«Қалың қар жауып, боран соғады»: Қазақстанда ауа райы күрт нашарлайды

«Қазгидромет» мәліметінше, ел аумағындағы ауа райына солтүстік-батыс циклоны әсер етеді. Қазақстанның шығысы мен орталығында қалың қар жауады. Республика бойынша жел күшейіп, көктайғақ болады, түнде және таңертең тұман түседі.

Қазақстанда 28 қарашада ауа райы құбылмалы болады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Еліміздің бірқатар өңірінде қар жауып, бұрқасын соқса, шығыста желдің екпіні секундына 30 метрге және одан да жоғары жылдамдыққа жетеді.

«Қазгидромет» мәліметінше, ел аумағындағы ауа райына солтүстік-батыс циклоны әсер етеді. Қазақстанның шығысы мен орталығында қалың қар жауады. Республика бойынша жел күшейіп, көктайғақ болады, түнде және таңертең тұман түседі.

Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақмола және Павлодар облыстарында жауын-шашын түсіп, бұрқасын соғады. Солтүстік Қазақстан мен Павлодар облыстарының кей аудандарында желдің екпіні секундына 23–28 метрге жетеді. Қарағанды мен Ұлытау облыстарында да ауа райы қолайсыз болады.

Шығыс Қазақстан облысының солтүстігінде, шығысында және таулы аудандарында қалың қар жауып, боран соғады. Абай облысында жаңбыр мен қар жауып, көктайғақ болады. Өңірдің оңтүстігінде, шығысында және орталығында желдің екпіні секундына 24–29 метрге жетеді.

Батыс Қазақстан мен Атырау облыстарының кей аудандарында аздаған қар жауып, көктайғақ болады. Қызылорда облысында жаңбыр мен қар жауып, тұман түседі. Жамбыл және Жетісу облыстарының таулы аудандарында тұман күтіледі.

Астанада қар жауып, жаяу бұрқасын соғады, желдің екпіні секундына 23 метрге дейін жетеді. Алматы мен Шымкентте түнде және таңертең тұман түседі.

Синоптиктер алдағы күндері ауа температурасы одан әрі төмендейтінін ескертті. 30 қарашаға қарай түнде еліміздің батысында 5–12 градус, солтүстік-батысында, солтүстігінде және орталығында 10–18 градус, шығысында 7–12 градус, ал таулы аудандарда 20 градусқа дейін аяз болады.