Қазақстанда инсульт пен қатерлі ісікті анықтауға жасанды интеллект көмектесіп жатыр

Оның көмегімен дәрігерлер қауіпті аурулардың белгілерін ерте анықтап, медициналық құжаттарды рәсімдеуге кететін уақытты қысқартып отыр.

Қазақстанда 700-ден астам медициналық мекеме жасанды интеллект технологиясын пайдаланады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Оның көмегімен дәрігерлер қауіпті аурулардың белгілерін ерте анықтап, медициналық құжаттарды рәсімдеуге кететін уақытты қысқартып отыр.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Астана қаласы мен Ақмола, Жамбыл, Алматы, Маңғыстау және Жетісу облыстарындағы 17 инсульт орталығында CerebraAI жүйесі қолданылады. Бұл технология компьютерлік томография нәтижелерін талдап, мидың зақымданған тұсын жылдам анықтауға көмектеседі.

2025 жылдың 1 қыркүйегінен бері инсультке күдікпен тексерілген 23,5 мыңнан астам адамның медициналық зерттеу нәтижесі осы жүйе арқылы талданған.

Бұдан бөлек, жасанды интеллект сүт безі мен өкпе обырын ерте анықтау үшін де қолданылып жүр. Стоматология саласында да мұндай технология енгізілген.

Елімізде 4 205 дәрігер медициналық құжаттарды толтыру кезінде Alima цифрлық көмекшісін пайдаланады. Пилоттық жоба нәтижесінде асқынбаған аурумен келген науқастың құжаттарын рәсімдеуге кететін уақыт алты минуттан бір жарым минутқа дейін қысқарған.

Министрлік жасанды интеллект медицина маманын алмастырмайтынын атап өтті. Науқасқа диагноз қою және ем тағайындау жөніндегі түпкілікті шешімді дәрігер қабылдайды.