Утилизациялық төлем – қоршаған ортаны қолдау емес, «темір тұлпарға» құмартқан көшпелілер ұрпағын азаптаған қылбұрау. Арзан көлігі үшін екі еседей алым-салық төлеуге мәжбүр етілгеніне наразы жұрт осылай дейді. Бай емес бұқара шетелден көлікті еріккеннен тасымайды. Қазақстанда құрастырылған көлік бағасы удай болғандықтан, амалсыз алысқа көз сүзеді. Отандық автозауыттар бюджеттен жан-жақты қамқорлық көруде. Машинаны шашылған қалпында әкеліп, бізде қайта құрастырғаны үшін мол субсидия алады. Салықтық жеңілдіктері де жетерлік. Өнімі көбірек өтуі үшін Үкімет тарихымызда болмаған теңдессіз шараға барды: айналдырған екі зауытқа бір емес, екі қолдау бағдарламасын іске қосты.
– Қазақстанда жеңіл автомобиль шығарумен Өскеменде «Азия Авто» АҚ, Қостанайда «Сары-арқаАвтоӨнеркәсіп» ЖШС айналысады. Оларға арнап, жеңілдікті автокредиттеу бағдарламасына 2015-2019 жылдары ел қазынасынан барлығы 42 млрд теңге бөлінді. Оның 20,3 миллиарды «АзияАвтоға», ал 21,7 миллиарды «СарыарқаАвтоӨнеркәсіпке» берілді. Бүгінде барлық қаражат толық көлемде игерілді және несие өтемі түрінде азаматтар қайтарған қаражатты олар қайталай игеруге кірісті. 2020 жылғы қаңтардағы жағдай бойынша, жалпы сомасы 56,03 миллиард теңгеге 12 906 көлік кредитке сатып алынды, – дейді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов.Бұған қоса, Ұлттық банк 2019 жылы отандық автозауыттар өнімін жеңілдікті кредиттеуге арналған ұқсас бағдарламасын іске қосты. Оның аясында 2024 жылға дейін жыл сайын автокәсіпорындарға 20 миллиард теңгеден арна тартады. Биылға арналған транш осы жылдың бірінші жартысында бөлінбек. Нәтижесінде, «Қазақстанда жасалған» машина арзандап, халыққа қолжетімді бола түскен шығар? Мысалы, отандық автозауытта жиналған жаңа KIA Cerato седанының механикалық түрі былтыр 6 млн 750 мың теңге тұрса, 2020 жылы қымбаттап, 6 млн 950 мың теңгеге жетті. Дәл осы марканың автоматты және Premium нұсқасы 9 млн 450 мың теңгеге саудаланса, 2020 жылы бағасы бірден 200 мың теңгеге өскен. Салыстыру үшін: дәл осы маркадағы, бірақ бірер жыл ұсталған көлікті көрші Ресейде 530 мың рубльге (3,5 млн теңге), Грузияда 6,5 мың долларға (2,5 млн теңгеге) табуға болады. Біз, әрине өзгенің қаңсығын таңсық көріп, жарнамалауды мақсат тұтып отырған жоқпыз. Басты мәселе – қазақстандық нарықта көлік құралының қолжетімсіздігі.
БТ емес, УТ ғой қажытқаны
Шетелден ескі-құсқы көліктердің келуіне тосқауыл қойған жөн, әйтпесе көше онсыз да шеге салынған шелектей салдырлап жүрген қауіпті көліктерге толы. Бұған мамандандырылған ХҚКО-да төленетін «бастапқы тіркеу» (БТ) алымы тоспа құрады. Нақтылай кетсек, егер шетелде алынған көліктің өндірістен шыққанына 2 жыл толмаса (2018-2019 жылы жасалған), онда БТ алымының көлемі бар-жоғы 0,25 АЕК немесе 2020 жылы 663 теңге ғана болады. 2-ден 3 жыл толғандарына (2017-2018 жылдары шығарылғаны) – 50 АЕК (132 550 теңге). 3 жылдан асса 500 АЕК (1 325 500 теңге) алым төлейсіз. Ал егер автокөліктің конвейерден түскеніне 5 жылдан көп уақыт өтсе, онда БТ алымы 2 500 АЕК-ке (2020 жылы 6 млн 627,5 мың теңгеге) жетеді. Нәтижесінде, шетелден ескі көлік тасу мүлдем тиімсіз болып қалды. Айтқандай, бұған қарсы шығып отырған азамат аз.Кәдеге жарату алымы халықтың наразылығын тудыруда. Себебі ол көліктің «жасын» назарға алмайды. Төлем көлемі қозғалтқыштың көлеміне байланысты. Бұл жерде 50 АЕК қозғалтқыш қуаттылығына көбейтіледі: автомобильдің 1 000 см3 дейінгі қозғалтқышы болса, онда 50 АЕК (132 550) х 3 коэффициентіне көбейтіліп, 397 650 теңге сомасы шығады. 2 000 см3 дейінгісі үшін алым көлемі: 50 АЕК х 7 = 927 850 теңге. 3 000 см3 дейінгісі үшін 50 АЕК х 10 = 1 325 500 теңге. 3 001 см3 және одан қуатты қозғалтқышқа ие көлік үшін (50 х 23) 3 48 650 теңге утилизациялық төлем (УТ) талап етіледі. Бұл алымдар «ӨКМ операторы» ЖШС-на төленеді.Шетелден көлік сатып алған қазақстандықтарға БТ мен УТ сыртында авто құнының 17% мөлшерінде кедендік баж салығын да төлеу керегін ескерсек, елдің наразылығын түсінуге болады. – «Неге мен «ӨКМ операторы» кәсіпорнына ескі-құсқы емес, су жаңа көлігім үшін утилизациялық алым төлеуім керек? 20-30 жылдан кейін көлігім ескіргенде, ол келіп, оны алып кете ме? Ол кезде бұл ЖШС бола ма? Оны ешкім де білмейді, – дейді көлік иесі Жәнібек Күзелбаев. Бұл төлемді кезінде Энергетика министрлігі өз бұйрығымен енгізген. – Өндірушілер мен импорттаушылардың кеңейтілген міндеттемелері қағидасы енгізілгелі бері қазіргі кезде «ӨКМ операторы» автокөлік құралдары мен оның құрамдас бөліктерін жинауды, тасымалдауды, өңдеуді және утилизациялауды жүзеге асырып жатыр. Сондықтан кез келген қазақстандықтың автомобилі пайдаланудан қалса, оператор оны кәдеге жаратуға алып кетуге міндетті, – дейді энергетика ведомствосы.
Төлемде де түйткіл бар
Жалпы, осы салада жиі дау бас көтереді. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, экологиялық бірлестік президенті Азаматхан Әміртаев Президентке бұл саланы мемлекеттің қолына алуды ұсынды: «ӨКМ операторын шұғыл национализациялау керек. Оны Экология министрлігінің құрамына қосқан жөн. Тек осылай ғана аталған ЖШС-ның миллиондаған алымы мәселесін шеше аламыз. «ӨКМ операторы» ЖШС көлік пен оның доңғалағын кәдеге жаратқаны үшін жылына шамамен 400 млн доллар алатыны жарияланды. Небәрі 18 млн адамы ғана бар елден осынша жиналған. Қорқынышты сан! Өйткені 147 млн тұрғын тұратын Ресейде 2018 жылы утилизациялық алымнан небәрі 30 млн доллар жиналды», – деді А.Әміртаев. Бұдан бөлек, кейбір кәсіпкер ескі көлік шинасын өңдеуде тек санаулы зауытқа басымдық берілетініне шағымданды. Бұл ақпаратты шина қалдықтарын өңдейтін бірқатар зауыттар жоққа шығарады.«Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері енгізілген 2016 жылға дейін шиналарды кәдеге жаратумен бірнеше зауыт қана шұғылданды. Сол кезде Астана, Алматы, Шымкент пен Павлодарда ғана зауыт болды. Олар бұрыннан қордаланғаны түгіл, жыл сайын қосылатын шина қалдығын қажетке жаратуға қабілетсіз еді. 2016 жылы толыққанды сала қалыптастыру басталды. Шина өңдейтін барлық зауыт бірыңғай реестрге енгізілді. Олармен тікелей келісімшарт бекітілді. Оған сәйкес, әр зауытқа 1 келі өңделген шина үшін 30 теңгеден ақы төленеді. Осы қаржыға кәсіпорындар қосымша жабдықтар сатып алды, айналым қаржысын толтырды», – дейді «ЭКО Шина» кәсіпорнының директоры Бауыржан Айгенжеев.Рас, ол бәріне бірдей баға алыста орын тепкен зауыттардың тасымал шығынының жартысын да жаппайтынын жеткізді. – Әйтсе де, 1 келіге 30 теңге сомасын өсіру де қиын: ол бюджет қаражаты емес, азаматтардан, шина импорттаушылардан жиналған УТ. Осы соманың өзі отандық шина өңдеу зауыттары үшін қомақты көмек. Осы өндіріс түрі тартымдылығының өсуі және жаңа зауыттардың пайда болуы бұған дәлел. Бүгінде салада жалпы қуаты жылына 30 мың тоннадан асатын 20 шақты зауыт бар. Олардың кейбірі әртүрлі себеппен тендерге қатысудан бас тартты. Тендерде жеңген зауыттар алдындағы міндеттемесін «ӨКМ операторы» орындап келеді. Ал қатыспағандарға ештеңе төлемейді. Бірақ бүкіл саланы шағымданушы зауыттар ыңғайына қарай өзгертуге болмайды, – дейді Б.Айгенжеев. Әрине, бизнесмендердің байығаны жақсы, алайда одан бұқараға зиян келмеуі маңызды. Оның үстіне салада басқа да түйткілдер туындауда. Мысалы, Айболат Рзиев жуырда Ресейдегі автосалоннан жаңа Toyota Hilux көлігін сатып алғанын айтады. «ӨКМ операторы» дәл осы маркадағы автокөлікке 1 893 750 теңге утилизациялық төлем талап еткен. Өйткені ол Hilux-ты жүк көлігіне, N1, N2, N3 санатына жатқызады. Ал Салық кодексінің 492-бабының талабына сәйкес, бұл пикаптар В санатына кіреді. Демек, 1 262 500 теңге алым төленгені жөн. Сонда жеке компания талабы заңнан жоғары болғаны ма? Ал Ольга Цуканова шетелден әкелген көлігі үшін 2019 жылғы 2 шілдеде «ӨКМ операторына» 841 750 теңге төлем төлегенін, дегенмен машинаны тіркеуге қоя алмай, әкелген елде кері сатуға мәжбүр болғанын әңгімеледі. 2019 жылғы 24 қыркүйекте «ӨКМ операторынан» ол төлемді кері қайтарудан бас тартатыны туралы жауап келіпті. Азаматша мұны заңсыз санайды: алым төленген көлік Қазақстанда тіркеу есебіне қойылмаған. Осыған орай, ол Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жайылғановадан оператор басшылығына қатысты шара қабылдауды сұрайды. Алайда олар мемқызметші емес, жеке компания басшылығы болғандықтан, агенттік қарсы еш шара қабылдай алмайды. Елдос СЕНБАЙ