Төтенше жағдай кезінде «азарт» ойынын ұйымдастырған созақтық қамауға алынды
Төтенше жағдай кезінде «азарт» ойынын ұйымдастырған созақтық қамауға алынды
190
оқылды
Түркістан облысы, Созақ ауданында бас пайдасын ойлаған пайдакүнем елдегі төтенше жағдайды елемей, адамдарға «азарт» ойынын ұйымдастырғаны үшін қамауға алынды. Атап айтқанда, жергілікті полиция қызметкерлері ауылдардың бірінде букмекерлік кеңсенің ТЖ уақытында адам қабылдап, жұмыс істегенін анықтаған. Елімізде 16-наурыздан бастап 15-сәуірге дейін төтенше жағдай енгізілгені баршамызға белгілі. Десекте тұрғындар, оның ішінде кәсіпкерлер тарапынан әлі де болса мұны сезінбей, өзінің бас пайдасы үшін біршама адамның басын қосуына жол берген жайттары орын алуда. Осыған орай, Түркістан облысы Полиция департаментінің жеке құрамы күшейтілген режимде қызмет жасауда. Яғни күні-түні рейдтік жұмыстарды жүргізіп, қандай да бір адам көп жиналатын басқосулар, той-жиындар, іс-шараларды өткізуге тыйым салып, қауіпсіздік шараларын қадағалауда. Мұны анықтаған полицейдің айтуынша, төтенше жағдай жарияланып, тыйым салынғаннан кейін, яғни 18-19 наурыз күндері ойын-сауық орындарының жұмысы тоқтатылу керек деп, аталған букмекерлік кеңсеге бірнеше рет ескерту жасаған. Алайда букмекерлік кеңсе әкімшісі оған құлақ аспастан 23-наурыз күні адам қабылдап отырғаны белгілі болды. «Қазақстан Республикасы Президентінің 15.03.2020 жылғы Жарлығының талаптарын өрескел бұзған аталмыш тұрғынға ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 476-бабы бойынша «Төтенше жағдай режимiн бұзу» бойынша хаттама түзіліп, аудандық соттың қаулысымен кінәлі деп танылып, 5 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды» дейді баспасөз қызметі. Осыған орай, облыс полицейлері ойын-сауық, сауда орталықтары мен кафе-бар, тойхана иелеріне ескертеді: төтенше жағдай кезінде заң талаптарына сәйкес әрекет етіп, мүмкіндігінше көп адам шоғырлануына жол бермеңіздер. Бұл өзіңіздің де, өзгелердің де денсаулықтары үшін қажет.

Тельман БЕЙСЕНОВ, Түркістан облысы.