Коронавирус инфекциясының алдын алу үшін Ақтау әуежайында барлық халықаралық әуе рейстері уақытша тоқтатылған еді. «Ақтау –Cтамбұл – Ақтау» бағыты бойынша соңғы рейстер 24, 26 наурыз күндері ұшқан болатын. Алайда соңғы түйенің жүгі ауыр болды. 27 наурыз күні таңда Cтамбұл –Ақтау бағытында ұшып келген 47 жастағы ер адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. Батыс Қазақстан облысы Орал қаласының тұрғыны болып саналатын науқас 12 ақпаннан бері Түркияда болған. Жұмыс таба алмағандықтан ,елге қайтуды жөн көрген. Орал қаласына Ақтау арқылы жетпек болған транзит жолаушының ұшақта өзін жайсыз сезінуі және ОРВИ-дің белгілері болуына байланысты анализі алынып, бірден карантинге (арнайы боксқа) жатқызылды. Онымен бірге ұшып келген 74 адамның барлығы оқшауланып, карантинге алынды. Коронавирусты жұқтырған науқас Ақтау қаласының тұрғындарымен ешқандай қарым-қатынаста болған жоқ. Тек борт серіктерімен және ұшқыштармен байланыста болғаны белгілі. Науқаспен бірге бортта болған жолаушылар да бірден карантинге жатқызылып, сынама алынды. Ешбірінен вирус анықталмады. Қазіргі уақытта емделуші жалпы жағдайы қалыпты, температурасы тиісті деңгейде. Ол өзін жақсы сезінеді. Сондай-ақ 2020 жылдың 30 наурыздан бастап Маңғыстау халқының жүріп-тұруына шектеу енгізілді. Яғни, таңғы сағат 08.00-ден кешкі 19.00-ге дейін тұрғындардың өз пәтерлерінен шығуына шектеу қойылады (тек ерекше қажет болғанда ғана дүкен, дәріхана, қоқыс төгу және жұмысқа баруға рұқсат етіледі). Көршілер, туыстар, әріптестер және т.б. бір-біріне баруына тыйым салынады. Азаматтардың қоғамдық орындарға: теңіз жағалауына, саябақтар, алаңдар, балалар және спорт алаңқайлары және т.б. баруына шектеу қойылады. Кешкі сағат 19.00-ден таңғы 08.00-ге дейін аса қажет болмаса далаға шығуға болмайды (ауырған жағдайда, үйіңізде төтенше жағдай болған жағдайда, т.б.). Көшеге шыққанда өзіңізбен бірге міндетті түрде жеке куәлігіңіз болуы тиіс. Егер еш себепсіз көшеге шыққан жағдайда, құқық қорғаушылар әкімшілік шара (айыппұл) қолданады. Дүкен, супермаркет, базар, банкте кезекте адамдар 1 метр арақашықтықты сақтап тұруы тиіс. Аталған жерге барған кезде міндетті түрде бетперде кию керек. Төтенше жағдай кезінде той, садақаға және қонаққа баруға болмайды. Көлік қозғалысына да шектеу енді. Таңғы сағат 08.00-ден кешкі 19.00-ге дейін ғана Ақтаудағы қоғамдық көліктердің (автобус, газель) қозғалысына рұқсат. Жеке көліктер мен жолаушылар таситын такси (егер жеңіл көлік болса) қозғалысына шектеу жоқ. Барлық бағыттағы қалааралық, ауданаралық қоғамдық көліктердің қозғалысына шектеу қойылды. Бұл шектеудің жеке көліктерге қатысы жоқ. 657/658 «Маңғыстау – Бейнеу» бағытындағы пойыздың жүруіне шектеу қойылды. Азық-түлік, дәрі-дәрмек және т.б. халыққа қажеттіні тасымалдайтын кез келген көліктің қозғалысына шектеу жоқ. Маңғыстау облысының аумағында жол жабылған жоқ.
Анаргүл ЖЕКСЕМБАЙ, Ақтау қаласы