Бұл жағдай жергілікті төтенше жағдайлар мамандарын алаңдатпай қоймайды. Осындай шақтарда жұқа мұз үстінде болуы мүмкін деген жазатайым оқиғалардың алдын алып отыру олардың әдетіне айналған. Осы мақсатпен Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті кешенді профилактикалық іс-шаралар жүргізіп жатыр.
Қазір қаладағы су айдындарының маңына 270 ескерту белгісі орнатылған. Қосымша белгілерді орнату жұмыстары жалғасып келеді. Су айдындарындағы ахуалды тәулік бойы бақылау және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 152 бейнебақылау камерасы жұмыс істеп тұр. Бұл жайдың бәрін елорданың Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті Төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы Қайырбек Тұрсымбаев жан-жақты айтып берді. Оның сөзінше, су айдындары жағалауында жаяу патрульдеу шарасы ұйымдастырылған. Президент саябағы мен коммуналдық жағажай аумағындағы құтқару бекеттерінде құтқарушылар күн сайын кезекшілік атқарады. Сондай-ақ полиция қызметкерлерімен, балық инспекциясымен және еріктілермен бірлесіп, апта сайын профилактикалық рейдтер өткізіледі. Рейд барысында балықшылар мен тұрғындарға мұз үстінде жүру кезіндегі қауіпсіздік талаптары түсіндіріліп, ақпараттық материалдар таратылып отырады.
– «Мұз» республикалық акциясы аясында су айдындарына жақын орналасқан адам көп жиналатын орындарда түсіндіру жұмыстары күшейтілді. Астана қаласы әкімдігінің Білім басқармасымен бірлесіп, елорданың барлық мектебінде профилактикалық іс-шаралар өткізілді. Оның басты мақсаты – балалардың су айдындарындағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жазатайым оқиғалардың алдын алу және жұқа мұз үстіне шығудың қауіпті екенін түсіндіру, – дейді Қайырбек Тұрсымбаев.
Айта кетерлігі, көк сеңнің үстінде жүрудің де өз тәртібі бар. Оның бәрі Ішкі істер министрінің 2015 жылғы 19 қаңтардағы №34 бұйрығында тәптіштеп жазылған. Сол бекітілген су айдындарындағы қауіпсіздік қағидаларына сәйкес, оның үстінде бір адамның қауіпсіз жүруі үшін қалыңдығы кемінде 10 сантиметр болуы қажет. Ал бұқаралық спорттық және мерекелік іс-шараларды өткізу кезінде қалыңдығы кемінде 25 сантиметрге жетуі керек. Қыста балық аулауды ұнататын азаматтар да қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтамаса болмайды. Қатқан сең қабаты сол 25 см-ден аз болса, ондай жағдайда балық аулауға шыққандардың жанында жеке құтқару құралдары болуға міндетті. Ондай құралдар қатарына құтқару кеудешесі, ысқырық, қатқан судан шығуға арналған арнайы сүймендер, диаметрі кемінде 11 мм және ұзындығы кемінде 12 метр арқан, ұзындығы кемінде 2 метр таяқ, сондай-ақ су өткізбейтін қаптамадағы ұялы телефон жатады. Мұз қатып немесе еріп жатқан кезде, қараңғы уақытта, сондай-ақ көріну деңгейі төмен болған жағдайда су айдындарының бетіне шығуға тыйым салынады.
«Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекстің 412-бабына сәйкес, су айдындарындағы қауіпсіздік қағидаларын бұзғаны немесе орындамағаны үшін оларды сақтауға міндетті тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Жеке тұлғаларға 7 АЕК мөлшерінде айыппұл салу көзделген. Төтенше жағдайлар департаменті қала тұрғындары мен қонақтарын қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға, жұқа әрі толық қатпаған мұз үстіне шықпауға, балаларды су айдындарының маңында қараусыз қалдырмауға және ескерту белгілеріне назар аударуға шақырады. Төтенше жағдай туындаған жағдайда 112 нөміріне дереу хабарласу қажет, – дейді басқарма бастығы.
Мұз жұқалтым болған жағдайда адам өміріне қаншалықты қауіп төндіретінін өткен қыстың статистикасынан да аңғаруға болады. Мәселен, қауіпті оқиғалардың алдын алу мақсатында өткен қыс мезгілінде республика бойынша 30 мыңнан астам рейд пен патрульдеу шарасы ұйымдастырылыпты. Енді соның нәтижесіне қарайық. ТЖМ таратқан мәліметке қарағанда, былтырғы қысқы маусымда елімізде 8 адам мұз үстіндегі жазатайым оқиғалардан қаза тапқан. Одан бөлек, тағы 40 адамды құтқарушылар ажалдан арашалап қалды. Олардың 15-і балалар болып отыр.
Сол үшін қауіпсіздік мәселесінде оның қалыңдығынан бөлек, мына жайттарға да жіті назар аудару керек. Әдетте су айдындарының барлық жерінде қалыңдығы бірдей бола бермейді. Әсіресе өзендердің сағасында, салаларында, ағысы қатты тұстарында, бұлақ көздері мен су өсімдіктері көп жерлерде мұз жұқа әрі әлсіз келеді. Сондай-ақ жылы су мен кәріз сулары келіп құятын аумақтарда беріктігі төмен болады. Қар мен омбы қардың астындағысы да аса қауіпті. Мұндай жағдайда көк сеңнің мығымдығын түсіне қарап-ақ шамалауға болады. Көгілдір түсті болса, ол әлдеқайда мықты деген сөз. Оның қасында ақ түсті түрінің беріктігі одан екі есе төмен екен. Сұрғылт, күңгірт ақ немесе сарғыш реңкті түрлері де сенімсіз саналады. Дегенмен қаншалықты сенімді екенін бір тесіп өлшеп алған артықтық етпейді.
Назар аударатын тағы бір жайт, қыс ортасында ауа райы жылынып кетсе, ол да едәуір қауіп тудыруы мүмкін. Елорданың өзінде осыған қатысты нақты мысал бар. Биыл қаңтарда күннің жылынуына байланысты Есілдің жағалауындағы сырғанақтар мен мұз айдынының жұмысы уақытша тоқтатылғаны есімізде. Сол кезде өзеннің орталық жағажай маңындағы тұсы 37 см-ге дейін қалыңдаса, басқа кейбір тұстарында керісінше 22 см-ге дейін жұқарған. Қалалық департамент осы жайтты дер уақытында ескеріп, тұрғындарды құлақтандырып, шектеу шарасын қолданған болатын.
Бекбол АМАНГЕЛДІ