызды рөл атқаратынын мәлімдеді. Оның пайымдауынша, дәліздің тиімділігін арттыру үшін кедендік және шекаралық рәсімдерді жеңілдетіп, бірыңғай цифрлық жүкқұжат енгізіп, ортақ тариф белгілеу қажет.
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,
Алматы қаласы