Қысқа ғұмырында оқырман жүрегіне жол тауып, соңына тағылымды әдеби мұра қалдырды. Жазушының шығармаларындағы сезімталдық пен ізгілік оның адами болмысынан да айқын аңғарылатын. Бүгін біз қаламгердің көпшілік біле бермейтін қырлары, азаматтық болмысы туралы жан жары Риза Әділбекқызымен сырласқан едік.
– Риза апай, биыл Талаптан Ахметжанның туғанына 65 жыл толады. Оқырман оны сыршыл жазушы, парасатты қаламгер ретінде таныды. Ал Сіз оның жан жары ретінде қандай қасиеттерін ерекше бағаладыңыз? Көпшілік біле бермейтін жазушының болмысы қандай еді?
– Тәкеңнің бойында жақсы қасиеті көп еді. Солардың ішінде ерекше бағалайтыным – адамгершілігі, адалдығы, еңбекқорлығы, балажандығы. Ол адалдықты өмірінің өзегіне айналдырған адам еді. Отбасына да, бала-шағасына да, достарына да, атқарған қызметіне де адал болды.
Еңбекқорлығы туралы өз алдына бір әңгіме. Таңның атысынан түннің бір уағына дейін жұмыс істеуден жалықпайтын. Көңілінде бір шығарманың желісі пісіп-жетіліп, ойы маза бермей жүрсе, таңертең ерте тұрып жазатын. Жұмыстан келген соң да түн ортасына дейін қаламын қолынан тастаған жоқ. Қызметте жүріп те бірнеше міндетті қатар алып жүрді.
Тағы бір ерекше қасиеті – қарапайымдылығы. Қандай жоғары қызмет атқарса да, адами қалпынан айныған емес. Жасыратыны жоқ, кейбір адамдар қызметі жоғарыласа, бұрынғы достарын ұмытып, өзінен лауазымы төмен адамдарды менсінбей жататыны бар ғой. Тәкеңнің бойында ондай қасиет мүлде болған жоқ. Өзінің басшысынан бастап, көлік жүргізушісіне дейін бәріне бірдей құрметпен қарайтын. Адамдарды атқаратын қызметіне, қоғамдағы дәрежесіне қарай бөліп-жарған жоқ.
– Талаптан ағаның негізгі мамандығы инженер болған екен. Еңбек жолын өндірістен бастаған азаматтың әдебиет әлеміне бет бұруының сыры неде?
– Тәкең құрылыс институтын тәмамдағаннан кейін Өскемендегі цемент зауытында шебер болып еңбек жолын бастады. Алайда әдебиетке деген құштарлығы бала кезінен қалыптасқан екен. Өзінің айтуынша, мектеп қабырғасында жүргенде жаңадан жарық көрген кітаптарды іздеп жүріп оқитын болған. Әкесі де ауыз әдебиетін жақсы білген, балаларына ертегі айтып, жыр-дастандарды оқып беретін көрінеді. Мұның да Тәкеңнің әдебиетке жақын болуына ықпалы тиген шығар деп ойлаймын.
Сыныптастары да ол туралы қызықты естеліктер айтып отырады. «Біз бір беттік шығарманы әрең жазып жүргенде, Талаптан бес-алты, кейде он бетке дейін жазатын», – дейді. Әдебиет пәнінен сабақ берген Уәш апайы оның шығармаларын бүкіл сыныптың алдында оқып, әр сөйлеміне, әр сөзіне, ойының тереңдігіне тоқталып, оқушылармен бірге талдайтын болған. Ұстазының осындай ықыласы мен қолдауы да оның әдебиетке деген талабын ұштай түскені анық.
Студенттік шағында мақалалары мен шағын өлеңдерін облыстық газет беттерінде жариялап жүрді. 1988 жылы Алматыда өткен үлкен жастар фестиваліне қатысып, «Айқас» әңгімесі үшін жүлделі орын иеленді.
Ол жылдары Алматыда жас ақын-жазушыларға арналған арнайы әдеби курстар ұйымдастырылатын. Белгілі қаламгерлер әдебиетке енді қадам басқан жастардың шығармаларын оқып, талдап, бағыт-бағдар беретін. Тәкең де Әкім Тарази, Қалихан Ысқақ, Оралхан Бөкей сияқты қарымды қаламгерлердің дәрістеріне қатысып, шығармаларына жоғары баға алған. Осының бәрі оның болашақта жазушы ретінде қалыптасуына үлкен әсер етті деп ойлаймын.
– Қаламгердің Өскеменнен Алматыға қоныс аударуына да осы әдебиетке құштарлығы себеп болған секілді.
– Мен мұны үнемі айтып жүремін. Алматыға қоныс аударуымызға, біріншіден, Алланың қалауы болса, екіншіден, Дидахмет Әшімханұлы ағамыз бен Асқар Алтайдың ықпалы болды. Сол кісілер Талаптанға: «Алматыға кел. Мұнда әдеби орта бар, шығармашылықпен айналысуыңа, кітаптарыңды шығаруыңа мүмкіндік болады», – деп жиі айтатын.
Ол кезде Тәкең Шығыс Қазақстанның телерадиосында маман болып жұмыс істейтін. Алматыға келгеннен кейін әуелі «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі болды. Одан кейін «Қазақ әдебиеті» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болып қызмет атқарды. Сөйтіп, әдебиеттегі аға буын өкілдерімен, өзінің ақын-жазушы замандастарымен етене араласып, шығармашылық ортаның ішіне бірден сіңісіп кетті.
– Арман қуып Алматыға келген жас отбасының тұрмыс-тіршілігі қалай қалыптасты? Қаламгерлік жолдың қиындығын бірге өткерген жылдарыңызды қалай еске аласыз?
– Әрине, қиындықсыз болған жоқ. Біздің кезімізде де, қазіргі уақытта да жас отбасылардың алдынан шығатын ең үлкен мәселенің бірі – баспана. Бұрын жас мамандарға мемлекет тарапынан баспана берілетін еді ғой. Ал біз Алматыға көшіп келген тұста заман өзгеріп, ондай мүмкіндік болмай қалды.
Бір пәтерден екінші пәтерге көшіп, біраз қиындық көрдік. Тіпті үлкен қызымызды бір-екі жылға әке-шешемнің қолына қалдыруға мәжбүр болдық. Дегенмен өмір жолымызда қанша қиындық кездессе, сонша жақсы адамдар да жолықты. Сол кісілердің мейірімін, қамқорлығын көрдік. Қиналған сәттерімізде қол ұшын созған азаматтар аз болған жоқ.
Солардың бірі – Заманбек Нұрқаділов ағамыз. Ол кісі сол жылдары Алматыға жан-жақтан келген, баспанасыз жүрген жас отбасыларға үй салу үшін жер телімдерін бергізді. Бізге де Алматының шетіндегі «Шаңырақ» ықшамауданынан алты сотық жер бұйырды. Тәкеңнің досы Асқар Алтай да сол жерден қатарлас жер телімін алды. Сөйтіп, жоқтан бар жасап, өзімізге шағын баспана тұрғыздық.
Тәкеңе ерекше көмек берген азаматтардың бірі – Алтынбек Сәрсенбаев. Талаптан министрлікте бір мекеменің меңгерушісі болып қызмет атқарды. Министрлік қызметкерлеріне пәтер беретін кезде Талаптан да өтініш жазған ғой. Министр «неше баласы бар?» деп сұрапты. Ол кезде үш баламыз бар, төртінші балама аяғым ауыр. «Үш баласы болса, үш бөлме берілсін» деп қол қойыпты. Қазір тұрып жатқан пәтеріміз – сол министр берген баспана.
– Ол кісінің шығармаларына арқау болған кейіпкерлер бар ма?
– Әрине, болды. Өскеменде тұрған жылдары да бірнеше пәтер ауыстырдық. Үй иесінің көбі орыс ұлтының өкілдері еді. Сол кісілердің бейнесі әлі күнге дейін көз алдымда. Тіпті олардың бірі Тәкеңнің кейіпкеріне айналды.
Алғаш шаңырақ көтерген жылдары Тоня әжейдің пәтерін жалдап тұрдық. Жалғызілікті кісі болатын. Кейін сол кісі туралы Тәкең «Тозақ оты» шығармасына арқау етті.
Одан кейін Шоссейная деген көшеде Дуся әжейдің үйін жалдап тұрдық. Бір қызығы, бүгінде сол маңайдағы көшелердің біріне Талаптанның есімі берілген. Шағын ғана көше болса да, соған ризамыз. Қазір сол көшеде Талаптанның бауыры отбасымен тұрады. Үйлеріне қонаққа барған сайын көше атауынан Тәкеңнің есімін көріп, бір қуанып қаламыз.
– Екеуіңіз Қалтай Мұхамеджановтың «Пай-пай, жұбайлар-ай!» қойылымына дайындық кезінде танысып, Талаптан ағаға вальс билеуді үйреткен екенсіз. Сахнада басталған сол таныстықтың махаббатқа ұласқан шағын қалай еске аласыз?
– Сахнада танысқан шағымыз бірте-бірте достыққа ұласып, кейін Тәкең сезімін білдіріп, туған күніме өлең жолдарын сыйлап, достарымыздың алдында оқып берді. Жаны нәзік, жақсы адам екені мінезінен, болмысынан сезіліп тұратын. Тойымыз 1 қыркүйекте өтті. Жарықтық Тәкең «Бұл күн ұмытылмайтын болды. Болашақта балаларымыз мектепке барған сайын осы күнді ерекше тойлайтын боламыз» дейтін еді.
– Жазушының «Сұлу мен суретші» шығармасын оқығанда оның сұлулық пен махаббатты ерекше қастерлегенін аңғарамыз. Ал өмірде жазушы Сізге деген сезімін қалай білдіретін еді?
– Тәкең өте биязы, мінезі жібектей жан еді. Сезімін де көбіне өлеңмен жеткізетін. Оның маған деген қамқорлығы күнделікті тіршіліктегі қарапайым әрекеттерінен-ақ аңғарылатын. Әлі есімде, жұмысқа орналасып, алғашқы айлығын алғанда радио сатып алып келіпті. Ол кезде өз алдымызға пәтер жалдап, енді ғана шаңырақ көтеріп жатқан шағымыз. Үйімізде теледидар да, радио да жоқ болатын. Тұңғышымыз Бұлбұлға ойыншық сары балапан әкеліпті. «Мен жұмыста жүргенде мына радионы қосып қойып, әлемде болып жатқан жаңалықтардан хабардар болып отырасың, ән тыңдайсың», – деген еді. Тұрған пәтеріміздің екі үлкен терезесі болатын. «Саған теледидардың да қажеті жоқ-ау, мына екі терезеден-ақ бүкіл ауылдың жаңалығын көріп отырасың», – деп қалжыңдайтын.
Көңілімде ерекше сақталып қалған тағы бір оқиға бар. Тұңғышыма аяғым ауыр кез еді. Бір күні таңертең оянып, ыстық бәліш жегім келіп: «Шіркін, қазір бір ыстық бәліш болса ғой», – дедім. Тәкең көп ұзамай сыртқа шығып кетті. Ол келгенше шайымды қойып, дастарқан жайып, күтіп отырдым. Ол кезде жер үйде тұратынбыз. «Қайда кетті екен?» деп қайта-қайта терезеге қараймын. Біраздан соң Тәкең де келді. Үстінде қоңырқай түсті күртешесі бар еді. Үйге кірген бойда күртешесінің түймелерін ағытып, ішінен бір нәрсе шығара бастады. Сөйтсем, маған ыстық бәліш әкеліпті.
Үйімізден үш аялдамадай төменірек жерде ыстық бәліш пісіретін аспаздық болатын. Студент кезімізде сол жерге жиі барып, бәліш сатып алатынбыз. Тәкең менің бірауыз сөзімді жерге тастамай, ерінбестен автобусқа мініп, сол жерге барып келіпті. Бәліш суып қалмасын деп күртешесінің ішіне салып, бауырына басып әкелген ғой. Осындай сәттерді қалай ұмытасың?! Оның маған деген махаббаты мен мейірімі осындай қарапайым, бірақ жүрекке жылу сыйлайтын әрекеттерінен көрінетін. Қазір ойласам, сол бір күндер нағыз қимас кезеңдер екен...
– Әңгімеңізден байқасақ, аға өте мейірімді, биязы адам болған секілді. Ол кісінің балаларына деген қамқорлығы да бөлек болған шығар. Балаларының бойынан әкесінің қандай қасиеттерін көресіз?
– Тәкеңнің артында төрт перзенті қалды. Жазушы Марат Қабанбайдың отбасымен көрші тұрдық. Қиналып, көзіме жас алған сәттерде Сәуле апайымыз үнемі жанымнан табылып, жұбатып отыратын. «Жылама, айналайын! Алдыңда төрт перзентің өсіп келеді. Бірінің сөзі, бірінің көзі, енді бірінің мінезі әкесіне ұқсайды. Ендігі жерде солардың амандығын тіле», – дейтін. Расында да, балаларымның әрқайсысынан Тәкеңнің бір қасиетін көремін. Түр-келбеті, мінезі, болмысы әкелерінен аумайды. Тәкеңнің әдебиетке, өнерге деген сүйіспеншілігі де балаларына дарыған секілді.
Тұңғышымыз Бұлбұл әкесі сияқты өте еңбекқор. Ләззатымыз әкесі секілді сурет салуға бейім, музыканы жақсы көреді. Әйгерім бала күнінде өлең жазатын. Қазақ әдебиетін де, шетел әдебиетін де ерекше сүйіп оқиды. Шығыстану факультетін тәмамдады. Тіпті дипломдық жұмысында корей жазушысы мен әкесінің шығармаларын салыстыра отырып, олардың шығармашылық үндестігі мен өзіндік ерекшеліктерін зерттеді. Кенжеміз Мағжан да жоғары оқу орнын бітірді. Оның салмақтылығы, сабырлы мінезі әкесін еске салады.
Балаларыма үнемі: «Әкелеріңнің атына кір келтірмеңдер, оның абыройын аласартпаңдар» деп айтып отырамын. Әке есіміне құрметпен қарау, оның адамдық қасиеттерін бойға сіңіру перзент үшін үлкен жауапкершілік қой. Шүкір, балаларым «Талаптанның баласы» деген атқа дақ түсірмей, әке өнегесін өмірлеріне өзек етіп, әрқайсысы өз жолымен келе жатыр. Төртеуінің бойынан Тәкеңнің болмысын көрген сайын оның ғұмыры перзенттері арқылы жалғасып жатқанын сезінемін. Мен үшін бұдан асқан медет, бұдан асқан жұбаныш жоқ.
– Әңгімеңізге көп рақмет!
Сұхбаттасқан
Гүлзина БЕКТАС