Шығыс Қазақстан облысында 4 миллиард теңгені қолма-қол ақшаға аударған ұйымдасқан қылмыстық топ ұсталды. Бұл туралы «Шығыс Қазақстан және Павлодар облысында ақшаны заңсыз қолма-қол ақшаға айналдырған ұйымдасқан топ құрықталды», – деп хабарлады ШҚО Экономикалық даму департаменті. Заңды белден басқандар жалған есеп фактураларын заңсыз берумен айналысқан. Топ ұйымдастырушылары 2018-2020 жылдар аралығында 9 мекеме құрған. Қылмыстық топтың бақылауындағы кәсіпорындар қызметінің жалпы айналымы 4 миллиард теңгеден асыпты. «Кәсіпорындарды және сотталушылардың тұрғылықты жерін тексеру нәтижесі бойынша, есепке алу құжаттары, мөр, компьютерлер мен криптографиялық кілттер, чек кітапшалары және 9 миллион теңге ақша анықталды. Ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері қамауға алынды. Бүгінде Қылмыстық кодекстің 262-бабының 1-бөлігі, 216-баптың 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды» дейді департамент өкілдері. Айта кетейік, бұл 2020 жылдың басынан дәл осындай іспен айналысқан екінші ұйымдасқан қылмыстық топ. Бұған дейін Ұлттық қауіпсіздік комитеті Нұр-Сұлтан, Қарағанды және Алматы қалаларында арнайы операция жүргізіп, ұйымдасқан қылмыстық топ құрды деп 17 адамды тұтқындаған болатын. Комитет өкілдері оларды ел экономикасына айтарлықтай залал келтірген деп отыр. Олар 300 миллиардтан астам ақшаны заңсыз шығарыпты. Осылайша, салықтан жалтарып, мемлекет бюджетіне ай сайын 3 миллиард теңгеден шығын келтіріп отырған. Сонымен қатар шетелдік және ұлттық валютадағы қаражаттың ірі сомасын аударып отырғаны да белгілі болды. Арнайы операция нәтижесінде олардан бірнеше ноутбук, кассалық аппарат, жалған мөр мен құжаттар тәркіленді. Әділ БЕК