«Қаржы жүйесі – дертті». Биылғы 24 қаңтарда Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев банк секторына осындай диагноз қойған болатын. Бұл сектор 2020 жылдан бастап Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі құзырына көшті. Оған Ұлттық банктен ауыр мұра қалыпты.
Бұзық банктер көбейді
Бірінші жаңалық: банктер байыды. 2020 жылғы қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстанда 27 банк жұмыс істейді. Банк секторының жиынтық активтері 2019 жылдың басынан бері 6,2%-ға ұлғайып, биылғы қаңтарда 26 трлн 814 млрд теңгені құрады. Мысалы, 2010 жылы елімізде 37 банк болған-тын. Олардың жалпы ауқаты, жиынтықты активі 11 трлн 889,6 млрд теңгені құраған еді. Қазіргі кезде банк активінің ең үлкен бөлігі халық пен бизнеске таратылған кредиттерге тиесілі: үлесі – 50,9%. Бұл банктерге күн сайын сыйақы мен пайыздық табыс әкелетін «сауынды сиыр». Одан кейінгі дәулеті – бағалы қағаздар (20,7%). Қолма-қол ақша, тазартылған алтын түрінде және корреспонденттік шоттарда 10,5% ауқаты жатыр. Екінші жаңалық: заң бұзатын банктер көбейген. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі ІІ деңгейлі банктердің тұтынушы құқығы мен заңды мүддесін аяққа таптап жатқанын анықтады. Осыған орай, 2019 жыл қорытындысында банктерге 294 ықпал ету шарасы қолданылды: оларға жалпы сомасы 18 млн 251,2 мың теңгені құрайтын 32 әкімшілік айыппұл салынды. Кемшіліктерді жою жөнінде 259 рет ұсыным берілген. Салыстыру үшін айтсақ, 2018 жыл қорытындысында банктерге қатысты 275 жаза шарасы қолданылыпты. Оның 108-і – әкімшілік айыппұл төлеткізумен аяқталды. Яғни, ол кезде жауапкершілік қаталдау болды. Сонда Ұлттық банк: «2018 жылы ықпал ету шарасы саны 2016 жылға қарағанда 2,9 есе, 2017 жылдағыдан 2,4 есе өскені байқалады» деп мәлімдегені есте. 2017 жылы қаржы ұйымдарының тұтынушы құқығын аяқасты етуінің 115 дерегі әшкереленді. Әрине, бұл анықталған жөнсіздіктері ғана. «Соңғы кездері банктерге қатысты қабылданған шаралар санының жыл сайын ұлғаю үрдісі байқалады. Өз кезегінде, уәкілетті орган қаржылық қызметтерді тұтынушы азаматтардың құқығын қорғау үшін заңнамаға түзетулер енгізіп, олардың орындалуын қадағалауда. Сондай-ақ азаматтардың арыздары мен өтініштерін қарау арқылы бұзушылықтар анықталады» деп мәлімдеді қаржылық реттеу агенттігі. Халық шағымы негізінен кредиттерге қызмет көрсетуге, ақша аударымдарына, төлем төлеуге, банкоматтарға қатысты. Агенттік мәліметінше, 2019 жылы келесідей банктерге шара мен санкция қолданылды: алғашқы ондыққа Қазақстан Халық банкі, ForteBank, Ресей Сбербанкі, Банк Хоум Кредит; Kaspi Bank, Еуразиялық банк, Альфа-Банк, АТФ Банк, Банк Центр Кредит және Қазпошта кірді.Шағым өндіруші сектор
Кеше Мәжілісте заңнамаға тұтынушы құқығын қорғау бойынша түзетуді талқылау кезінде депутат Омархан Өксікбаев банктерді «қансорғыш» деп атады. Оның мәліметінше, қарапайым адамдар мен кәсіпкерлердің банк алдындағы қарызы 7 трлн теңгеден асып кетті. Бұл – еліміздің бүкіл бюджетіне жетеқабыл. – Бүгінде халықтан түсетін арыз-шағымдардың 80 пайызы қаржы секторындағы заңбұзушыларға қатысты. Азаматтар банктердің жалған жарнамамен алдағанын, құқығын бұзғанын, борыш батпағына батырғанын айтады. Бірде-бір уәкілетті орган мұнымен айналыспайды. Банктердің тұтынушы құқығын қорғау жөніндегі міндетін заңмен бекітпесек, ештеңе де түзелмейді. Қазір банктер ешкімнің де мүддесін қорғамайды. Олар қансорғыш сияқты. Тек тұтынушылық несие таратады, бірақ бизнесті несиелендірмейді, – деді депутат. Заң жобасын Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев қорғаған болатын, әйтсе де бұл мәселе оның құзырына кірмейді. Сәйкесінше, депутаттың ұсынысын Ұлттық банкке сілтеумен шектелді: «Расында, өте көп шағым түсуде. Ұлттық банк өкілдерін шақырып, бұл мәселені жұмыс тобы аясында шешуді ұсынамын», – деді вице-министр. Әрине, депутат тек Президенттің айтқанын қайталады. Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қ.Тоқаев алаңдатарлық үрдісті – банктердің экономиканы несиелендірудегі рөлі жыл сайын құлдырап бара жатқанын атап өткен. Мұндай жағдайда оларды қолдау ауыртпалығы мемлекетке түседі. Мысалы, банктердің корпоративті секторды несиелендіруі – 8,7%, шағын және орта бизнеске несие беруі – 18%, ауыл шаруашылығын кредиттеуі 48%-ға азайған. Оның орнына кепілзаты жоқ тұтынушылық несие ауқымы бірден 24%-ға артты. Ұлттық банк қайтарылмайтын кредиттер (NPL) ұлғайғанын және 1 трлн 198,8 млрд теңгеге жеткенін хабарлады. Яғни, банктен қарыз алған әрбір 10 адамның шамамен біреуі (8,1%) 90 күн және одан көп уақыттан бері қарызын өтеуді тоқтатты.Тұла бойы тұнған кесел
Банк секторының өне бойын жапқан кесел көп: сала бір емес, бірнеше ауруға шалдыққан десе болады. Оның бәрін бір орган «жаза» алмайды. Былтыр Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевты «ерік-жігер көрсет, пәрмен таныт!» деп Мәжіліс депутаттары біраз қайраттандырады. ҰБ басшысы болса, ақыры саланы басқа агенттікке, Мәдина Әбілқасымованың нәзік иығына ысыра салды. Енді агенттік жұмысының басты бағыты – банк жүйесін сауықтыру болмақ. – 2019 жылы басталған банк активтерінің сапасын тәуелсіз бағалау ақпанда аяқталады. Банк секторын сауықтыру үшін олардан бюджет қаражатын еш пайдаланбай, нарықтық жолмен провизияның және капиталдың лайықты қорын түзу талап етіледі. Тиісті ұсыныстар осы жылғы бірінші тоқсан соңына дейін әзірленеді, – деді М.Әбілқасымова. 2020 жылы жүйелі түрде әрі кең ауқымда банк секторында «тәуекелге бағдарланған қадағалау» (ТБҚ) енгізілді. ТҚБ агенттік пен Ұлттық банк бірлесіп жүргізетін макропруденциалды реттеу шараларымен күшейтіледі. Бұл – Еуропа үлгісі. Олар да дәрменсіз банктерді қолдаудан аузы күйген: Еуроодақ қаржы секторына қолдау ретінде жалпы көлемі 671 млрд евро құйған екен. Бұл 2008 жылғы ЕО ЖІӨ-сінің 5,4%-ына тең. Алайда қаржы ұйымдарына деген сенімнің төмендеуі және жұртшылықтың депозиттерді жаппай әкетуі 2008 жылы қаржылық-экономикалық дағдарысқа соқтырды. Сондықтан Еуропа Орталық банкі ТБҚ қолға алды: ол SREP жүйесі деп аталды. Оған сәйкес, әр банк қызметінің күрделілігі, ауқымы және сипатына қарай арнайы әдістеме бойынша бақылауға алынады. Банкирлердің мәдениеті мен мінез-құлқына ықпал етіледі. Тәуекелге құштарлығы (risk appetite) шектен шықпайды. Мұның егжей-тегжейін ұзақ айтуға болады. Түйіні мынау: содан бері Еуропа банк секторы дүрбелеңсіз, қалыпты жұмыс істеп келеді. Мемлекет басшысы қойған жаңа міндеттерді орындау үшін агенттік Қаржы секторын дамытудың 2030 жылға дейінгі жаңа тұжырымдамасын жазып, 1 шілдеге дейін қабылдайды. Науқас секторды сауықтыру шараларының бірқатар егжей-тегжейі сол құжатта көрініс табуы тиіс.