Алты құрлыққа ауыз салған коронавирус індеті Жамбыл жеріне де жетіп, сақтық шаралары күшейе түсті. Ауру өңірімізге шекара асып, қырғыз мемлекетінен келгенімен, қазір аймақтың төрт тұсынан бірдей қымталып, блок-бекеттерде бақылау жұмыстары басты назарға алынған. Сөз жоқ, өткізу бекеттеріндегі мамандардың еңбегі ерен. Өз өмірін қауіпке тігіп, алдыңғы шептен табылу – көзсіз ерлік. Осы орайда, Жуалы ауданындағы «Шақпақ ата» бекетіне арнайы барып, мұндағы жұмысты көзбен көріп қайтқан едік.
«Батыс Қытай – Батыс Еуропа» автодәлізінің 583-шақырымында орналасқан «Шақпақ ата» өткізу бекетінде талап та, тәртіп те қатаң. Олай дейтініміз, облыстық Полиция департаменті бізді бекетке кіргізбес бұрын арнайы қорғаныш киімін киіндіріп, қажетті сақтық шараларының бәрін жасады. Тіпті, біздің қозғалып тұруымыз да қырағы сақшылардың қатаң бақылауында болды. Сондай-ақ жолаушылар және мамандармен тілдесуіміз де бекітілген талап шеңберінде жүргізілді.
Ең алдымен Жуалы аудандық полиция бөлімінің басшысы Дәурен Сапиев блок-бекеттің құрылған кезеңі мен қазіргі таңға дейін атқарылған жұмыспен таныстырды.
– «Шақпақ ата» өткізу бекеті 19 наурыз күні құрылып, бүгінгі таңға дейін өз жұмысын жүйелі атқаруда. Блок-бекетте 10 медицина маманы, 2 СЭС қызметкері және құзырлы орган мамандары кезекшілікпен жұмыс жүргізуде. Мамандар 2 тепловизор және қажетті құрылғылармен қамтамасыз етілген. Блок-бекет құрылғаннан бері Түркістан облысынан 5 524 машина өтсе, оның 1 149-ы жүк және 3 886-ы жеңіл автокөліктер. Осы таңға дейін өзге өңірден келген 8 258 жолаушы тексерістен өтті. Мамандар әр көліктің нөмірін тіркеп, жүргізуші және жолаушылармен сауалнама жүргізуде. Дене температуралары тепловизордың көмегімен бақылануда. Осы таңға дейін коронавирус қаупі бойынша факті тіркелген жоқ. Бұл жұмыстар әлі де жалғасын табады, – деп аудандық полиция бөлімінің басшысы Дәурен Нұржанұлы есепті кезеңдегі жұмыстар бойынша ақпарат берді.
Бұдан кейін мамандармен бірлесіп жолаушылардың дене қызуын тексеру және сауалнама жүргізу барысына біз де атсалыстық. Аңғарғанымыз – халықтың дені блок-бекеттің жұмысына бой үйреткен. Тәртіп бойынша кезекке тұрып, мамандардың сауалына толыққанды жауап беруде. Мәселен, Шымкенттен Тараз қаласын бетке алған Жандос есімді жүргізуші мұндай блок-бекеттің болғанын құп көреді.
– Негізі, мұндай өткізу бекеті қажет. Себебі өзіңнің денсаулығың үшін тексерістен өтіп, бақылауда болғаның артықтық етпейді. Еліміздегі төтенше жағдайды түсіне отырып, қолдан келгенше сақтанудамыз. Бетперде киіп, залалсыздандыру сұйықтығы көлігімізде жүр. Ортақ мүдделі іс болғаннан кейін барша жүргізушілер мен отандастарымды тәртіпті сақтап, өткізу бекетінде тұрған мамандардың жұмысына септесуге шақырамын, – дейді жүргізуші.
Ал Қанат есімді азамат Бауыржан Момышұлы ауылының тұрғыны болғанымен, күнделікті тірлігі бойынша блок-бекеттен әрі-бері өтетінін айтады. Және әркез өткенде өзінің денсаулығы үшін қайталап тексерістен өтетінін, ол да бекетте тұрған мамандардың жұмысына кедергі келтірмей, түсіністікпен қарауға үндеді.
Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы