Nur Otan партиясы Атырау облыстық филиалы «Сарайшық» және «Көктем» сауда орындарындағы азық-түлік бағасының тұрақтылығына және санитарлық жұмыстардың талапқа сай орындалуына бақылау жасау мақсатында мониторинг жүргізді. Рейд барысында жекелеген азық-түлік бағасының қымбаттағаны анықталды. Сондай-ақ сауда орнының басшылығына ескерту жасалып, рейд қорытындысы бойынша атқарушы органдарға бірқатар тапсырма беріліп, ұсыныстар айтылды. Саудагерлер мен қызметкерлерге санитарлық талаптарды қатаң сақтау қажеттігі тапсырылды. Сонымен қатар азық-түліктің қанша артық қоры бар екені белгілі болды. Іс-шара кезінде облыстық арнайы қордан бөлінетін ұн, күнбағыс майы, секер, картоп, тауық еті секілді тағамдарды төмен бағамен алып, халыққа тиімді бағамен ұсынуды түсіндірді. Сауда орындарындағы сатушылардың коронавирусқа қарсы сақтық шараларын қолға алып, бетперде тағып, қолғап киіп, антисептик пайдалануы керек екені қатаң түрде ескертілді. Азық-түлік бағасына жүргізілетін мониторинг алдағы уақытта еліміздің әр аймағында күшейтілген режимде жұмыс істейді. Қала аумағындағы сауда орындары мен базардағы тауарлардың бағасын қадағалау бақылауға алынады.
Абылайхан ЖҰМАШ