OpenAI мен Apple арасындағы дау ушыға түсті

Тараптар бір-бірін коммерциялық құпияны ұрлады деп айыптап отыр

Жасанды интеллект саласындағы бәсекелестік жаңа құқықтық дауға ұласты. ChatGPT әзірлеушісі OpenAI Apple компаниясына қарсы шағым түсіріп, оны коммерциялық құпияларды заңсыз иемденуге және бәсекелестікке кедергі келтіруге әрекет жасады деп айыптады.

OpenAI-дың мәлімдеуінше, Apple бұрын өзінде жұмыс істеген қызметкер арқылы компанияның әлі жарияланбаған құрылғылары мен аппараттық өнімдеріне қатысты құпия ақпаратты алған. Сондай-ақ Apple ортақ жеткізушілерге OpenAI-мен жұмыс істемеу жөнінде қысым көрсетіп, компанияның білікті инженерлерді жұмысқа тарту мүмкіндігін шектеуге тырысқан.

Даудың тағы бір бөлігі қызметкерлердің жеке деректері мен жұмыс құжаттарын сақтау тәртібіне қатысты. OpenAI Apple қызметкерлерді жұмыс және жеке ақпаратты бір iCloud аккаунтында сақтауға ынталандырғанын алға тартады. Компанияның пікірінше, мұндай тәжірибе қызметкерлер жұмыстан кеткеннен кейін құпия ақпаратқа қатысты даулы жағдайлардың туындауына себеп болған.

Бұл – екі технологиялық алпауыт арасындағы алғашқы сот дауы емес. Биыл шілдеде Apple OpenAI мен оның бұрынғы екі қызметкерін компанияның коммерциялық құпиялары мен құпия ақпаратын жаңа құрылғылар әзірлеу үшін пайдаланды деп айыптап, сотқа берген болатын.

Apple жаңа айыптауларды жоққа шығарды. Компания өкілдері мәселе кездейсоқ сақталып қалған файлдарда емес, жарияланбаған технологиялар мен өнімдерге қатысты құпия ақпаратты әдейі иемдену және пайдалану әрекетінде екенін мәлімдеді.

Осылайша, бұған дейін серіктес болған екі компания жасанды интеллектке арналған жаңа буын құрылғылары нарығында бәсекелеске айналып, енді өзара соттасып жатыр.