Дауыс беруден еркін әңгімеге дейін: Алматыдағы сайлау учаскелерінде зияткерлік ойындарға арналған демалыс орындары ұйымдастырылды

Мұнда дауыс берген соң тұрғындардың жүздесіп, әңгімелесуіне және сүйікті үстел ойындарын ойнауына арналған демалыс аймақтары жабдықталған.

Алматының Жетісу ауданындағы Автомеханикалық колледжде орналасқан №322 және №350 сайлау учаскелерінде тұрғындарға арнап шахмат, дойбы және тоғызқұмалақ ойындарынан арнайы бағдарлама әзірленді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Мұнда дауыс берген соң тұрғындардың жүздесіп, әңгімелесуіне және сүйікті үстел ойындарын ойнауына арналған демалыс аймақтары жабдықталған. Бұл бастама әртүрлі жастағы келушілердің қызығушылығын тудырды.

Дауыс бергендердің қатарында айтыскер ақын Еңсеген Әукен де бар. Ол елдің қоғамдық өміріндегі жас ұрпақтың рөлі туралы пікір білдірді. Ақынның айтуынша, мәслихат құрамында жаңа идеялар ұсынып, бастамашылдық танытып, жауапкершілікті мойнына алуға дайын жастардың үлесі көбірек болуы керек.

Сайлау учаскелерінде тақырыптық фотоаймақтар да ұйымдастырылған. Әсіресе тұрғындар арасында «Менің таңдауым» атты фотобұрыш үлкен сұранысқа ие. Алматылықтар мұнда туған-туыстары және достарымен бірге естелік суретке түсуде.

Осылайша, көптеген тұрғын үшін жексенбі күні сайлауға қатысумен қатар, көршілерімен жүздесіп, пікір алмасуға және зияткерлік ойындар арқылы уақытты қызықты өткізуге мүмкіндік берді.

Еске сала кетейік, Алматыда 670 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Оның 41-інде қалада тұрғылықты жері бойынша тіркеуі жоқ азаматтарға арналған бір күндік тіркеу қызметі қолжетімді.

Сайлауға қатысты қосымша ақпаратты 109 бірыңғай нөмірі арқылы алуға болады. Дауыс беру сағат 20:00-ге дейін жалғасады.