Бүгін Қазақстанда мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтіп жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Алайда азаматтар кез келген сайлау учаскесіне барып, дауыс бере алмайды. Мәслихат депутаттарын сайлау кезінде сайлаушының қай жерде тіркелгені маңызды.
Орталық сайлау комиссиясының түсіндірмесіне сәйкес, сайлаушылар тізімі азаматтардың тұрғылықты жері бойынша жасақталады. Оған дауыс беру күні 18 жасқа толған, сайлау құқығы бар және тиісті сайлау округінің аумағында тіркелген азаматтар енгізіледі.
Уақытша тіркеуде тұрған азаматтарға да сайлауға қатысу мүмкіндігі берілген. Алайда олар 29 қазанға дейін жергілікті атқарушы органға өтініш беруі керек болған. Мұндай жағдайда әкімдік азаматты дауыс беретін учаскенің тізіміне енгізіп, тұрақты тіркелген жеріндегі сайлаушылар тізімінен шығарады. Заң бойынша әр азамат сайлаушылардың бір ғана тізіміне енгізіледі.
Қазақстандықтар өздерінің қай сайлау учаскесіне тіркелгенін электронды сервистер немесе тиісті әкімдіктің байланыс орталығы арқылы анықтай алады.
Бүгін еліміздегі 228 мәслихатқа 3 447 депутат сайланады. Сайлау учаскелерінің басым бөлігі сағат 20:00-ге дейін жұмыс істейді. Сайлау қорытындысы 3 желтоқсаннан кешіктірілмей анықталады.