Маңғыстау облысының Түпқараған ауданында он көпбалалы ана мемлекеттік наградасын уақытылы ала алмаған, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Облыстық прокуратураның мәліметінше, әкімдіктің жауапты қызметкерлері аналарды «Алтын алқа» және «Күміс алқа» наградаларына ұсыну үшін қажетті құжаттарды рәсімдеу және жолдау мерзімін негізсіз созған.
Соның салдарынан көпбалалы аналар өздеріне тиесілі наградаларды ғана емес, заңнамада көзделген әлеуметтік қолдауды да уақытында ала алмаған.
Прокуратура араласқаннан кейін он әйелдің құқығы қалпына келтіріліп, оларға мемлекеттік наградалар табысталды.
Заң бұзушылыққа жол берген лауазымды тұлғалар жауапқа тартылды. Сондай-ақ алдағы уақытта мұндай жағдайдың қайталанбауы үшін тиісті шаралар қабылданды.