Нұр-Сұлтан қаласы Байқоңыр ауданында тұратын үшемнің тағдыры туралы «Айқында» бірнеше рет мәселе көтердік. Осы жолы үйде жалғыз қалған көпбалалы ана үшемнің ішер асын алып келуге сыртқа шыға алмады. Себебі қалада жұмыс тоқтаған соң отағасы Софиевка ауылына мал бағуға кеткен. Ал жағдайды естіген волонтерлар Мерей Жайсаңқызына көмек көрсетті. Елордада карантин кезінде шарасыз күйде қалған кісілерге көмек қолын созып жүрген 200-ге жуық волонтер бар. Олар #Bizbirgemiz акциясы аясында үшемге барып, керек-жарақпен қамтамасыз етіп қайтты. Қазір олар арнайы тізім жасаған. Сол бойынша мұқтаж отбасыларға тәулік бойы қызмет көрсетуге дайын. Үшемнің анасы да сүйінші хабарды қуана жеткізді. Волонтерларға алғысын білдіріп, жұмысына сәттілік тіледі. Қала тұрғындарына 30 мыңға жуық медициналық маска таратқандарын да естіген екен. Үйіне келген ерікті азаматтарға ешкімді бейжай қалдырмай, қажетті заттармен қамтамасыз еткеніне риза екенін жеткізді. Нұр-Сұлтан қаласы Жастар саясаты басқармасының басшысы Дәулет Кәрібектің айтуынша, волонтерлар іске бел шеше кіріскен. Мұқтаж әр жанды тізімдеп, түскен қоңырауға қуана жауап береді. Дегенмен соның ішінде көпбалалы болса да, жағдайы жақсы отбасылар бар екен. Үй-ішінің сырына қаныққан олар алып келген затын кері алып кеткенде, адамдардың эмоциясын ұстай алмайтынын айтады. Тіпті, арасында қарғап-сілейтіндер бар екен. Бірі – қорап ішіндегі күріш пен макаронның сортына сын айтса, екіншісі – ықыласпен қабылдайды. Бірақ волонтерлар үшін қала тұрғындарының карантинді сақтап, денсаулығына сақтықпен қарағаны керек.
Айбике ЖАНАСЫЛ