Қазақстанда оқушылар пайдаланатын платформаға кибершабуыл жасалды

Мамандар оқиғаның салдарын анықтап, пайдаланушылардың дерегін қорғау жұмысын жүргізіп жатыр.

Қазақстандық оқушылар, ата-аналар мен мұғалімдер пайдаланатын BilimClass білім беру платформасына кибершабуыл жасалды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Мамандар оқиғаның салдарын анықтап, пайдаланушылардың дерегін қорғау жұмысын жүргізіп жатыр.

Компанияның мәліметінше, кибершабуыл 29 қарашаға қараған түні сағат 01:09-да жасалған. Платформа мамандары шұғыл шаралар қабылдап, шабуылдың жүйе жұмысына қаншалықты әсер еткенін тексеруге кірісті.

Компания пайдаланушылардан келтірілген қолайсыздық үшін кешірім сұрап, тексеру нәтижесі туралы қосымша ақпарат ресми ресурстарда жарияланатынын мәлімдеді. Әзірге оқушылардың, ата-аналар мен мұғалімдердің жеке деректеріне нұқсан келген-келмегені белгісіз.

Айта кетейік, бұған дейін, 27 қарашада BilimClass платформасының жұмысында техникалық ақау болған еді. Сол күні ата-аналар әлеуметтік желілер мен мектеп чаттарында электронды күнделіктегі бағалар мен үй тапсырмалары көрінбей қалғанына шағымданған. Кейбір пайдаланушыға қате хабарлама да жіберілген.

Сол кездегі тексеру нәтижесінде пайдаланушылардың барлық дерегі сақталғаны және ақпараттың сыртқа тарау фактісі анықталмағаны хабарланған еді. Компания мұғалімдерге баға мен үй тапсырмасын қайта енгізудің қажеті жоқ екенін де мәлімдеген.

Ақпараттық қауіпсіздікті күшейту және қосымша техникалық жұмыстар жүргізу үшін платформаға кіру уақытша шектелген еді. Бірақ араға екі күн салып, компания кибершабуыл жасалғанын хабарлады.