Қарағанды облысында Қарағанды, Саран, Шахтинск, Абай және Теміртау қалаларында 30 наурыз сағат 00.00-ден бастап карантин енгізілді. Көшелерде және басқа да қоғамдық орындарда топтасып, үш адамнан артық жиналуға, кәмелетке толмаған азаматтарға қалада ересектерсіз жүруге тыйым салынды. – Қазіргі уақытта коронавирус ауруының 7 жағдайы тіркелді. Олардың барлығы Қарағандыда анықталды. Бірақ серіктес қала тұрғындарының 25%-ы Қарағандыға жұмысқа және басқа да шаруалармен келетінін ескере отырып, осы қалаларда коронавирустың одан әрі таралуына жол бермеу үшін карантин қабылданды, – деді облыстық Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Қанат Асқаров. 30 наурыздан бастап алаңы 2000 шаршы метрден кем емес объектілер мен азық-түлік емес тауарларды сататын нысандардың қызметі тоқтатылды. Мемлекеттік және жекеменшік балабақшалар жабылды. Сұлулық салондары, қоғамдық моншалар мен сауналар, букмекер кеңселері және басқа да қызмет көрсету орындары жұмысын тоқтатты. Мейрамханалар мен дәмханаларға тек жеткізу қызметі арқылы жұмыс істеуге рұқсат етіледі. – Біріншісі, азық-түлік, дәрі-дәрмек сатып алуға, банк қызметтерін пайдалануға және жұмысқа шығуға болады. Екіншісі, 65 жастан асқан адамдарға үйден шығуды шектеу ұсынылады. Үшіншісі, халықтың жаппай жиналатын орындары саябақтар, гүлзарлар, жаяу жүргіншілер көшелері, ойын алаңдары және т.б. жабылады. Төртінші, бизнес-орталықтар сағат 10.00-ден 15.00-ге дейін жұмыс істеп, олардың жанындағы қоғамдық тамақтану пункттерінің қызметі уақытша тоқтатылады. Бесінші, барлық меншік түріндегі кәсіпорындар мен ұйымдарға жұмыс күнін екі сағатқа қысқарту ұсынылды, – деп хабарлады қала әкімі Нұрлан Әубәкіров. Бюджет қаржысына экспресс-тест сатып алынды. Тестілеу клиникалық көрсеткіштері болған жағдайда аумақтық емханаларда тегін жүргізіледі. – Бүгінгі таңда 7 жұқтыру оқиғасы анықталды, оның ішінде 4-і сырттан келгендер және ауырғандардың 3-і – облыс тұрғындары. Барлық пациенттер эпидемияға қарсы қауіпсіздік шараларын сақтай отырып оқшауланған және тиісті емдеу курсынан өтеді. Қазіргі уақытта олардың жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланады. Қажетті дәрі-дәрмектер толық көлемде бар, – деді Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаев. Қарағанды қаласында бір кіреберіс сыртынан бекітілді. Ермеков көшесіндегі №106/1-үйдің бір кіреберісіне карантин қойылды. Үйқамақ 14 күнге созылады. – Біз жұқтырғандармен байланыста болған эпидемиологиялық тізбекті тоқтату бойынша шаралар жүргізудеміз. Олардың барлығы анықталып, карантинге орналастырылды. Емделушілердің бірі қатаң карантин режимін бұзғаны анықталды, сондықтан біз санитарлық-эпидемиологиялық іс-шараларды күшейттік, оның ішінде Қарағандыдағы көпқабатты үйдің кіреберісін карантинге жаптық, – деп түсіндірді Қанат Асқаров. Ешкім карантинді бұзбауы үшін кіреберіс уақытша бұғатталған. Полиция қызметкерлері мен медицина қызметкерлері кезекшілік етеді. – Кіреберістің ішінде қалдықтарды жинауға арналған пластик контейнер қақпақпен жабылған. Қоқыс күніне екі рет шығарылады. Азық-түлік сағат 10.00 және 17.00-де «Аян» супермаркетінен өтінім бойынша жеткізіледі. Курьермен тікелей байланыс болмайды, тапсырыстарды полиция қызметкерлері береді, – деп түсіндірді қала әкімдігі. Қарағандыда «Көмек-2020» облыстық қоғамдық қоры құрылды. Жиналған ақша коронавирустың таралуына қарсы күреске, сондай-ақ қиын өмірлік жағдайға тап болған адамдарға әлеуметтік көмекке жұмсалады. YDD Corporation кәсіпорнының акционерлері 100 миллион теңгеге жуық ақша бөлді. Сондай-ақ Ydd Corporation, QazCarbon, қарағандылық «Сарыарқа» нан зауытының және Балқаш қаласының «Балқаш» нан зауытының еңбек ұжымдары біркүндік жалақыларын аударды. Жалпы сома 18 миллион теңге құрады. Төтенше жағдай режимі кезінде қарт адамдарға көмек көрсететін ba09.kz сайты ашылды. Бірыңғай онлайн-платформаны қарағандылық Belsendi Azamat IT мамандары құрды. Сайтта азық-түлік, сусындар, азық-түлік емес тауарлар мен дәрі-дәрмектерді тегін жеткізуге тапсырыс беруге болады. Мұндағы «курьер болу» функциясы арқылы жұмысқа орналасуға болады. Сондай-ақ сайт мұқтаждарға қол ұшын созып, көмек көрсеткісі келетіндер үшін «Волонтер болу» жаңа функциясын қосты. Еріктілерге жұмыспен қамту орталығы қарт адамның мекенжайы мен байланыс телефонын береді. Волонтерлар қарт адамдарға дүкен мен дәріханаға барып, қоқыс шығаруға көмектеседі. – Облыста тұрақтандыру қоры толықтырылады. Ол үшін облыстық бюджеттен қосымша 1 млрд теңге бөлінді. Барлық провизорлық және карантиндік госпитальдар қаладан тыс жерлерде жеке тұрған ғимаратта орналасқан. 540 медицина қызметкері вахталық жұмыс режимімен госпитальға ауыстырылды. Қорғаныс маскалары мен дезинфекциялау құралдарының жергілікті өндірісі жолға қойылды. Бірақ қазіргі жағдайда медициналық бетпердемен бірінші кезекте медицина және полиция қызметкерлерін, арнайы қызмет мамандарын қамтамасыз етуде. 677 медициналық техника сатып алынуда. Жақында тепловизорлардың жаңа партиясы жеткізілуін күтіп отырмыз, – деді облыс әкімі Жеңіс Қасымбек. Бүгінгі күні Қарағанды облысында карантинде тәулік бойы бақылауда 509 адам бар. Бұл 1А санатындағы елдерден оралған немесе шартты түрде жұқтырған адамдармен байланыста болған азаматтар. Тағы 421 адам үй карантинінде.
Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА, Қарағанды облысы