Теміржол инфрақұрылымы нысандарына қызмет көрсету мен жөндеу процестері автоматтандырылады. Бір кездері үлкен әлеуметтік инфрақұрылымы мен тармақталуына қарай теміржолды «Мемлекет ішіндегі мемлекет» деп атағаны бар. Қайта құрылымдаудан кейін негізгі емес активтер ауқымды теміржол шаруашылығынан шығарылды. Алайда қазірдің өзінде ел аумағында белдеудей созылған теміржол ел экономикасының жүйеқұрушы саласы болып қалып отыр. Мыңдаған шақырымдық жолдың тұтастығы мен жұмыс істеп тұруына «ҚТЖ» ҰК» АҚ – «Магистральдық желі дирекциясы» филиалы жауап береді, оны шойын жолдың омыртқасы деп атауға болады. «ҚТЖ» ҰК» АҚ инфрақұрылым жөніндегі басқарушы директоры – «Магистральдық желі дирекциясы» филиалының директоры Бауыржан Орынбасаровты шпалға бекітілетін әр болтқа бақылау орнататын тұлға деп бағалауға болады.
Теміржол шаруашылығындағы темірдей тәртіп
– Сіз басқаратын үлкен теміржол шаруашылығында магистральдық, стансалық және арнайы жолдар, бөлу пункттері, стансалар, сұрыптау құрылғыларын басқарудың автоматтандырылған жүйесі тәрізді сансыз сала бар. Осының барлығын басқару қиын шығар? – Теміржолда ең бастысы – тәртіп және жүйе. Біздің асығыстық жасауға және «байқамай қалыппыз» деуге қақымыз жоқ, өйткені осының барлығының артында адам өмірі тұр. Жалпы алғанда, теміржол инфрақұрылымы вокзалдардан, электржабдықтаудан, белгі беру мен байланыстан, жол шаруашылықтарынан тұрады. Соңғы жылдары ол жаңа желілерді салуға байланысты инфрақұрылымдық жобалар есебінен және транзиттік тартымдылықтың артуымен кеңіді. Олар теміржол желісінің оңтайлы конфигурациясын құруға мүмкіндік берді. Айталық, 2012 жылы салынған «Жетіген – Қорғас» теміржол желісі (293 шақырым) Қытаймен екінші өткел пунктін ашуға мүмкіндік жасады. Өз кезегінде бұл Қытай – Орталық Азия және Парсы шығанағы елдері бағытындағы жүк тасымалының қашықтығын 550 шақырымға қысқартты. Сол жылы «Өзен – Түркіменстанмен мемлекеттік шекара» теміржол желісі (146 шақырым) жұмыс істей бастады. Ол Түркіменстанмен шекаралық өткелдің дамуына үлес қоса отырып, «Солтүстік – Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізіне балама бағыт құрды. Жүк тасымалдау қашықтығы 600 шақырымға қысқарды. 2014 жылы пайдалануға тағы екі теміржол желісі берілді. «Жезқазған – Бейнеу» учаскесі (1045 шақырым) Орталық өңір мен Достық стансасынан Қазақстанның батыс өңіріне жүктің тікелей шығуына мүмкіндік жасады. Сөйтіп, жүк тасымалының Еуропаға шығатын жолы қысқарды. Ал «Арқалық – Шұбаркөл» желісінің арқасында көмір, тау-кен байыту, түсті металл өндірісі салалары орналасқан ірі аудандардың еліміздің батыс аймақтарымен, Ресей мен Батыс Еуропа елдерімен төтелей салынған көлік байланысы пайда болды. Мұның барлығы орташа 540 шақырымдық жаңа желіге бағдарланған жүкті алып жүру уақытының қысқаруы есебінен жүзеге асты. 2016 жылы ұзындығы 14 шақырымдық Боржақты – Ерсай жаңа теміржол желісі салынды. Оның міндеті – Каспий порттары арқылы батыстық бағытта экспорттық әлеуетті арттыру. Бұл желі Құрық паромдық кешенін жұмыс істеп тұрған теміржол желісімен қосу қажеттігінен салынды. Ол Иран, Қытай, Ресей, ЕО елдері бағытына жүк тасымалдауды арттыру бойынша қолайлы жағдай туғызды.«E - railways»
– Контейнерлік пойыздардың жылдамдығын арттыру бойынша теміржол инфрақұрылымының былтыр қол жеткізген жетістіктері туралы айтып берсеңіз. – Ең маңызды міндеттердің бірі – контейнерлік пойыздар жылдамдығын арттыру. 2019 жылы біз 952 шақырым жолдың үстіңгі құрылымын жаңғырттық, соның 403 шақырымын күрделі жөндеуден өткіздік. Транзиттік бағыттардың 249 шақырым жолы мұқият жөнделді. Бұл жылдық көлемнің 62 пайызын құрайды. Кешенді жол машинасының ауыр түрімен 9 000 шақырым жолда жұмыс жүргізілді. Мүмкін, мен құрғақ сандарды сапырып отырғандай көрінермін, бірақ сол сандар шойын жолдың қаншалықты сенімді екенін көрсетіп тұр. Осындай шаралар жолаушылар пойызы үшін жылдамдықты орташа 1 105 шақырым арттыруға мүмкіндік берді. Мысалы, «Тұлпар–Тальго» өндірісінің вагондары 596 шақырым, ал контейнерлік пойыздар 1 872 шақырым жылдам жүретін болды. Сөз реті келгенде айта кету керек, мұның барлығы Қытай – Еуропа мен Еуропа – Қытай бағыттарына контейнерлік пойыздар жылдамдығын 10 және 20 пайыз арттыруға мүмкіндік берді. – «Қазақстан темір жолы» компаниясы «Цифрлы трансформация» бағдарламасын белсенді іске асыруда. Трансформация шеңберінде қандай жобалар жүзеге асырылып жатыр? – Біздің құзырымызда үш жоба бар. Біріншісі, «Магистраль» АБЖ шеңберінде «Мобильді диагностикалық құралды ендіру» деп аталады. Яғни, біріншіден, біз 2019 жылдың мамырынан шегіністер мен ақаулардың пайда болу тәуекелдерін анықтау кезінде «адам факторын» минимумға түсіруге тырысып келеміз. Жол шаруашылығының диагностикалық блогы алты мобильдік диагностикалық кешенмен толығуы есебінен дамуда. Олар рельстік табанның геометриялық жағдайына мониторинг жасауға және теміржол желісін кешенді диагностикалауға арналғанын атап өткім келеді. Үш мобильдік диагностикалық кешен жарты жыл бұрын жұмыс істей бастады. Осы айда (2020 жылдың ақпанында) қалған үш данасының қосу-реттеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Осындай диагностика өтіп жатқан пойыздардың, ауа райының және өзге де факторлардың ықпалымен жолда болатын өзгерістің себебін түсінуге және анықтауға мүмкіндік береді. Өз кезегінде бұл пойыздар қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуді жақсартуға тікелей ықпал етеді. Екіншіден, «Пойыздар қозғалысын басқару орталығы» жобасы шеңберінде Илецк теміржол торабы мен Орал жол бөлімшесінің учаскелерінде микропроцессорлық диспетчерлік орталықтандыру (МП ДОАЖ) енгізілген. Әбден тозған және моральдық ескірген ДО жүйелерінің орнына өзіміз әзірлеген заманауи микропроцессорлық құрылғы келді. Бұл жылжымалы құрам жағдайын орталықтан бақылауды, ақпараттарды жинауды, өндеуді айтарлықтай жедел жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Үшіншіден, 2019 жылы Павлодар магистральдық желі бөлімшесі шекарасының шегінде «ТОиР» АБЖ тәжірибелік пайдалану енгізілді. Жүйе ХТЖ пайдалану инфрақұрылымы нысандарын ұстап тұруды басқарудың автоматтандырылған жүйесін енгізу және құру үшін керек. Ол «ҚТЖ» ҰК» АҚ инфрақұрылымдары нысандарын жөндеу мен техникалық қызмет көрсетуді үздіксіз етуге, жөндеу мен техникалық қызмет көрсету шығындарын қысқартуға, қызмет тиімділігі мен ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді. – Өткен жылдың соңына таман Үкімет 2020-2025 жылдардағы инфрақұрылымдық дамудың мемлекеттік бағдарламасын бекіткен болатын. Онда теміржол инфрақұрылымын дамытудың нендей негізгі бағыттары көрініс тапқан? – Оған «Достық – Ақтоғай – Мойынты» учаскелерін жаңғырту енгізілген. Ол 213,2 млрд теңгеге түседі. Жобаны жүзеге асыруды 2023 жылы бастаймыз. Бұл Қазақстан аумағы бойынша өтетін «Қытай – Еуропа» негізгі транзиттік дәлізінің бөлігі. Біз «Достық – Ақтоғай – Мойынтыға» үлкен үміт артамыз. «Қытай – Еуропа» транзиттік жүк ағынының айтарлықтай артатынына сенімдіміз. Болжам бойынша, 2019-2024 жылдар кезеңінде Достық стансасы бойынша Қазақстан мен Қытай арасындағы тасымал көлемі жыл сайын 2,5-тен 4,5 пайызға дейін артады. Ал әзірге біз «ҚТЖ» ҰК» АҚ өз қаржысы есебінен 2024 жылға дейін болжанған көлемді қамтамасыз ету үшін «тар» орындарды жоюға бағытталған басты іс-шараларды белгілеп қойдық. Бұдан басқа, 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жол» Инфрақұрылымдық дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде «ҚТЖ» ҰК» АҚ-да 2022 жылы жүзеге асырыла бастайтын жалпы құны 162,9 млрд теңгелік ұзындығы 526,7 шақырым «Мойынты – Ақтоғай» теміржол учаскесін электрлендіру қарастырылған. Бұл жобалар жүк тасымалы уақытын қысқартуға ғана емес, импорттық мүмкіндіктердің кеңеюіне, сол сияқты транзиттік әлеуетті дамытуға айтарлықтай қарқын береді.Теміржол өзінің әлеуметтігімен мығым
– Адам капиталы, жас мамандарды қолдау... Осы әлеуметтік мәселелер қашанда маңызды. Сіздер осы мәселелерді қалай шешіп жатырсыздар ? – Бізде стратегиялық және кадрлық резерв қалыптасқан. Олардың сабақтастығының жоспары бекітілген. Әрине, біз қашанда жастарға иек артамыз. Олардың қатары бізде 13 мың адам. ОТЖ өндірістік бағытын қаперге ала отырып, біз жыл сайын М.Тынышпаев атындағы ҚазККА түлектерімен жас мамандарға деген қажеттілікті толтырып келеміз. 3,4,5 класты стансаларға, озу пункті мен разъездерге жұмысқа келген жас маман – теміржолшыларға алғашқы екі жыл жұмысы кезеңінде жалақысына қосымша қосылады және орнығуы үшін материалдық көмек көрсетіледі. Жыл сайын Жастар күнінде «Мерейлі жас теміржол отбасы» сайысының жеңімпаздары деп танылған компания филиалдарының жас қызметкерлеріне материалдық көмек көрсетіледі. Компания өз зейнеткерлерін де назардан тыс қалдырған емес, олардың қатары 15 мыңнан астам. Біздің қызметкерлеріміз бен зейнеткерлеріміз Қазақстан шипажайларында жыл сайын демалып, денсаулықтарын түзейді. Жұмысшыларымыздың балалары да сырт қалған емес. 2019 жылы жазғы демалыста екі мыңнан астам бала емдеу-сауықтыру орталықтарында тынығып қайтты.Теміржолшылар VS қалың қар
– Биылғы қыста боран мен бұрқасын көп болды. Өмір бойы теміржолда жұмыс істеп келе жатқан жандар мұншама қар 1964 жылдан бері жаумағанын айтады... – Біздің барлық қызметкеріміз қармен күресуге жұмылдырылды. Табиғи апатпен күреске, әсіресе Ақтөбе, Шығыс–Қазақстан, Қарағанды және Қостанай облыстарында екпін берілді. Ондағы теміржолшылар тәуліктік режимде қалың қар мен күшті боранның салдарын жоюға қатысып жатыр. Осының арқасында, орын алған қиындыққа қарамастан, пойыздардың үздіксіз әрі қауіпсіз қозғалысы қамтамасыз етілуде. Жол монтерлері мен өзге де теміржол кәсіпорындарының жұмысшылары теміржолда пойыздардың жүру кестесінің бұзылуына жол берген жоқ. Магистральдық желілерде тек қаңтардың соңғы аптасында ғана қардан аршу және қар күреу техникасының барлық түрі 1 075 рет жолға шығып, 43 709,3 шақырым жол тазартып, 334 685 текше метр қар шығарылды. Жолдар мен бағыттамалы бұрмаларды тазарту үшін жол шаруашылықтарының 15 мыңнан астам жұмысшысы және өзге де теміржол ұйымдарының төрт мыңға тарта қызметкері тартылды. «ҚТЖ» ҰК» АҚ орталық аппараты мен оның еншілес ұйымдарының қызметкерлері қар күреу ісінен сырт қалмады. 700-ден астам адам өткен аптада «Нұр - Сұлтан» және «Қырқыншы» стансаларында қар күреуге шықты. Осы күндері түсіністік пен жанқиярлық танытқан барлық теміржолшыға алғыс білдіремін. Жұмылған еңбектің арқасында пойыздар уақытылы жүріп, жүктер кестеге сәйкес жеткізіліп келеді. Сая ЗАГИПОВА, Нұр-Сұлтан қаласы.