Бұл ақсақал қайырымдылыққа 11,4 млрд доллар бөлді

Танымал миллиардердің бірі Алғыс айту күні қарсаңында отбасылық қайырымдылық қорларына 5,5 млрд доллар көлемінде акция берді. Бұл былтырғы мерекелік қайырымдылықтан төрт еседен астам көп.

CNBC телеарнасының жариялаған материалына сүйенген Aikyn.kz миллиардердің байлығын қалай бөліп жатқанын баяндайды.

Berkshire Hathaway компаниясының негізін қалаушылардың бірі, оны ұзақ жылдар басқарған Уоррен Баффет ақсақал өз дәулетінің басым бөлігін қайырымдылыққа арнауды бұрыннан мақсат еткен. Биыл ол осы жоспарды жүзеге асыру қарқынын едәуір арттырды. 

Қайырымдылық төрт отбасылық қорға бөлінеді. Ең үлкен үлес (2,2 млрд доллар) Баффеттің марқұм бірінші жұбайының есімімен аталған Susan Thompson Buffett Foundation қорына беріледі. Бұл ұйым негізінен білім беру мүмкіндіктерін кеңейтуге және студенттерді қолдауға көңіл бөледі.

Қалған үш қордың әрқайсысы 1,1 млрд доллардан алады. Олар – қызы Сьюзи Баффет басқаратын Sherwood Foundation, ұлы Говард Баффеттің Howard G. Buffett Foundation қоры және тағы бір ұлы Питер Баффетпен байланысты NoVo Foundation. Бұл қорлар білім беру, әлеуметтік теңсіздік, азық-түлік қауіпсіздігі, қоғамды дамыту және басқа да қайырымдылық бағыттарында жұмыс істейді.

Баффеттің қайырымдылыққа бөлген көмегі айтарлықтай өскен. 2025 жылы ол Билл және Мелинда Гейтс қорына 4,6 млрд доллар, ал отбасылық қорларға 1,4 млрд доллар көлемінде акция берген болатын.

2026 жылдың шілдесінде отбасылық қорларға тағы 5,9 млрд доллар бөлінді. Осы қарашадағы 5,5 млрд долларды қосқанда, биылғы жалпы қайырымдылық көлемі 11,4 млрд долларға жетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 55%-ға көп.

Биылғы маңызды өзгерістің бірі – Гейтс қорының жаңа үлестірімге енгізілмеуі. Баффет өзінде қалған Berkshire Hathaway акцияларын сегіз жыл ішінде қайырымдылыққа беруді жоспарлап отыр. Бұл үдерісте негізгі жауапкершілік оның балалары басқаратын қорларға жүктеледі.

Berkshire Hathaway компаниясының ресми мәлімдемесінде Баффет балаларының қайырымдылық саласындағы тәжірибесіне толық сенетінін айтқан. Оның сөзінше, балалары ондаған жыл бойы қоғамға пайдалы бастамаларды қолдап келеді және олардың қабілеті мен адалдығына күмән келтірмейді. Инвестор компанияның болашағына деген сенімі де бұрынғыдай берік екенін атап өткен.Баффет Алғыс айту күніне арналған хатында қайырымдылықтың ақшалай өлшемнен әлдеқайда кең ұғым екенін еске салды.

«Мейірімділік ештеңеге тұрмайды, бірақ оның құны өлшеусіз», – деген ол былтырғы сөзін биыл толықтырып, жақсылықтың да уақыт өте келе күрделі пайыз сияқты еселенетінін айтты.

Миллиардер өзінің жетістігіне ұстаздары Бенджамин Грэм, Джо Розенфилд және Том Мерфи сияқты адамдардың ықпал еткенін атап өтті. Ол өмірінде ешқандай пайда күтпестен көмектескен адамдарға алғыс білдірді.

«Осы Алғыс айту күнінде өміріңіздегі риясыз жақсылық жасаған бір адамға рақмет айтыңыз. Одан да жақсысы – өзіңіз біреуге жақсылық жасаңыз», – деп жазды Баффет.

Баффеттің биылғы шешімі ірі байлықты мұраға қалдырудан гөрі оны қоғамдық мақсаттарға бағыттаудың бір үлгісін көрсетеді. Дегенмен 11,4 миллиард доллардың бөлінуі бұл қаражаттың бірден жұмсалғанын білдірмейді. Акциялар қайырымдылық қорларының иелігіне өтіп, кейін олардың бағдарламалары мен шешімдеріне сәйкес пайдаланылады.