Жуалы бекетіндегі жанкештілер
Жуалы бекетіндегі жанкештілер
166
оқылды
Алты құрлыққа ауыз сал­­­­­ған коронавирус ін­деті Жамбыл жеріне де же­тіп, сақ­­тық ша­ралары кү­­шейе түс­ті. Ауру өңірі­мізге ше­кара асып, қыр­ғыз мем­ле­ке­­тінен кел­­генімен, қазір аймақ­­тың төрт тұсынан бір­­дей қым­та­лып, блок-бекет­тер­де ба­қы­лау жұ­мыс­­тары басты на­зар­ға алын­­ған. Сөз жоқ, өткізу бе­кет­­терін­дегі маман­дар­дың еңбегі ерен. Өз өмі­рін қауіп­­ке тігіп, алдыңғы шеп­тен табылу – көзсіз ер­лік. Осы орайда, Жуалы ау­данын­дағы «Шақпақ ата» бе­кетіне ар­найы барып, мұн­дағы жұ­мыс­ты көзбен көріп қайтқан едік. «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» автодәлізінің 583-шақырымында орналасқан «Шақпақ ата» өткізу бекетінде талап та, тәртіп те қа­таң. Олай дейтініміз, облыстық Полиция департаменті бізді бекетке кіргізбес бұрын арнайы қорғаныш киімін  киіндіріп, қажетті сақтық шараларының бәрін жасады. Тіпті, біздің қозға­лып тұруымыз да қырағы сақшы­лар­дың қатаң бақылауында бол­ды. Сондай-ақ жолаушылар және ма­мандармен тілдесуіміз де бе­кі­тіл­ген талап шеңберінде жүргізілді. Ең алдымен Жуалы аудандық полиция бөлімінің басшысы Дәурен Сапиев блок-бекеттің құ­рылған кезеңі мен қазіргі таңға дейін атқарылған жұмыспен та­ныс­тырды. – «Шақпақ ата» өткізу бе­кеті 19 наурыз күні құрылып, бү­гінгі таңға дейін өз жұмысын жүйелі атқаруда. Блок-бекетте 10 медицина маманы, 2 СЭС қызметкері және құзырлы орган мамандары кезекшілікпен жұмыс жүргізуде. Мамандар 2 тепловизор және қажетті құрылғылармен қам­тамасыз етілген. Блок-бекет құ­рылғаннан бері Түркістан об­лысынан 5 524 машина өтсе, оның 1 149-ы жүк және 3 886-ы жеңіл автокөліктер. Осы таңға дейін өзге өңірден келген 8 258 жолаушы тексерістен өтті. Мамандар әр кө­ліктің нөмірін тіркеп, жүргізуші және жолаушылармен сауалнама жүргізуде. Дене температуралары тепловизордың көмегімен бақы­лануда. Осы таңға дейін коро­на­вирус қаупі бойынша факті тіркелген жоқ. Бұл жұмыстар әлі де жалғасын табады, – деп ау­дандық полиция бөлімінің бас­шысы Дәурен Нұржанұлы есепті кезеңдегі жұмыстар бойынша ақпарат берді. Бұдан кейін мамандармен бірлесіп жолаушылардың дене қызуын тексеру және сауалнама жүргізу барысына біз де атса­лыстық. Аңғарғанымыз – халық­тың дені блок-бекеттің жұмысына бой үйреткен. Тәртіп бойынша ке­зекке тұрып, мамандардың сауал­ына толыққанды жауап бе­руде. Мәселен, Шымкенттен Тараз қаласын бетке алған Жандос есімді жүргізуші мұндай блок-бекеттің болғанын құп көреді. – Негізі, мұндай өткізу бе­кеті қажет. Себебі өзіңнің ден­саулығың үшін тексерістен өтіп, бақылауда болғаның артықтық етпейді. Еліміздегі төтенше жағ­дайды түсіне отырып, қолдан келгенше сақтанудамыз. Бет­перде киіп, залалсыздандыру сұйық­тығы көлігімізде жүр. Ортақ мүдделі іс болғаннан кейін барша жүргізушілер мен отандастарымды тәртіпті сақтап, өткізу бекетінде тұрған мамандардың жұмысына септесуге шақырамын, – дейді жүргізуші. Ал Қанат есімді азамат Бауыржан Момышұлы ауылының тұрғыны болғанымен, күнделікті тірлігі бойынша блок-бекеттен әрі-бері өтетінін айтады. Және әркез өткенде өзінің денсаулығы үшін қайталап тексерістен өте­тінін, ол да бекетте тұрған маман­дардың жұмысына кедергі кел­тір­мей, түсіністікпен қарауға үндеді.    width= Иә, осылайша өзге өңір­ден ағылған да, жергілікті жүргізу­шілер де өткізу бекетінің жұмысы мен тексерісіне түсіністік та­нытуда. Десе де, блок-бекетте болған сәтімізде бетперде кимей немесе мамандардың сауалына жауап беруден жалтарған жүргізу­шілер де болды. Олармен тәртіп сақшылары жіті түсіндірме жұ­мыстарын жүргізіп, медицина мамандары бұл жүргізушілердің өздері үшін маңызды екенін ұғын­дырды. – Өздеріңіз байқап тұрғандай, мамандардың жұмысы ауыр. Таңғы сағат 9.00-ден 18.00-ге дейін бір мамандар тұрса, түн­де екінші топ кезекшілікке шы­ғады. Жуалы ауданы таулы өлке саналатындықтан мұндағы түнгі суықты айтып жеткізу мүм­кін емес. Соған қарамай маман­дарымыз көз ілмей, тәулік бойы жұмысын қырағы атқаруда. Тәртіп сақшылары көліктерді тоқтатып берсе, СЭС мамандары тепловизормен тексереді, ал медицина мамандары анкета толтырады. Онда бекеттен өт­кен жолаушылардың аты-жөні, мекенжайы мен байланыс нө­міріне дейін жазылады. Негізі адамның дене қызуы 38-39 градус болса, бұл қауіпті саналады. Ол кезде бірден 103-ке хабарласып, науқасты да, оны­мен байланыста болған адам­дарды да оқшаулаймыз. Жуалы ауданында шұғыл шақыртуға дайын тұрған жедел жәрдем көлігі бар. Олар инфекция жұқ­тыруы мүмкін адамды бірден облыс орталығындағы ауруханаға жеткізеді. Құдайға шүкір, әзірге бірде-бір ондай факті тіркелген жоқ, – дейді Жуалы аудандық орталық ауруханасы бас дәрі­ге­рінің орынбасары Абзал Байтөлеев. Жалпы, қазіргі таңда облыс шеңберінде дәл осындай 5 блок-бекет жұмыс атқаруда. Олар: Са­рысу ауданында «Саудакент–Шолаққорған» тасжолының 30 шақырымындағы «Жайылма», Қордай ауданында «Алматы–Таш­кент» тасжолының 158 шақы­рымындағы «Отар» және Мойын­құм ауданында «Шу – Бірлік – Бурыл­байтал» тасжолының 160 шақы­рымындағы «Бірлік», Жуалы ауданында «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолының 583 шақырымындағы «Шақпақ ата» бекеті және «Қошқар ата – Түркістан облысы» тасжолының 75 шақырымындағы «Шаян» бекеттері. – Бақылау нәтижесіне сәйкес, 20-26 наурыз аралығында жол-санитарлық бекеттерден өткен       16 066 автокөлік, оның ішінде 3 778 жүк көлігі, 1 141 жолаушылар және 11 147 жеңіл автокөлік тексерілді. Коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау мақсатында медициналық қызметкерлер 43 668 адамды тексеруден өткізді. Аталған жол-санитарлық бекеттерінде жұ­мыс істейтін қызметкерлер ыстық тамақпен, қызметтік көліктермен және жанар-жағармай материал­дарымен, инфекцияға қарсы жаб­дықтармен (обаға қарсы киімдер, медициналық бетперделер, рес­пираторлар) қамтамасыз етілген. Аса қажет болмаса, аза­мат­тарға көлікке отырмай, қозға­лысты шектеуге шақырамыз, – дей­­ді об­лыстық Полиция де­пар­­та­менті бас­тығының бірінші орын­басары, по­ли­ция полковнигі Бақыт Ратаев. Бұдан бөлек, өңірде коро­навирус инфекциясын жұқтырған үш жағдайдың анықталуына бай­ланысты жұқпалы аурудың таралуына жол бермеу мақса­тында облыс бойынша жүргізу­шілерді, жолаушыларды және авто­көліктерді тексеруді жүзеге асыратын 16 блок-бекеті құрылып отыр. Осылайша, полиция қыз­меткерлерінің жұмысы күшей­тілген тәртіпке көшкен. Бұл сөз жоқ, бұқараның қауіпсіздігі мен сау­лығы үшін жасалып отырған қадам.  

 width= 

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы