Елімізде қос мемлекеттің азаматы ретінде тіркелгендерге қарсы нақты шара қолдану енді басталды. Өйткені Қазақстанда 15 мыңдай адам қазақстандық болумен қатар, басқа республиканың тұлғасы ретінде тіркеуде тұрғаны анықталған. Бұл 2018 жылғы дерек. Дегенмен құқық қорғаушылар екі жыл өткенде ғана іске кіріскен сияқты. Неге?
Ештен кеш жақсы дейміз бе?
Екі елде азамат болып тіркелген, яғни қос мемлекетте де емін-еркін жүріп, зейнетақысы ғана емес, әлеуметтік көмегін алып келе жатқан 15 мыңдай адамның көбісі келмеске кеткен Кеңес Одағы құрамында болған республикалардың «қосмекенділері». Енді оларға да тықыр таянды. Өйткені депутаттар «республикамызда қосазаматтыққа шектеу енгізілгеніне ширек ғасырдан асқанымен, өзге елдің азаматы атанғанын жасыру оқиғалары жаппай белең алды» деп екі жыл бұрын дабыл қаққан болатын. Құқық қорғау орындары кеш болса да іске кіріскен сияқты. Ресми орындардың мәліметі бойынша, бүгінгі күнге дейін 14 елмен арада қос азаматтықпен және заңсыз көші-қонмен күреске серпін беретін осындай келісім әзірленген. Оның ішінде Қырғыз Республикасы, Тәжікстан, Өзбекстан, Беларусь бар. Осы жылы қатарға Армения да қосылады деп жоспарлануда. Тағы 8 келісімді тиісті серіктес ел қарап, ішкі келісу рәсімдерінен өткізіп жатқаны белгілі болды. Көші-қон жайындағы құжат Ресеймен де жасалатын болады. «Қос азаматтық фактілері жиі кездеседі. Көршінің не алыс шетелдің азаматтығын алған қазақстандықтар онысын қасақана жасырады. Олар Қазақстан төлқұжатын шекараны кесіп өтуде, халықаралық тасымалда қолданады. Сонымен қатар осы арқылы Қазақстаннан зейнетақы, әлеуметтік төлемдер алады, басқа да жеңілдіктерді пайдаланады. Статистикаға тоқталсақ, 2019 жылы 15,5 мыңнан астам адам Қазақстан азаматтығынан айырылды. Оның көбі – ресейліктер. Өзбекстан азаматтары да жетерлік. Бұл ретте 500 адам өзге ел азаматтығын қабылдағанына қарамастан, мемлекетіміздің төлқұжатын пайдаланып келген. Олар жауапкершілікке тартылды және елден аласталды», – деді Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев Мәжілісте өткен палатаның жалпы отырысында. Сонымен қатар заңдағы осалдықты пайдаланған 15 260 адам анықталып, олардың 550-і қылмыстық жауапқа тартылса, 102 азамат елден шығарылып, қалғандары айыппұл төлеген. Дегенмен «ештен кеш жақсы» деп өзімізді алдаумен шектелеміз бе, қалай?Қос мемлекеттікті аңсағандар
Әлемдік аренада бір мезгілде екі немесе бірнеше елдің азаматтығын алғандарды бипатрид деп атайды екен және оның екі түрі бар. Біріншісі – заңды бипатридтік. Кейбір елдерде қосазаматтық заңды деп танылады. Мәселен, Аргентина, Бразилия, Барбадос, Канада, Перу, Колумбия, Ямайка, Уругвай, Мексика, Пәкістан, АҚШ, Германия, Латвия мемлекеттері қос азаматтықты заңдастырған. Бұл елдің кез келген адамы бір мезетте екі немесе одан да көп мемлекеттің азаматы атануға толық құқылы. Екіншісі – заңсыз бипатридтік. Біздің елімізде заң жүзінде бипатридтікке тыйым салынған. Дегенмен қос мемлекет азаматтығын алуға рұқсат берген мемлекеттерде арнайы нормалар бар. Ол үшін бір елде тұрып, екінші мемлекеттің азаматы болған адам бюджетке салық төлеп тұру керек. Ол дегеніңіз қыруар қаржы. Біздің елде де қос азаматтықты көксегендер болды. Бірақ олар өз қалтасының қамын ғана ойлағандар еді. Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысы әділет органдарының кейбір өкілдері тек солтүстік аймақтың тұрғындары үшін қос азаматтықты заңдастыру керек деп атойлады. Ұсыныс қабылданбады. Кейін Ресей ғылым академиясына қарасты Еуропа институтының кеңесшісі, Париждегі Parlink Consulting компаниясының басқарушы серіктесі, экономист Берлин Иришев: «Қазақстандықтарға қос азаматтық алуға рұқсат беру керек» деп жаны аши қалды. Ол жаһанданумен бірге еліміздің ұлттық шекарасы кеңейіп, қазақстандықтар шетелде жұмыс істей бастағанын алға тартып: «Бір елдің азаматтығын қабылдағанда біз автоматты түрде Отанымыздағы азаматтығымыздан айырыламыз. Отанымыздың азаматтығын жоғалту үлкен мәселе тудырып, Қазақстанға және жақындарына бауыр басып қалған жерлестеріміздің болашағына кері әсерін тигізеді. Шетелге кетіп жатқан қазақстандықтардың қарасы көбейгенін ескерсек, екіжақты азаматтықтың маңызы арта түседі. Қазақстан азаматтығы мен жеке төлқұжатынан айырылғандығына қарамастан, патриот болып қалатын азаматтарынан айырылмауы қажет» деп өзінше долбарын да айтқан болатын. Бұл ұсынысты қолдаушылар да шықты. Дегенмен Қазақстанда екі елді ему деген ұғым жоқ екені айтылып, сөз жүзінде қалды.Министрлер ай қараған ба?
Сонда депутаттар дүрлікпесе екі елді бірге «сорып» жүргендер тайраңдап жүре берер ме еді? Еліміздің Конституциялық кеңесінің 2003 жылғы желтоқсандағы «Қазақстан Республикасы Конституциясының 10 және 12-баптарын ресми түсіндіру туралы» қаулысына сәйкес, егер Қазақстан Республикасының азаматы басқа мемлекеттің азаматтығын алатын болса, онда сол сәттен бастап оның Қазақстан Республикасының азаматтығы сақталмайды. Егер әлгі адамның басқа мемлекеттің азаматтығын алғандығы анықталса, онда ол «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» заңның 21-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасының азаматтығынан айырылады. Міне, сол жылдан бері он жеті жылдай уақыт өткен екен. Сол уақыттан бері Ішкі істер министрлігінде бес министр орын ауыстырды. Сонда осы лауазымда отырғандар «ай қарады ма?» дерсің. Заң неге орындалмаған? Депутаттардың дүрлігуін, Мемлекет басшысының бұйрығын күтіп отырған ба дерсің. Әлі қанша адам қос мемлекетті тел еміп келеді? Басқа мемлекетке көшкендер бірден автоматты түрде азаматтықтан айырылуы керек емес пе? Сұрақ көп, жауап болса. Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ