Алматы облысында коронавирус жұқтырудың тағы бір жаңа жағдайы анықталды, деп хабарлайды өңір әкімінің баспасөз қызметі. Коронавирус жұқтырған 67 жастағы ер адам Жамбыл ауданының Ұзынағаш ауылында анықталып отыр. 29 наурызда ол КВИ белгілерімен Қарасай ауданындағы жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылған, оның тапсырған анализдерінен коронавирус расталды. Карантинге дейін ер адамның Алматы қаласында иық буындары артритінен емделгені хабарланады. Бұл жағдай бойынша қатынаста болған екі адам анықталып, олар провизорлық стационарға карантинге жатқызылды. 30 наурыздағы жағдайға сай, Алматы облысында коронавирус инфекциясын жұқтырудың 7 жағдайы тіркелді.