Ел тұрғындары енді қымбат медициналық қызметтерді тегін ала алады. МӘМС арқылы МРТ, компьютерлік томография, стоматология сынды қымбат қызметтерге тегін қол жеткізуге мүмкіндік бар. Ол үшін мәртебеңізді анықтап, ортақ қорға жүйелі түрде ақша аудару керек. Статистикалық дерекке сүйенсек, Қазақстанда жыл сайын 2,6 миллионнан астам адам еңбекке жарамсыздық парағын алады. Ал әр жұмыскер күн сайын 12,6 мың теңгенің өнімін өндіреді. Демек, жұмыс берушілер жыл сайын 370 млрд теңгеге жуық шығын көреді. Тегін стоматологиялық қызмет кімге көрсетіледі? Аталған қызмет әлеуметтік әлжуаз топқа жататын тұлға үшін қолжетімді. Сондай-ақ студенттер, балалар, зейнеткерлер, көпбалалы ана мен мүмкіндігі шектеулі жандар бюджет есебінен сақтандырылады. 10 миллионға жуық қазақстандық осы статусқа ие. Бұдан бөлек, 2 миллионнан астам азаматтың статусы анықталмаған. МСҚ ұсынған мәлімет бойынша, жүйе іске қосылған 2017 жылдың 1 шілдесі мен 2019 жылдың 31 желтоқсан аралығында жұмыс берушілер мен жекеменшік кәсіпкерлерден міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға түскен жарнаның жалпы сомасы 246,9 млрд теңгені құраған. Оның 237,7 млрд теңгесі (96,3%) жұмыс берушілердің аударымдары болса, қалған 9,2 млрд теңге (3,7% жуығы) – жеке кәсіпкерлер мен азаматтық-құқықтық келісімшарт негізінде еңбек ететін тұлғаларға тиесілі екен. Сондай-ақ жарна төлеу жөнінен Алматы, Нұр-Сұлтан қаласы мен Қарағанды облысы көш бастап тұр. «Осынша қаржы қайда сақталады?» деген сұрақ туындауы мүмкін. Жинақталған қаржы Ұлттық банкте сақталады. Өйткені елдегі бас банкпен арнайы келісім бар. Келешекте МӘМС пакеті шеңберіндегі қызмет ақысын төлеу үшін банктегі сақтаулы қаржы жұмсалады.
Осыған орай, МӘМС аясында жылына бір рет әр сақтанушы тегін тексеруден және кәсіби тексеруден өтуіне болады. Қазір елімізде ақысыз түрдегі скринингтің үш түрі бар: сүт безі қатерлі ісігі (40 жастан 70 жасқа дейінгі әйелдер үшін), колоректальды қатерлі ісік (50 жастан 70 жасқа дейінгі ерлер мен әйелдер үшін), жатыр мойны обыры (30 жастан 70 жасқа дейін). Скринингті тіркелген поликлиникада өткізуге болады. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың айтуынша, қазақстандықтардың 83 пайызы сақтандырылған. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша 600-ге жуық препарат тегін беріледі. Министрлікте, құзырлы органдарда мұндай дәрінің арнайы тізімі бар. Былтыр тегін дәрі-дәрмекке 100 млрд теңге бөлінсе, биыл бюджет 192 млрд теңгені қарастырып отыр. Демек, тегін дәрі-дәрмек тізімі жаңартылады. Осындайда көкейде «МӘМС енгізумен медициналық көмектің сапасы жақсара ма?» деген сұрақ туады. Мәселен, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру арқылы азаматтардың медициналық қызмет үшін төлейтін шығыны азаяды. Бастысы, сізде таңдау еркіндігі бар. Клиника мен дәрігер таңдауға құқылысыз. Сондай-ақ сақтандыру пакетіне жоғары технологиялы операциялар да кіреді. Әрі ЭКО-ны белгілі бір құрылым арқылы тегін жасатуға болады. Өйткені ЭКО МӘМС бойынша ұсынылатын қызмет пакетіне кірді. Жоғарыдағы артықшылықтан бөлек, еліміздегі МӘМС жүйесін әлі де жетілдіре түсу керек. Өйткені елде жыл бойы медициналық қызметке жүгінбей, қорға ақша аударатындар бар. Медициналық сақтандыру жалпыхалықтық ортақ қор екенін ескерсек, ақша қайтарылмайды. Қайтпек керек? Бұған шетел қандай амал қолданады? Мәселен, Германияда сақтандыруға ай сайын ақша төлеген азамат бір жыл ішінде медициналық қызметке жүгінбесе, жалпы соманың белгілі бөлігі қайтарылады. Сондай-ақ темекі шекпей, ай сайын жаттығу залына барғанға сақтандырудан ақша беріледі. Мұндай жеңілдіктің астарында ауырмауға, салауатты өмір салтын ұстауға деген мотивация жатыр. Айбике ЖАНАСЫЛМӘМС-тің тағы бір артықшылығы – жылына бір рет тегін тексеруден өту. Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының мәліметі бойынша, қазір онкологиялық диспансерде 180 мыңнан астам адам тіркелген. Сәйкесінше қатерлі ісік ауруы әсерінен өлім көрсеткіші 100 мың адамға шаққанда 14 060 жағдай. Яғни, мұның алдын алу үшін тұрақты әрі кешенді тексерістен өткен жөн. Өйткені қатерлі ісікті ерте сатысынан анықтаған неғұрлым пайдалы.