Алайда бұл мақсатқа жету үшін оқырманның кітапқа деген қызығушылығын арттырумен қатар, кітапханалардың да жағдайын жақсарту қажет. Өйткені бір жерде заманауи құрал-жабдықпен қамтылған, жаңа жобаларды жүзеге асырып жатқан кітапханалар болса, енді бір өңірлерде әлі күнге дейін апатты ғимараттарда жұмыс істеп тұрғандары бар. Ендеше өңірлік кітапханалардың бүгінгі ахуалы қандай? Кітап қоры оқырман сұранысына сай жаңарып жатыр ма? Кітапханаларды заман талабына бейімдеу үшін қандай жұмыстар қолға алынған? Осындай сауалдардың жауабын сала мамандарынан сұрап білдік.
Кітапхананы сақтап қоймай, дамытуымыз керек
– Президентіміз кейінгі кезде кітапханалардың жай-күйі мен олардың қоғамдағы маңызына назар аударып келеді. Осы орайда өңірдегі кітапханалар желісінің қазіргі материалдық-техникалық жағдайы қандай? Жалпы, жағдайы сын көтермейтін кітапханалармен қалай жұмыс жүргізіліп жатыр?
Анар НУРИҚЫЗЫ,
Құрманғазы аудандық ОКЖ басшысы:
– Құрманғазы аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты бүгінде барлығы 28 кітапхана халыққа қызмет көрсетіп келеді. Оның ішінде аудандық орталық кітапхана, аудандық балалар кітапханасы және 26 ауылдық кітапхана бар. Әрине, олардың материалдық-техникалық жағдайы біркелкі деп айта алмаймыз. Кейбірі жеке ғимараттарда орналасып, қалыпты жағдайда жұмыс істеп отырса, бірқатарының орналасу мәселесі әлі де өзекті.
Қазір ерекше назар аударуды қажет ететін нысандардың қатарында Лабай және Үштаған ауылдық кітапханаларын атап өтуге болады. Олар клуб ғимараттарының ішінде орналасқан. Бұл ғимараттардың техникалық жағдайы талапқа толық сай емес, апатты деп танылған нысандарда жұмыс істеп отыр. Мұндай жағдайда кітапхананың өз қызметін толыққанды ұйымдастыруы, кітап қорын талапқа сай орналастыруы, оқырманға жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруы белгілі бір деңгейде шектеледі. Дегенмен кітапханашылар қалыптасқан жағдайға қарамастан, ауыл тұрғындарына қызмет көрсетуді тоқтатқан жоқ. Күнделікті жұмысын жалғастырып, түрлі іс-шара өткізіп келеді. Сонымен қатар аудан кітапханаларының бірқатары мәдениет үйлерінде, клуб ғимараттарында, мектептер мен ауылдық округ әкімдіктерінің ғимараттарында орналасқан. Аудандық орталық кітапхананың жеке ғимаратының болмауы да өзекті мәселенің бірі.
Дегенмен материалдық-техникалық базаны нығайту бағытында оң өзгерістер де бар. Жергілікті әкімдік тарапынан кітапхана саласына қолдау көрсетіліп, 2025 жылы кітапханалардың материалдық-техникалық базасын жақсарту, қызмет сапасын арттыру және оқырманға қолайлы жағдай жасау мақсатында жергілікті бюджеттен 95 927,0 мың теңге көлемінде қаражат бөлінді. Кітапханаларды цифрлық құрылғылармен қамтамасыз ету аясында компьютерлер жиынтығы, принтерлер, планшетті сканерлер, LED экран және LED жүгірмелі жолақ алынды.
Ғимарат жағдайын жақсарту бағытында да нақты ілгерілеушіліктер бар. Мәселен, биыл Теңіз, Асан және Қызылоба ауылдық кітапханалары жаңа ғимаратқа, клубпен бірге берілген нысандарға орналастырылды. Бұл – ауыл тұрғындары үшін де, кітапхана қызметкерлері үшін де маңызды жаңалық.
Ауданнан шалғай оналасқан Азғыр, Қоңыртерек ауылдық кітапханалары қатты отынмен жылытылады. Бұл да қыс мезгілінде жұмыс барысын ұйымдастыруда қосымша жауапкершілікті талап етеді. Біздің тарапымыздан материалдық-техникалық жағдайы төмен кітапханаларға тұрақты түрде назар аударылып, олардың қажеттіліктері зерделеніп отырады.
Мереке АЙНАҚҰЛОВ,
Тұрар Рысқұлов аудандық ОКЖ директоры:
– Бүгінде Т.Рысқұлов аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты 31 кітапхана тұрғындарға қызмет көрсетіп келеді. Жалпы, кітапханалардың материалдық-техникалық жағдайын нашар деп айтуға болмайды. Әрине, уақыт талабына сай жаңғыртуды, жөндеу жұмыстарын қажет ететін нысандар да бар. Дегенмен қолда бар мүмкіндіктерді тиімді пайдалана отырып, кітапханалардың жұмысын жандандыру және оқырманға қолайлы жағдай жасау бағытында жұмыстар жүргізілуде.
Кітапханалардың басым бөлігі мәдениет үйлерінің ғимараттарында орналасқан. Мұны мәдени-ағартушылық мекемелердің өзара сабақтастығы деп қарастыруға болады. Оның өзіндік тиімді тұстары да бар. Сонымен қатар кітапханалардың жеке кеңістігін қалыптастыру, оқырман залдарын заманауи талаптарға сәйкестендіру – матералдық-техникалық базасын нығайту бағытындағы жұмыстар біздің ауданның ғана емес, жалпы еліміздегі кітапханалардың бәріне ортақ мақсаттың бірі. Бұндай ауқымды міндеттерді бір жылдың немесе бір ғана мекеменің күшімен толық шешу мүмкін емес. Алайда кітапхана саласына деген мемлекеттік көзқарас соңғы жылдары жаңа мазмұнға ие болып келеді. Мемлекет басшысының өзі кітапханалардың қоғамдағы рөліне, кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға, осы сала инфрақұрылымын дамытуға ерекше назар аударып отыр. Бұл – біз үшін үлкен мүмкіндік әрі жауапкершілік.
Гүлжанат ШАЙБЕКОВА,
Ақтоғай аудандық ОКЖ директоры:
– Бүгінде Ақтоғай аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесіне қарасты 18 кітапхана халыққа қызмет көрсетеді. Оның екеуі – аудандық орталық және балалар кітапханасы, қалған 16-сы – ауылдық кітапхана филиалдары. Соңғы екі жылда аудан кітапханаларының материалдық-техникалық базасын нығайту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда, Қарағанды облысы кітапханаларын модернизациялау жөніндегі Жол картасы аясында олардың материалдық-техникалық базасы қажетті деңгейде жаңартылып, қызметіне қажетті заманауи мультимедиалық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді.
Ауылдық кітапхана филиалдарының 6-ы – мәдениет үйлерінде, 10-ы ауылдық әкімшілік ғимараттарында орналасқан. Орталық және балалар кітапханалары Ақтоғай ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясына қарасты ғимаратта жұмыс істеп жатыр. Қазір аудан бойынша күрделі жөндеуді қажет ететін немесе апатты жағдайда тұрғандары жоқ.
Кітап оқуды қоғамдық мәдениетке айналдырамыз
– Елімізде «Кітап оқитын ұлт» қалыптастыру мәселесі жиі айтылып жүр. Алайда бұл бастаманың жүзеге асуы кітапханалардың жағдайы мен кітап қорының сапасына да тікелей байланысты. Бүгінде сіз басқаратын кітапханада оқырман сұранысына сай жаңа әдебиеттермен толықтыру жұмысы қалай жүргізіледі? Кітап қоры соңғы рет қашан жаңартылды және жобалар туралы айтсаңыз.
Анар НУРИҚЫЗЫ:
– «Кітап оқитын ұлт» қалыптастыру бір ғана мекеменің немесе кітапхана қызметкерлерінің міндеті емес. Бұл – бүкіл қоғам болып атсалысатын маңызды ұлттық бастама. Ал осы бастаманың жүзеге асуында кітапханалардың атқаратын рөлі ерекше. Бүгінде кітапханалар жүйесінің жалпы кітап қоры – 337 677 дана. Оны толықтыру мемлекеттік тапсырыс аясында жүзеге асырылады. Осы жылы мемлекеттік тапсырыс бойынша 2 134 дана жаңа кітап келіп түсіп, оқырман игілігіне ұсынылды. Бұл – жылдар бойы жинақталған, ауданның рухани-мәдени өміріне қызмет етіп келе жатқан үлкен қор.
Біздің жүйеде оқырман санын арттыру, кітап оқуға қызығушылықты ояту мақсатында түрлі жобалар мен бастамалар жүзеге асырылуда. Соның бірі – «Бір ай – бір кітап» жобасы. Аталған жоба 2026 жылдың 1 маусымынан бастап қолға алынды. Бұл жоба – мемлекеттік қызметшілерді ай сайын бір туынды төңірегіне топтастырып, көркемсөзді қызметтік әдеппен, адамгершілік таңдаумен және қоғамдық жауапкершілікпен сабақтастыратын әдеби-танымдық бастама. Сонымен қатар оқырманның кітапқа деген қызығушылығын арттырып, оқырмандық тәжірибесін көпшілікке таныту мақсатында «Оқырманға сөз берейік» подкастын жүргізуді қолға алдық. «Бір өлке – бір жазушы» акциясы аясында жергілікті қаламгерлердің шығармашылығына назар аударылып, ауданымыздан шыққан ақын-жазушылардың еңбектері оқырманға кеңінен таныстырылып келеді. Аудандық балалар кітапханасы жанындағы «Қуыршақ театры» және «Робототехника» үйірмелері тұрақты жұмыс істейді.
Мереке АЙНАҚҰЛОВ:
– «Кітап оқитын ұлт» қалыптастыру – өте маңызды әрі ауқымды міндет. Бұл бастама тек кітапханалардың ғана емес, тұтас қоғамның, отбасының, білім беру ұйымдарының ортақ жауапкершілігін талап етеді. Ал осы бағыттағы жұмыстың негізі орталығының бірі, әрине кітапхана болуға тиіс.
Кітап қорын толықтыру және оқырман сұранысын қанағаттандыру жұмыстары тұрақты назарда. Біздің Тұрар Рысқұлов аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде жалпы 237 250 дана кітап қоры бар. Оның ішінде мемлекеттік тілдегі кітаптар саны – 165 954 дананы құрайды. Жыл сайын оқырман сұранысын қанағаттандыру мақсатында кітап қорымыз 2-3 мың кітап аралығында мемлекеттік тапсырыс пен жергілікті бюджет есебінен толығып отырады. Оқырманның сұранысы, жас ерекшелігі, қызығушылығы мен қазіргі қоғамның рухани-танымдық қажеттіліктері әрдайым басты назарымызда. Әсіресе қазақ әдебиетінің классикалық мұраларымен қатар, қазіргі заманғы отандық авторлардың шығармаларына, балалар мен жасөспірімдер әдебиетіне, тарихи, ғылыми-танымдық және салалық әдебиеттерге басымдық беру маңызды. Біздің мақсатымыз – кітапханалардағы кітап санын көбейту ғана емес, оқырманға қажетті, сапалы әрі мазмұнды әдебиеттерді ұсыну.
Біздің бұл негізгі жұмыстарымыз «Кітап оқитын ұлт» жалпы ұлттық марафонын іске асыру мен оқырманның марафонға қатысу кезінде де басты басымдығымыздың біріне айналып отыр. Өйткені марафонға таңдалған кітаптардың дені оқырман сүйіп оқитын әрі көркемдік мазмұны жағынан құнды кітаптар десек, сол кітаптардың біздің кітапхананың кітап қорынан табылуы – оқырман мен кітапхананы байланыстыратын негізгі өзек.
«Кітап оқитын ұлт» жобасының «Кітап оқитын зияткер», «Кітап оқитын әулет» бағыттарына басты басымдық беру арқылы кітап оқуды жеке адамның қызығушылығынан отбасылық және қоғамдық мәдениет деңгейіне көтеруді көздейміз. Сонымен қатар әдеби кездесулер, жазушылармен жүздесулер, оқырман пікірталастары, тағы басқа шығармашылық іс-шаралар ұйымдастырып келеміз. Меніңше, кітапхананың жұмысы өткізілген іс-шаралар санымен немесе оқырманға берілген кітаптар көлемімен ғана өлшенбеуі керек. Ең басты көрсеткіш – кітапханаға келген адамның ой-өрісінің кеңеюіне, кітап оқуға деген қызығушылығының артуына ықпал ету.
Гүлжанат ШАЙБЕКОВА:
– «Кітап оқитын ұлт» қалыптастырудың басты алғышартының бірі – оқырман сұранысына жауап беретін сапалы әрі мазмұнды кітап қорын жасақтау. Бүгінде Ақтоғай аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің жалпы кітап қоры 203 377 дана басылымды құрайды. Оның 143 200 данасы – қазақ тіліндегі әдебиеттер. Бұл мемлекеттік тілдегі кітаптардың қорымызда басым орын алатынын көрсетеді.
Кітап қорын толықтыру жұмыстары жыл сайын жүйелі түрде жүргізіледі. Жаңа әдебиеттер бірнеше көз арқылы келіп түседі. Атап айтқанда, мемлекеттік тапсырыс аясында жарық көрген басылымдар, жергілікті бюджеттен бөлінген қаражат есебінен сатып алынатын кітаптар, сондай-ақ авторлар мен жеке тұлғалар тарапынан сыйға тартылған әдебиеттер арқылы қорымыз толығып отырады.
Қазіргі уақытта елімізде жүзеге асырылып жатқан «Кітап оқитын ұлт» жобасы кітапхана жұмысына жаңа серпін беріп отыр. Жоба аясында оқырманның әртүрлі санаттарына арналған кітаптар тізімі ұсынылған. Бүгінде аталған тізімдегі әдебиеттердің шамамен жартысы біздің кітапхана қорымызда бар. Ал жетіспейтін кітаптарды алдағы толықтыру жұмыстары барысында кезең-кезеңімен қамтуға басымдық берілмек.
Оқырманды кітап оқуға ынталандыру мақсатында «Бір айда бір кітап», «Саяхаттаушы кітаптар», «Өлкетану – ұрпаққа аманат» сияқты жобалар жүзеге асырылып, әдебиетті насихаттаудың жаңа тәсілдері қолданылуда.
Кітапхана мәдени-ағартушылық кеңістікке айналып келеді
– Қазір кітапхана тек кітап оқитын орын емес, тұрғындардың білім алып, ақпаратқа қол жеткізетін маңызды қоғамдық кеңістігіне айналуға тиіс. Сіз басқаратын кітапхананың алдағы даму жоспары қандай? Ғимаратты жаңарту, оқырманға қолайлы жағдай жасау және кітапхананы заманауи мәдени-ағартушылық орталыққа айналдыру үшін қандай нақты қадамдар қолға алынбақ?
Анар НУРИҚЫЗЫ:
– Алдағы кезеңдегі басты мақсатымыз – кітапханаларды тек кітап беретін орын ретінде емес, тұрғындардың рухани сұранысын қанағаттандыратын, білімін жетілдіретін, бос уақытын тиімді өткізетін заманауи мәдени-ағартушылық орталыққа айналдыру. Бұл бағыттағы өзекті мәселенің бірі – аудандық орталық кітапхананың бүгінгі күнге дейін жеке ғимаратының болмауы. Ауданның басты кітапханасы болғандықтан, оның өз алдына жеке ғимараты, кең әрі талапқа сай оқу залдары, кітап қорын сақтауға арналған арнайы бөлмелері, түрлі мәдени іс-шаралар мен кездесулер өткізуге мүмкіндік беретін кеңістігі болғаны өте маңызды. Жеке ғимараттың болмауы кітапхана қызметін кеңейтуге, жаңа жобаларды толыққанды жүзеге асыруға белгілі бір деңгейде шектеу келтіреді. Сондықтан алдағы жоспарымыздың бірі – аудандық орталық кітапханаға заманауи талаптарға сай жеке ғимарат қарастыру мәселесін шешу.
Кітапханаларды цифрландыру және ақпараттық технологиялардың мүмкіндіктерін кеңінен пайдалану да өзекті. Біздің кітапханалар жүйесінде 2019 жылдан бері WEB-RABIS бағдарламасы қолданылады. Бұл кітапхана қорын есепке алу, каталогтау және оқырманға қажетті ақпаратты жүйелеу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік береді. Алдағы уақытта осы бағыттағы жұмыстарды жетілдіріп, интернет желісіне қолжетімділікті арттыру, компьютерлік техникаларды жаңарту, электрондық ақпараттық ресурстарды кеңінен пайдалану міндеттері тұр.
Болашақта балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық аймақтар, еркін оқу кеңістіктері, пікірталас алаңдары, цифрлық қызмет көрсету мүмкіндіктерін кеңейтуді көздейміз. Мен кітапхананың болашағын тек кітап қорымен немесе ғимаратымен байланыстырып қарамаймын. Сондықтан біздің ұстанымымыз – кітапхананы сақтап қана қоймай, оны дамыту, оқырманға жақындату және келешек ұрпақ үшін маңызын арттыру.
Мереке АЙНАҚҰЛОВ:
– Біздің алдағы мақсатымыз – кітапханаларды дәстүрлі кітап беру қызметімен шектемей, тұрғындардың білім алуына, ақпарат алмасуына, шығармашылықпен айналысуына мүмкіндік беретін замануи қоғамдық кеңістікке айналдыру. Әрине, бұл міндеттердің барлығы белгілі бір қаржылық және ұйымдастырушылық ресурстарды қажет етеді. Жалпы, Мемлекет басшысының кітапхана саласына айрықша көңіл бөлуі, кітап оқитын ұлт қалыптастыру жөніндегі бастамалары бізге үлкен бағдар беріп отыр. Біз осы бағытта жұмыс істеуге ниеттіміз.
Гүлжанат ШАЙБЕКОВА:
– Бұрын кітапхана негізінен кітап алып, мерзімді басылымдар оқитын орын ретінде қабылданса, қазір ол білім мен ақпаратқа қол жеткізетін, шығармашылық ізденіске жол ашатын, адамдарды ортақ қызығушылық төңірегінде біріктіретін мәдени-ағартушылық кеңістікке айналып келеді. Сондықтан біздің алдағы басты мақсатымыз – ОКЖ кітапханаларын заман талабына сай дамытып, әрбір тұрғын үшін қолжетімді, жайлы әрі тартымды орталық қалыптастыру. Бұл бағытта ең алдымен кітапханалардың материалдық-техникалық базасын одан әрі нығайтуға көңіл бөлінеді. Соңғы жылдары жүргізілген модернизациялау жұмыстары осы бағыттағы маңызды қадам болды. Алдағы уақытта да кітапханаларды заманауи компьютерлік және мультимедиалық техникалармен, қажетті жиһаздармен жабдықтау, қолданыстағы құралдардың тиімді пайдаланылуын қамтамасыз ету жұмыстары жалғасады.
Қазір ОКЖ бойынша 3 коворкинг орталығы жұмыс істейді. Сонымен қатар кітапхана қызметінің мазмұнын жаңарту да басты назарымызда. Дәстүрлі кітап көрмелері мен әдеби кештермен қатар, кітап талқылау клубтарын, әдеби пікірталастарды, интеллектуалдық ойындарды, шығармашылық кездесулерді, интерактивті іс-шаралар мен цифрлық жобаларды кеңінен ұйымдастыруды мақсат етіп отырмыз. Әсіресе жас ұрпақтың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыратын тың форматтарға басымдық беріледі. Кітапхана қызметін цифрландыру, электрондық ақпараттық ресурстардың қолжетімділігін арттыру, әлеуметтік желілер арқылы кітап пен оқуды насихаттау да алдағы жұмысымыздың маңызды бағытының бірі болмақ.
Дайындаған
Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ