Абайдың «толық адам» ілімі және дәрігер этикасы

«Енді немеремді көтеруге бола ма?». Жүрегіне ота жасатқан атаның дәрігерге қояр ең маңызды сұрағы осы болуы мүмкін.

Дәрігер алдымен науқастың қанша салмақ көтере алатынын ойлайды. Ал атаның көз алдында – кешке алдынан жүгіріп шығатын немересі. Екеуі бір мәселе туралы сөйлесіп отыр. Сол сұрақтың ата өміріндегі мәнін ұғу үшін дәрігерге оның әңгімесіне құлақ түру қажет.

Абайдың «Әуелде бір суық мұз – ақыл зерек» өлеңінде мы­на­дай жолдар бар:

Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,

Сонда толық боласың елден бөлек. 

Осы өсиеттегі «бірдей ұста» деген екі сөздің салмағы бар. Дәрі­гер ақылға сүйеніп, тексеру нәти­жесін саралайды, қандай шешімге негіз барын анықтайды. Ал сол шешімді қарсы алдында үміт пен күдіктің арасында отыр­ған жанға қалай жеткізеді? Абай он жетінші қара сөзінде Ақыл, Қайрат, Жүрек үшеуін Ғылым­ның алдына әкеледі. Ғылым үш­еуі­нің бірлігін талап етіп, би­лікті Жүрекке береді. Бұл міндет дәрігерге білімін кімнің игілігіне жұмсап отырғанын еске салады.

Айталық, тексеру нәтиже­сін­де алаңдатарлық өзгеріс бай­қа­лды, ал қорытынды диагноз әлі белгісіз. Осындайда «Уайым­дамаңыз, бәрі жақсы болады» деген сөз ауызға оңай түседі. Бірақ дәрігер әзірге мұндай уәде бере ала ма? Ненің белгілі, ненің әлі анықталмағанын ашық айтуға қайрат керек. Дәрігердің мейірімі сол шындықты қалай жеткізге­нінен танылады. Ол нау­қасқа есті­генін ой елегінен өткізуге мұрсат беріп, сұрағын тыңдап, келесі тексерудің не үшін қажет екенін түсіндіре алады.

Қайраттың сабырды қажет ететін кезі де бар. Науқас «Бұл дәріні ішкім келмейді» деді делік. Дәрігер себебін сұрап, жауабын асықпай күтсе, науқас бұрын бір дәрі ішкеннен кейін өзін жайсыз сезінгенін айтуы мүмкін. Енді екеуі нақты не болғанын, ұсын­ылған емнің пайдасы мен ықти­­мал зиянын, басқа қандай таңдау барын талқылай алады. Науқасқа ойлануға уақыт керек болса, дәрігер оның шешімін құрмет­теп, келесі кездесуде осы әңгіме­ге оралуды ұсынады. Мұндағы табандылық – алғашқы «жоқ» деген жауаптан кейін де адамның уайымына көңіл бөліп, оған көмектесудің жолын бірге іздеу.

Дәрігер әдебінің тағы бір өлшемі – науқасқа өз денсаулығы туралы әңгімеде сөз беру. Қарт ана қабылдауға қызымен келді делік. Қызы дәрілердің атын жатқа біледі, тексеру қағаздарын күнімен реттеп әкелген. Мұн­дайда дәрігер еріксіз қызымен сөйлесіп кетуі мүмкін. Ал анасы дәл жанында отырып, өзі жайлы әңгімені сырттай тыңдап қалады. Сол сәтте «Апа, өзіңізді бәрінен бұрын не мазалайды?» деген бір сұрақ әңгіменің арнасын өзгер­теді. Бәлкім, ол кісінің ұйқысын қашырған уайым қағазға мүлде түспеген шығар.

Раушан ТҰРЫМБЕКОВА, 

кардиолог, Қожа Ахмет Ясауи атындағы

Халықаралық қазақ-түрік университетінің

«Қоғамдық денсаулық сақтау» білім беру

бағдарламасының магистранты,

Айнұр АСАН, 

PhD, Қоғамдық денсаулық сақтау және ғылыми

зерттеулер кафедрасының аға оқытушысы