Жапония денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, Иокогама маңында карантинде тұрған криуз кемесінде тағы 41 адамнан коронавирус табылған. Вирус жұқтырған жолаушылардың саны 61 болды, – деп жазады Kyodo-ға сілтеме жасаған «Қазақпарат». Дерккөздің мәліметінше, ауруға шалдыққандардың жасы 20 мен 80 аралығында екені белгілі болды. Науқастар жағалауға жақын маңдағы Токио, Сайтама, Тиба, Канагава, Жапонияның орталығындағы Сидзуока префектураларындағы медицина мекемелеріне жеткізіледі.
Ресми мәліметте коронавирусты жұқтырған 41 адамның ішінде 21-і – жапон, 8-і – америкалық, 5-уі – австралиялық, 5-уі – канадалық және Аргентина мен Ұлыбританиядан екі науқас бар екені айтылды.Diamond Princess лайнерінің бортында 56 елден 3700-ге жуық жолаушы мен экипаж мүшелері болған. Айта кетейік, 80 жастағы жолаушыдан коронавирус табылған соң, кеме Канагава префектурасының астанасындағы айлаққа карантинге қойылды.