Бүгінде коронавирус инфекциясының жер жүзіне өте жылдам қарқынмен таралуы әлем жұртшылығын алаңдатып отырғаны мәлім. Осыған орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дер кезінде елімізде төтенше жағдай жариялап, дертке қарсы күресті күшейту жөнінде бірнеше тапсырма берді. Бұл бойынша қазіргі кезде мемлекет тарапынан тиісті жұмыстар атқарылуда. Ол үшін бірінші кезекте қарапайым халық сақтық шараларын қолға алып, қатаң тәртіпке бағынғаны жөн. Бұл өте маңызды. Дәл осындай қысылтаяң шақта еліміздің жанашыр азаматтары да жомарттық танытып, көмек қолын созуда. Солардың бірі – Uniserv ЖШС бас директоры, Nur Otan партиясы депутаттық фракциясының мүшесі, батыс қазақстан облыстық мәслихат депутаты Нұрғазы Сатбаев. Nur Otan партиясының Төрағасы – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен бастау алған, «Кедергісіз келешек», «Бақытты отбасы» және «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобалары аясында ұйымдастырылған #BizBirgemiz pеспубликалық акциясына қолдау білдірген танымал кәсіпкер акция аясында өз қаражаты есебінен қорға 10 миллион теңге аударды. Партияның белсенді мүшесі Нұрғазы Сатбаев бұған дейін де бірнеше отбасыға үй салып беріп, қайырымдылығымен танылған азамат. Қиын-қыстау кезеңде халқына көмек көрсетуді міндеті санайтын осындай жанашыр азаматтардың арқасында біз кез келген сыннан сүрінбей өтеріміз анық.
– Халқымыз ауыр індетпен күресіп жатқан сәтте көмек қолын созуды өзімнің азаматтық, перзенттік парызым санадым. Елбасы Үндеуінде кәсіпкерлерге маңызды ой тастады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Біз әрқайсымыз өз міндетімізді жауапкершілікпен орындасақ, бұл қиындықтан тезірек шығамыз» деген болатын. Ендеше әр азамат төтенше жағдайдағы ережені сақтап, ресми өкілдер мен дәрігерлердің ескертпесін мұқият орындағаны жөн. Жұдырықтай жұмылсақ, бұл қиындықты да еңсереміз, – деді Нұрғазы Сатбаев.Өзге аймақтардағы кәсіпкерлер мен жекелеген азаматтар да тұрғындарға қайырымдылық жасап жатыр.
А.ЖАСАНҰЛЫ