Осы ерекшеліктерді танып-білуге мүмкіндік беретін білім ордасының бірі – Анкарадағы Қажы Байрам Уәли университеті. Мұнда қазақ тілі мен әдебиеті бакалавриаттан бастап докторантураға дейін оқытылады.
Түрік жастары қазақ тілін үйреніп қана қоймай, Алаш әдебиетін зерттеп, қазақ қаламгерлерінің шығармаларын түрік тіліне аударып жүр. Қазақ музыкасы мен домбырасына қызығатын жастардың да қатары артып келеді. Жалпы, Қазіргі түркі тілдері мен әдебиеті кафедрасында әзербайжан, түрікмен, қазақ, қырғыз, өзбек, ұйғыр, татар, башқұрт, алтай, хакас, тыва, саха сияқты түркі тілдері оқытылады. Кафедраның басты ерекшелігі – студенттерге тек тіл үйретумен шектелмей, сол тілде сөйлейтін халықтардың ауыз әдебиетін, жазба мұрасын және тарихын қатар таныстыру. Біз Түркияда қазақ тілінің оқытылуы, студенттердің қызығушылығы мен екі ел арасындағы академиялық байланыс туралы университет оқытушыларымен әңгімелескен едік.
Қажы Байрам Уәли университетінің PhD докторы Зейнеп Асланның айтуынша, кафедрадағы ауқымды бағдарлама студенттерге түркі дүниесінің тілдік және мәдени алуандығын салыстыра зерттеуге жол ашады.
– Студенттер бірнеше түркі тілімен танысады. Бірақ төрт жыл ішінде олардың бәрін бірдей терең меңгеру мүмкін емес. Сондықтан бағдарлама бір негізгі тілді терең үйренуге, ал қалған тілдерді салыстырмалы түрде тануға құрылған. Түлек бір тілді еркін сөйлей алады, ал туыс тілдердегі мәтіндерді оқып, түсінуге қабілетті болады. Түркі тілдерінің жақындығының арқасында жақсы дайындалған студент екінші, үшінші тілді де өз бетімен тез меңгере алады, – дейді Зейнеп Аслан.
Студенттер не үшін қазақ тілін таңдайды?
Зейнеп Аслан түрік жастарының қазақ тілін таңдауына ықпал ететін бірнеше факторды атап өтті. Оның байқауынша, ең алдымен, мәдени жақындық пен тарихи таныстық маңызды. Түрік студенттері қазақтың дала мәдениетіне, жыраулар поэзиясына, Абай мен Мұхтар Әуезовтің шығармашылығына қызығады. Екінші себеп – кәсіби мүмкіндік. Қазақстан мен Түркия арасындағы сауда, білім, туризм және дипломатия салаларындағы байланыстар кеңейген сайын қазақ тілін білетін мамандарға деген қажеттілік те артып келеді. Үшінші себеп – жеке қызығушылық. Кейбір студенттердің Қазақстанда достары немесе туыстары болса, енді біреулері қазақ музыкасы мен киносы арқылы тілімізге ден қойған.
Бұл пікірді Қажы Байрам Уәли университетінің профессоры Жәмилә Кынаджы да қуаттайды. Оның айтуынша, кафедрадағы студенттердің арасында қазақ тілін таңдайтындардың үлесі жоғары. Мұның үлкен себебі – Қазақстан мен Түркия арасындағы саяси, экономикалық және мәдени байланыстың нығаюы.
Профессор кафедраның қалыптасу тарихына да тоқталды. Оның сөзінше, Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін түркі мемлекеттері мен халықтарын зерттейтін, олардың тілдерін білетін мамандарға қажеттілік артқан. Осы сұранысқа байланысты Түркияда түркі тілдерін оқытатын кафедралар ашыла бастаған. Алғашқыларының бірі 1992 жылы Анкара университетінде құрылса, Гази университетіндегі кафедра 1993 жылы ашылған. Бүгінде кафедра өз жұмысын Қажы Байрам Уәли университетінде жалғастырып келеді.
– Біздің кафедраның ашылуы түркі мемлекеттерінің тәуелсіздік алуымен тұспа-тұс келді деуге болады. Бастапқыда студенттерге екі тілде қатар білім берілетін. Мәселен, қазақ пен қырғыз тілдері жақын болғандықтан, бірге оқытылды. Әзербайжан мен түрікмен, өзбек пен ұйғыр тілдері де осылай топтастырылды. Қазір оқу жүйесі өзгерді. Студенттер бірінші және екінші курста түрлі түркі тілімен танысады, ал үшінші курстан бастап бір тілге терең маманданады, – дейді Жәмилә Кынаджы.
Оқытушының пікірінше, студенттердің қазақ тілін таңдауына Қазақстанмен байланыс орнатудың салыстырмалы түрде қолайлылығы да әсер етеді. Ол мұны басқа түркі халықтарының тілдерін үйренуге қызығатын студенттердің мүмкіндіктерімен салыстырады. Мысалы, ұйғыр тілін терең меңгерген студент үшін Қытайға барып тәжірибе жинау оңай емес. Иран аумағындағы түркі халықтарын зерттеуге қызығатын жастар үшін де белгілі бір шектеулер бар. Ал Татарстанға барып, тәжірибе жинауды ойлаған студенттер Ресейдегі қазіргі жағдайды ескереді.
– Қазақ тілін терең үйренуге мұндай кедергілер жоқ. Оның үстіне, Түркия мен Қазақстан арасындағы байланыс күннен-күнге нығайып келеді. Қазақстанның елшілігі де Түркияда көптеген мәдени іс-шара өткізеді. Бізді де жиі шақырады. ТҮРКСОЙ ұйымдастыратын шараларға да қатысамыз. Студенттер осындай кездесулерге барып, Қазақстанды жақынырақ таниды. Сөйтіп, қазақ тілін үйренгеннен кейін осы елге барып, жұмыс істеуге немесе білімін жалғастыруға мүмкіндік бар екенін түсінеді, – дейді профессор.
Музыка – тілге бастайтын әлем
Қазақ тілін таңдауға кәсіби және академиялық себептермен қатар, өнер мен мәдениеттің де ықпалы зор. Жәмилә Кынаджының айтуынша, соңғы жылдары түрік жастары арасында қазақ музыкасына, әсіресе домбыра үніне қызығушылық артып келеді. Студенттер интернет арқылы қазақша әндерді тыңдап, ұлттық аспаптың ерекшелігін танып жүр. Кейбірі домбыра тартуды өз бетінше үйренуге де талпынады.
Профессор «Тұран» этно-фольклорлық ансамблінің әндері Түркия жастары арасында жақсы тыңдалатынын, сондай-ақ «Хас Сақ» тобының да өз тыңдармандары бар екенін айтты. Музыка арқылы басталған қызығушылық бірте-бірте қазақ тілі мен мәдениетін тереңірек тануға ұласады.
– Биыл кафедраға келген бес-алты студент қазақ тілін белгілі бір деңгейде үйреніп келді. Олардың кейбірі домбыра шерте алады. Әрине, қазақтың кәсіби күйшілері сияқты орындамаса да өз қызығушылығы үшін үйренгені бізді қуантады. Балалар қазақ музыкасын тыңдайды, домбыраға қызығады. Кейде тілді үйренуге деген алғашқы ынта осындай өнерден басталады, – дейді ол.
Қазақ тілін үйретудің өз ерекшелігі бар
Түрік және қазақ тілдерінің туыстығы қазақ тілін үйренуді біршама жеңілдетеді. Екі тілдің сөзжасам жүйесінде, дауысты дыбыстардың үндестігі мен сөйлем құрылымында және негізгі сөздік қорында ұқсастық көп. Сондықтан түрік студенттері алғашқы айлардың өзінде қарапайым мәтіндерді түсіне бастайды. Дыбыстық сәйкестіктерді меңгергеннен кейін сөздік қоры да жылдам толығады.
– Екі тілдің жақындығы – үлкен артықшылық. Бірақ кейде осы жақындықтың өзі кедергі болуы мүмкін. Студент түрікше ойлап, сөзді тікелей аударуға тырысады. Сондықтан сабақта ұқсастықтарды ғана емес, айырмашылықтарды да арнайы көрсетіп отырамыз, – дейді Зейнеп Аслан.
Оқытушылардың айтуынша, қазіргі уақытта оқу материалдарын табу бұрынғыдай қиын емес. Бұған дейін Түркиядағы студенттер мен оқытушылар қазақ тіліндегі кітаптарды Қазақстанға барған кезде өздері алып келетін. Қазір интернетте оқулықтар, сөздіктер, түрлі оқу құралдары мен қосымша материалдар жеткілікті.
Сабақ барысында Қазақстан мен Түркияда жарық көрген еңбектер қатар қолданылады. Түркияда дайындалған оқулықтардың артықшылығы – түрік студенттеріне таныс грамматикалық терминдер мен салыстырмалы түсіндірмелердің берілуі. Мәселен, Кенан Коч пен Оғуз Доғанның «Қазақ түркісінің грамматикасы», Нергис Бирай мен Экрем Аянның «Қазіргі қазақ түркісі» атты еңбектері және түрікше-қазақша сөздіктер пайдаланылады. Осы орайда профессор Жәмилә Кынаджы «Тіл-Қазына» орталығының оқу материалдарына да тоқталды. Орталық әзірлеген А1, А2 деңгейіндегі оқулықтар мен сайттағы материалдар сабақта қолданылады.
Қазақ әдебиеті түрік тіліне аударылып жатыр
Кафедрадағы қазақ тілін оқыту жұмысы тек тілдік дағдыларды қалыптастырумен шектелмейді. Студенттер қазақ әдебиетінің әр кезеңін зерттеп, көркем шығармаларды түрік тіліне аударуға да атсалысады. Оқу бағдарламасында қазақ тілі, әдебиеті мен тарихы өзара сабақтастықта оқытылады.
Профессор Жемилэ Кынажының айтуынша, кафедра шәкірттері арасында қазақ әдебиетін зерттеп, аударма саласында нәтижелі жұмыс атқарып жүргендер бар. Соның бірі – Сабина Сайд. Ол қазақ жазушысы Роза Мұқанованың драмалық шығармаларын түрік тіліне аударып, оларды талдаған. Кейін осы жұмысының негізінде аударма кітабын шығарған. Жинақты Жәмилә Кынаджының өзі редакциялаған. Бұл еңбектің жарық көруіне Еуразия жазушылар одағы қолдау көрсеткен.
Профессордың қазақ әдебиетіндегі сүйікті жазушысының бірі – Бердібек Соқпақбаев. Ол жазушының «Менің атым Қожа» шығармасын түрік тіліне аударған. Сондай-ақ магистранттарының біріне «Өлгендер қайтып келмейді» романын зерттеу тақырыбы ретінде ұсынған. Хусейн Варол есімді магистрантымен бірге шығарманы түрік тіліне аударып, «Ölüler geri gelmez» атауымен дайындаған. Кітап Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдық мерейтойына орай Алматыда өткен шара аясында да таныстырылыпты. Аударманың жарық көруіне ТҮРКСОЙ қолдау көрсеткен.
Қазір кафедра оқытушысы тағы бір маңызды аударма жобасын қолға алып отыр. Магистрантымен бірге жазушы Баққожа Мұқайдың «Өмірзая» романын түрік тіліне аударған. Енді шығарманы баспадан шығару жолдарын қарастырып жүр.
Білім мен тәжірибе алмасуға мүмкіндік мол
Хажы Байрам университетінің Қазақстандағы жоғары оқу орындарымен де байланысы жолға қойылған. Университет әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетімен және Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетімен келісімдер жасаған.
Жәмилә Кынаджының айтуынша, академиялық әріптестік студенттердің білімін тереңдетіп қана қоймай, қазақ тілін табиғи ортада меңгеруіне мүмкіндік береді. Соның арқасында студенттер академиялық мобильділік бағдарламасы арқылы шетелде бір семестр оқи алады.
Кафедра түлектерінің болашақта жұмысқа орналасуына да мүмкіндік жеткілікті. Профессордың айтуынша, олардың бір бөлігі мұғалімдік қызметті таңдайды. Сонымен қатар елшіліктерде, министрліктерде және түркі дүниесіне қатысты жұмыс істейтін мекемелерде еңбек ететіндер бар. Түлектердің арасында ТҮРКСОЙ-да, Түркияның Мәдениет министрлігінде қызмет атқаратындар да кездеседі. Кейбірі Бішкектегі Манас университетінде және Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде жұмыс істеп жүр.
Жалпы, Анкарадағы кафедраның тәжірибесінен байқағанымыз, қазақ тілі тек оқулық пен грамматикалық ережеге сүйеніп оқытылып жатқан жоқ. Тілді үйренуге тарихи жырлар, көркем әдебиет, музыка, академиялық байланыс пен жеке қызығушылықтар қатар ықпал етуде. Қос ұстаздың әңгімесінен түйгеніміз, түрік жастары қазақ тілін үйрену арқылы тек жаңа тілді меңгеріп қана қоймай, өздеріне тарихы мен мәдениеті жақын халықтың рухани әлеміне де қызығушылық танытады. Бұл қызығушылықты біліммен, тәжірибемен және шығармашылық ізденіспен ұштастыру екі ел арасындағы мәдени байланыстың нығаюына қызмет етпек.
Айгүл СЕЙІЛ