«Той десе қу басы домалайтындар» еліміздегі төтенше жағдайға пысқырып қарайтын түрлері жоқ. Тарқатып айтсақ, барша әлем ішінен тынып, індеттен шошып отырғанда Түркістан облысында кейбір «отпен ойнағандар» той тойлауын қояр емес. Облыста осындай себеппен әкімшілік құқықбұзушылықпен 16 тұлға қамауға алынды. Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметінен алған «онлайн» мәліметке сүйенсек, облыста төтенше жағдайға қарамастан құдалық өткізіп, қыз ұзатқан, туған күн тойлатқан азаматтар 5 тәулікке қамалған. Сондай-ақ төтенше жағдай кезінде санитарлық-эпидемиологиялық ережелерді сақтамағаны үшін Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодекстің 476 «Төтенше жағдай режимін бұзу» бабы бойынша 115 нысанға құқықбұзушылық туралы хаттама рәсімделіп, сотқа жолданды. Сот шешімімен 28 тұлғаға 10 АЕК есебінде айыппұл салынып, 16 тұлға қамауға алынды. Бұл туралы Түркістан облысының Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Бақтыораз Елемесов мәлімдеген. Сонымен қатар, ол қоғамдық орындарда азаматтар мейлінше бетперде пайдаланып, нысандар есік тұтқаларын дәке маталармен орау - санитарлық талаптарға сай емес екенін айтты. Айта кетейік, өңірде арнайы мониторинг топтарымен дезинфекциялау шаралары күнделікті бақыланып, атқарылған жұмыстар ақпараты ситуациялық орталыққа күнделікті ұсынылып отыр.
Тельман БЕЙСЕНОВ, Түркістан облысы.