Қазақстанда 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлем тағайындау тәртібі өзгереді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Енді жұмысқа ерте оралған аналар да баласы бір жарым жасқа толғанша төлем ала береді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, келесі жылдан бастап әлеуметтік төлемді есептеу кезінде ескерілетін табыстың шекті мөлшері 595 мың теңгеден 770 мың теңгеге дейін өседі.
Әлеуметтік төлем әйелдің бала туғанға дейінгі соңғы екі жылдағы орташа айлық табысының 40 пайызы мөлшерінде есептеледі. Осылайша, 2027 жылы төлемнің ең жоғары мөлшері зейнетақы жарнасы ұсталмағанға дейін 308 мың теңгеге жетеді.
Тағы бір өзгеріс – келесі жылдан бастап бұл төлемді баланың анасы, ал заңда көзделген жекелеген жағдайда оның заңды өкілі ғана рәсімдей алады.
Егіз немесе одан да көп бала дүниеге келген жағдайда әлеуметтік төлем әр балаға жеке тағайындалады. Өтінішті бала туған күннен бастап 18 ай ішінде беруге болады.
Биылғы он айда Қазақстанда бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлемді 504 мың адам алған. Оларға жалпы сомасы 287 миллиард теңге төленген.