Ташкентте өтіп жатқан World Boxing ұйымының бокс бойынша әлем кубогының финалдық кезеңінде Қазақстан құрамасы алғашқы екі күннің қорытындысы бойынша бес жеңіліске ұшырады.
Екінші жарыс күнінде Аман Қонысбеков (75 келі) ширек финалда ресейлік Сергей Сергеевке 1:3 есебімен есе жіберді. Сондай-ақ Бақыт Сейдiш (70 келі) қытайлық Лю Яннан 0:5 есебімен жеңілді.
Алғашқы жарыс күнінде де Қазақстан құрамасының үш өкілі қарсыластарына жол берген еді. Даниял Сәбит (50 келі) өзбекстандық Шодиёржон Меликузиевтен 0:5 есебімен жеңілсе, Шұғыла Нәлібай (75 келі) ресейлік Елена Гапышинамен жекпе-жекте екінші раундта үш рет нокдаунға түсіп, кездесуді мерзімінен бұрын аяқтады.
Ал Валерия Аксенова (80 келі) үндістандық Найнаға 2:3 есебімен жол берді.
Осылайша, Қазақстан құрамасы екі күнде төрт жеңіс пен бес жеңіліс тіркеді. Қазіргі таңда Карина Ибрагимова финалға шықса, Фарух Токтасынов жартылай финалға жолдама алды.
Айта кетейік, Ташкенттегі әлем кубогының финалдық кезеңінде Қазақстан атынан 11 боксшы – алты ер және бес әйел спортшы бақ сынап жатыр. Жарыс 3 желтоқсанға дейін жалғасады.