Туған жер және әулет
Құдіреті күшті Алламыз әрбір адамды жаратқанда оның туған жерін анықтайтыны ақиқат. Маған тарихы ұзақ, шежіресі бай көне Әулиеата өлкесінде тууды бұйырыпты. Ежелден адам баласының бесігі болған Талас өзенінің Қазақстанға кірер тұсы мен қарт Қаратау басталатын шұрайлы да шырайлы «Жасөркен» деген ауылда туыппын. Оның осы атауын атақты ғалым, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, академик, қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры болған Төлеген Тәжібаев қойыпты. Өсіп келе жатқан өскелең ұрпақ «өссін», «өркен жайсын» деген ниеттен туған атау болса керек.
Бұл – көне түркілердің аса байырғы мекені. «Жасөркеннен» таяу тұста Қазақстан мен Қырғызстанның шекарасы бар. Осы маңда 751 жылы атақты Атлах немесе Талас шайқасы болыпты. Осы жойқын шайқаста қытай әскерін жеңген бабаларымыз тарихи дамудың бағытын айқындапты. Соның арқасында бұл өңірді байырғы түркілер, қазір біздер, яғни қазақтар мекендейміз. Біздің ауылдың оң жақ беткейінде биік шыңдары бар Тянь-Шань таулары, сол жақ беткейінде Қаратаудың сілемдері жайылып жатыр. Олардың ортасында егіншілік пен мал шаруашылығына ыңғайлы, аса нулы, сулы алқап орналасқан. Табиғаттың жайлылығы бұл арада адамзаттың байырғы өркениетін жасаған. Оның айғағы, Тянь-Шань тауларының біздің жақ беткейіндегі көне петроглифтер.
Егіншілікпен айналысқан елдің адамдары еңбекқор келеді, балалар да еңбекке оқушы шағынан бастап араласады. Оны өз басымыздан кештік. Соғыстан кейінгі бейнетті балалық шақ туралы қазақ әдебиетінде өлеңдер де, әңгімелер де баршылық. Осы жылдар бізді шынымен шынықтырды. Ата-ананың қадірін, еңбекпен келген нанның, оқудың қадірін білуге үлкен өмірдің өзі үйретті. Соғыстан жеңіспен оралып, жаралы келген әкем Ешенқұлдың өнегесі мен табандылығы, отбасының ауыртпалығын көтерген анам Айбүбінің өмірі және жалпы сол кездегі халықтың тағдыры бізді есейтті.
Сол шақты қазір еске алсам, қиындықтан алып шыққан адамдардың бір-біріне деген айрықша бауырмалдығы және еңбекке деген құлшынысы екен. Мейірім мен еңбекқорлық кімді болсын мұратына жеткізетіні қазіргі заманда көбірек насихатталса деп ойлаймын да, тәуелсіз болған қазақ елінің жастарына үлкендерден дарытатын үлгі ретінде осы қасиеттерді атар едім.
Адамның өмірі өзінен басталмайды. Әркімнің артында аталары мен аналарының тағдыры, көшіп-қонған жолы, айтылып қалған әңгімелері тұрады. Біздің әулетте Жантай, Бейбіт, Сарымсақ, Әкім, Ысқақ, Ешенқұл есімдері осылайша ұрпақтан-ұрпаққа жеткен. Дегенмен ауызша шежіреде есімнің айтылуы немесе бір буынның реті өзгеріп кетуі мүмкін. Сондықтан кейінгі әңгімелерді дәлелденген құжаттық шежіре емес, анамнан естіген әулет жады ретінде жеткіземін.
Анамның әңгімесі бойынша арғы аталарымыз Құлан маңындағы Жантай әулетінен тарапты. Жантай ұлдарының бірі Бейбітке: «Қарағым, мұнда мал жайылымы жетеді, бірақ суы тапшы. Дегерездің күнгей жағына қоныс аудар» деп ақылын айтыпты. Осыдан соң Бейбіт ұлдары, немерелерімен бірге, барлығы он екі шаңырақты бастап, жаңа қоныс іздеп шығады. Сөйтіп, олардың ұрпақтары қазіргі «Жасөркенге» келіпті. Сан ұрпақты асыраған бұл мекенде өсіп-өніпті. Бүгінде әрқайсысы – өркен жайған әулет. Бұл біздің әулетке ғана қатысты жайт емес, бүкіл халықтың жайы осылай болды. Жалпы, біздің халқымыз бүгінгі барлығы да баршылық заманға осындай тағдыр талайын еңсерумен келді. Сондықтан бүгінімізге шүкіршілік деп, тарихтың сабағын ұмытпаған абзал.
Қазіргі кезде тарихты білу мен шежірені тану үдерісі жақсы жүруде деп ойлаймын. Ата тегіңді білгенің өте жақсы. Бірақ руға бөліну, өзіңді өзгелерден асқақтатудан сақтанған жөн. Қазақтың аталықтар, рулар бойынша өмір сүруі белгілі бір тарихи кезеңдердің үлесінде. Бүгін бүтін жұрт, егемен елміз десек, бізді біріктіретін азат Қазақстанның тұтастығы мен берекелі ынтымағы.
«Білмекке құмарлық...»
«Білмекке құмарлық» – Абайдан жеткен ұлағатты сөз. Асылы, адамның кәсіпті, білімді игеруі оның бойындағы ұмтылыстан, яғни құмарлықтан басталады. Біз балалық шағымыздан еңбекке араласып оқуды армандадық. Бізге сол кездегі Жамбыл қаласында, алыстағы Алматыда білім алу мақсат болды да, соған барынша дайындалдық. Бастапқыда қолымыз жеткен ауыл шаруашылық техникумында оқыдық, одан келіп ауылда үлкен еңбекке араластық. Көкейде жоғары оқу орнына түссек деген арман тұрды, бұйыртып оған да жеттік. Алматыдағы байырғы оқу орындарының бірі Ауыл шаруашылық институтында оқыдым. Бұл оқу орны маған тек білім емес, өмірдің университетіндей болды. Көптеген жақсы ұстаздан дәріс тыңдадым, оларды шын ниетіммен құрметтедім, жақсы оқығаныма орай, олар да мені бағалады.
Алпысыншы жылдар Алатау баурайындағы Алматының тамаша кезі деп ойлаймын. Ауасы таза, көгі жайқалған өлеңде «Ару қала», «Арман қала» деп айтылатын Алматының жұпар ауасы таза, көшелерінде жеміс ағаштары төгілген шағы. Қазақстанның барлық өңірінен еңбекпен есейіп келген жастар, сабақтарын үлкен құлшыныспен оқып, достықтары аса шынайы, риясыз болатын. Әр заманның өз ерекшелігі бар. Біз үшін өзіміздің жастық шығамыз, балаларымыздың өзінікі, немерелеріміздің өзінікі деген сияқты. Алайда сол шақтан мен ғажайып тазалықты сезінемін, әсіресе адамдардың өзара қатынастарынан.
Қазіргі жастар бізден әлдеқайда білімді, өйткені оқуға мүмкіндік те, оқудың түрі де өте көп. Тіпті Қазақстаннан тау асып, мұхит асып оқып жатқан жастарымыз баршылық. Әрине, бұған шүкіршілік дейміз. Бәлкім, шетелде жүріп біліммен қоса, туған елінің қадірін сезінер, осындай адами сезім күйі оларға туған Отанына шынайы қызмет ету сезімін де сыйлар деп те ойлаймын. Осындай толғаныс сәттерінде туған тілдерін ұмытпаса, атамекеніне ана тілінде қызмет етсе деген тілекте боламын. Өйткені тіл адамның күнделікті сөйлесетін сөзі ғана емес, тіл дегеніміз – сол халықтың сан қатпарлы тарихи зердесі, ұлтының дәстүрі мен мінезі, жалпы халықты халық ететін құбылыс. Сондықтан дана халқымыз «Ана тілі» деп атаған тіліміздің қадірін жастар түсінсе деймін. Халқымыздың даңқты қолбасшысы, қаһарман Бауыржан Момышұлы: «Қазақ тілі – сұлулығымен бой балқытып, тамыр шымырлататын, жан жүйеңді жандырып, құлақ құрышын қандыратын, өткірлігімен қысылтаяң тұста ер мен елге бірдей медет беріп, адам түгіл жағдайдың өзінің аузына құм құятын ғажайып кемел тіл» депті. Қандай қуатты сөздер, тегеурінді ойлар мен төгіліп түскен толғаныстар десеңізші! Тіл ғасырлар бойы халықты сақтап келсе, енді біздің тілді сақтайтын уақытымыз келді. Осыны әсіресе жастарымыз жақсы ұғынса деймін. «Білмекке құмарлық» өзінің ана тілін білуге талпыныстан туса игі деп ойлаймын.
Балаларымызға өнегелі тәрбие мен қажетті білім беруге барынша тырыстық. Ұлдарымыз бен қыздарымыз, солардан өрбіген ұрпақ сапалы білім алды, алды қызметте, арты заманауи оқу орындарында, шүкіршілік етеміз.
Адам және орта
Осы жасқа келгенде жақсы ұғынғаным: адам ортаны қалай жасаса, орта да адамды тура солай қалыптастырады. Дана халқымыз: «Адамның күні адаммен» дейді. Өте дұрыс тұжырым. Туған ауылым «Жасөркенде», оқуда Алматыда, қызметте әртүрлі ортада жүргенде маған аса бір жақсы адамдар, оның ішінде құрбыларым, замандастарым, достарым, курстастарым, ұстаздарым, қызметтестерім, жалпы игі тілектегі адамдар кездесті. Мысалы, мен және отбасым үшін қазақ даласының байырғы мекені Сарысудың жөні ерекше.
Сарысу мен үшін қызмет атқарған аудан ғана емес, отбасымызға жақын екінші туған жер болды. Онда барлық іс қазақ тілінде жүретін. Жұбайым Жібек мектепте сабақ берді. Балаларымыз сол өңірдегі мектептерде оқыды, екі қызымыз онжылдық білімін сонда аяқтады. Олардың балалық достары да сол елден шықты.
Сарысуда жүргенде халықтың еңбекке деген көзқарасын ерекше бағаладым. Кішкентайынан тірлікке араласатын, жұмысты тек күнкөріс емес, абырой деп білетін адам көп еді. Сол еңбекқорлық пен елдік мінезді ұмытқан емеспін. Күнделікті қалыпты өмірдің өзі бізді тәрбиелейді, жаманнан жиренеміз, жақсыдан үйренеміз, сөйтіп біздің барлық мінезіміз қалыптасады. Әрине, кітаптан немесе ойшыл адамдардың сөздерінен тағылым дарытамыз. Сондай-ақ көркем мінезді қарапайым адамдар да бізге игі әсер етеді. Қызу еңбектің ішінде жүргенде өз басым сондай адамдарды жиі кездестірдім. Данышпан Абай қарасөзінде: «Адамның жақсы болуы тегінде емес, тәрбиесінде, ақылында, өнер-білімінде. Адамға үш алуан адамнан мінез жұғады: ата-анадан, ұстазынан, құрбысынан. Әсіресе, олардың қайсысын жақсы көрсе, содан көп жұғады» депті. Шынында да солай, біз жақсыларға жақын жүрдік, солардың өнегесін сезіндік.
Елде жақсы, ізгі ниеті мол адам көп болса, сол көптің де өмірі жақсы болмақ. Адамға ең алдымен мықты денсаулық, берекелі отбасы, әділетті қоғам, таза табиғат, сапалы білім керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан», «Әділетті қоғам», «Адал азамат» идеяларын ұсынып, бұл үлкен бастамалар тұтас еліміздің баянды мұратына айналуда. Адам баласының лайықты өмір сүруі үшін бұл аса қажет ұғымдар. Ол күнделікті қарапайым тұрмысымыздан бастау алып, үлкен мемлекеттік жұмыстарға дейін ұласады. Қазақ елінің осындай ұлы мұратын көру – біз сияқты ақсақал адамдарға үлкен сенім мен қуаныш. Жастар неғұрлым соны жақсы ұғынуы керек, өйткені жарқын өмір де, жақсы тіршілік те солардікі. Сонда біз бәсекесінің бәсі биік әлемдегі жасампаз елге айналамыз.
Ілияс ЕШЕНҚҰЛОВ,
еңбек ардагері