Энергетика саласы қай аймақтың да әл-ауқаты мен экономикасын бағамдайтын қозғаушы күш саналатыны белгілі. Бұл тұрғыдан алғанда Каспий теңізінің маңындағы облыста атқарылған істер жетерлік.
ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІК НЫҒАЙДЫ
Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен елімізде «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы қолға алынған болатын. Өңірдің тіршілік нәрі саналатын «МАЭК» энергокомбинаты мен электр-жылу желілеріне жаңа тыныс берілді. 2025 жылғы және 2026 жылдың алғашқы он айындағы нақты нәтижелерге қарайтын болсақ, Маңғыстаудың энергетикалық қауіпсіздігі берік нығайып, «жасыл» экономикаға сенімді қадам басқанын көреміз.
Жалпы, аймақ үшін энергетика саласының маңызы өте зор. Себебі тұрғындар саны 800 мыңнан асты, туризм мен мұнай-газ секторындағы жаңа өндіріс орындары іске қосылды. Осы арқылы электр энергиясына деген сұраныс жыл сайын орта есеппен 6-8 пайызға артып келеді.
Былтыр өңір энергетикасы үшін ірі жөндеу мен жүйелі жаңару кезеңі болды. Ең алдымен, бүкіл облысты жарықпен, жылумен және ауызсумен қамтамасыз етіп отырған стратегиялық нысан – «МАЭК» ЖШС қуаттарын қалпына келтіруге Үкімет резервінен арнайы қаражат бөлінді. №2 ЖЭС энергоблогы толық жөндеуден өтті. Сонымен қатар ЖЭО-2-дегі қазандық агрегаты мен турбинаға, ЖЭО-1-дегі қазандық жабдықтарына жөндеу жұмыстары жүргізілді. Осы арқылы өңір тұрғындарын үздіксіз жылумен, жарықпен және ауызсумен қамтамасыз етуге мүмкіндік туды, алдағы онжылдықтарға арналған берік энергетикалық қордың негізі қаланды. Сонымен қатар инфрақұрылымның тозу деңгейін төмендету мақсатында Ақтау қаласының 4 және 5-шағынаудандарында 41 шақырымнан астам жылу желісін жаңарту жұмыстары басталды.
Ал 2026 жылы ұлттық жоба аясында облыста 517 шақырым инженерлік желіні жаңғырту жоспарланып, осы мақсатқа 78 млрд теңге көлемінде инвестиция қарастырылғанын айта кетейік. Қаржының шамамен жартысы жылу желілерін жаңартуға бағытталмақ. Бір ерекше атап өтер жайт, 2026-2027 жылдардағы жылыту маусымына дайындық барысында қазан айына дейін барлық негізгі жөндеу жұмыстары дер кезінде аяқталып, желілердің тозу көрсеткіші айтарлықтай төмендеді.
Маңғыстау облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының дерегінше, биыл салаға бағытталған қаржы өңір тарихындағы ауқымды инвестициялардың бірі ретінде саналады. Жылыту маусымына дайындық жұмыстары белгіленген кестеге сай қазан айына дейін толық аяқталды.
Өңірдің экономикалық өсімі мен халық санының көбеюін ескере отырып, жаңа қуат көздерін салу ісі де қарқынды жүргізіліп жатыр. Оның бірқатарын атап та айта аламыз. «Ақтау энергетикалық компаниясы» ЖШС базасында құны 108 млрд теңгені құрайтын, қуаты 160 МВт заманауи бу-газ қондырғысының құрылысы бойынша инвестициялық келісімге қол қойылды. Қаржыландырудың 70 пайызын қытайлық серіктес қамтамасыз етеді. Нысанды 2027 жылы пайдалануға беру жоспарланған.
Ал «МАЭК» базасында электр қуаты 500 МВт-қа дейін және жылу қуаты 560 Гкал болатын жаңа энергоблоктар мен Ақтау қаласына арналған жаңа орталық қазандық салу жобалары іске асырылуда. Инвестициялық тиімділік те едәуір артқанын көреміз. Мысалы, 2025-2026 жылдары салада инвестициялық бағдарламалар 101 пайызға орындалып, 6 млрд теңге көлемінде қосымша инвестиция тартылған.
Осы тұста қазір «Батыс аймақтың электр желілерін күшейту» жобасы аясында Батыс энергия торабын Қазақстанның Біртұтас электр энергетикалық жүйесімен біріктіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын айта кетейік. Бұл – апаттық өшулердің алдын алып, өңірдің энергетикалық тәуелсіздігін түбегейлі шешетін тарихи жоба.
ТАБИҒАТ БАЙЛЫҒЫ – ЕЛ ИГІЛІГІНЕ
Табиғи климаты жел мен күн энергиясын өндіруге өте қолайлы Маңғыстау өңірі бүгінде баламалы энергетиканың басты орталықтарының біріне айналды. Қазір облыс желілеріне жалпы белгіленген қуаты 185,6 МВт болатын 8 жаңартылатын энергия нысаны қосылып, өңір экономикасына тұрақты қызмет етіп келеді. Олардың қатарында Түпқарағандағы, нақтырақ айтсақ, Форт-Шевченко маңындағы 43,6 МВт және Ақшұқырдағы 5 МВт станциялар, Қарақия ауданындағы «Сарқылмас Қуат», 4 жел электр станциясы және Маңғыстау мен Мұнайлы ауданындағы 3 күн электр станциясы бар.
Өңірдің «жасыл» энергетика саласында да айтарлықтай өсім бар. Мәселен, 2025 жылдың қорытындысы бойынша «Маңғыстау өңірлік электртораптық компаниясы» желілері арқылы жел және күн электр станциялары өндірген 244,5 млн кВт сағат таза электр энергиясы тасымалданды. Биыл қуаты 20 МВт болатын Stellar Energy күн электр станциясы іске қосылды. Бұның бәрі аймақ билігінің «жасыл» энергетика саласына мықтап көңіл бөліп отырғанын аңғартады.
Энергетика министрлігі де бұған дейін Маңғыстау облысын еліміздегі жаңартылатын энергия көздері мен «жасыл» сутегі жобаларын дамытудың басты алаңы ретінде бағалауы тегін емес. Өңірдің жел мен күн әлеуеті өте жоғары. Жұмыс істеп тұрған 8 нысаннан бөлек, ірі халықаралық инвесторлардың қатысуымен жүзеге асатын мегажобалар батыстағы аймақтардың энергетикалық теңгерімін жаңа деңгейге шығарады.
Маңғыстау облысында халықаралық Svevind Group компаниясы қатысатын Hyrasia One «жасыл» сутегі мегажобасы әзірлену үстінде. Жоба аясында ауқымды жел және күн электр станцияларын салып, өндірілетін энергияны жасыл сутегі өндіруге пайдалану көзделген. Қазір жобаның техникалық және инфрақұрылымдық мәселелері пысықталуда. Жоба аясында 40 ГВт-қа дейін жел және күн электр станцияларын салу және жылына 2 миллион тоннаға дейін «жасыл» сутегі өндіру жоспарланған. Бұл әлемдегі ең ірі «жасыл» энергетикалық жобалардың бірі болуы мүмкін. Егер жұмыстар жеделдеп, құрылыс басталар болса, Маңғыстау өңірінің энергетика саласын, соның ішінде «жасыл» энергетика бағытындағы адымын жемісті санауға болады.
Түйіндей айтқанда, кейінгі екі жылда атқарылған кешенді жұмыстар Маңғыстау облысының энергетикалық инфрақұрылымын жаңа сапалық деңгейге көтерді. Қолданыстағы қуат көздерін жаңғырту мен «жасыл» технологияларды ұштастыру арқылы өңір өзінің тұрақты дамуына берік іргетас қалады.
Мадияр ТӨЛЕУ