Әлемді шарлаған індеттің барлық елге зияны тиіп, ел экономикасы құлдырау шақта тұр. Бұл жағдайда мұнайлы өңір әкімдігі ірі компаниялар тарапынан ірілік күтіп, жұмысшылардың жұмыс орын сақтап қалуға тырысуда. Атырау облысында бүгінде 360-қа жуық шетелдік компания бар. Олардың ішінде «Теңізшевройл» мен «ИКОК» компаниясы ірі компаниялар санатында. Бүгінде өңірдегі барлық компанияға сын сағаты соқты. Әлемдік дағдарыстан шығуда бұл компаниялар жұмысшылардың орнын сақтап қалу үшін барлық жағдайды жасауы қажет. Осы мәселеге орай, Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің төрағалығымен ірі компания басшыларымен жұмыс орындарын сақтауға қатысты жиын өтті. Облыс басшысы М.Досмұхамбетов Президенттің тапсырмасымен қазіргі кезеңде кәсіпкерлік субъектілеріне Үкімет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіліп, тиісті жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті. Сондай-ақ ол әр мекеме басшысы өнім өндірісінің көлемін жоспарға сәйкес жүзеге асыруға және жұмыс орындарының сақталуын қамтамасыз етуге тиіс екенін айтты. Махамбет Досмұхамбетовтің сөзінше, компаниялармен екіжақты меморандумға қол қойылады, соған сәйкес компаниялар мұнай бағасының төмендеуі мен елдегі төтенше жағдайға байланысты өз қызметкерлерін қысқартпауға міндеттенеді.
– Кәсіпорындарда тұрақты әлеуметтік ортаны қалыптастыру бірінші басшылардың жеке жауапкершілігінде екенін атап өткім келеді. Сонымен қатар баршаңызды жұмыс орындарының сақталуын қамтамасыз етуге шақырамын. Осы мақсатта әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін біздің тарапымыздан меморандум дайындалды, – деді аймақ басшысы М.Досмұхамбетов.Жұмысшылардың жұмыс орнын сақтап қалу үшін екі немесе үшжақты келісімге келу өңірде жұмыссыздықтың алдын алуда оң нәтижесін көрсету тәжірибесі бұрын да болған. Елдегі жағдай жұмыссыздықтың алдын алып, өңір экономикасы мен халықтың әлеуметтік жағдайынын тұрақтылығына ірі компаниялардың ірілік танытуы уақыт күттірмейтінін көрсетіп отыр.
Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы