Аяз қайтса ауылдар қайтпек?
Аяз қайтса ауылдар қайтпек?
171
оқылды
Шығыстағы қалалар мен аудандарға қарасты бірқатар ауылдарға көктемдегі қарғын судан қауіп бар. Мәселен, Алтай ауданындағы 12 елді мекеннің тұрғындары көктемгі су тасқынынан зардап шегуі мүмкін. Биылғы шамадан тыс көп жау­ған қар осылай деуімізге себеп бо­лып отыр. Өкінішке қарай, Ал­тай қаласы мен Путинцево, Бы­ко­во, Парыгино, Малеевск, Со­­ло­вье­во, Чапаево, Снегирево, Баяновск, Первороссийское ауыл­да­­рын, сон­дай-ақ Зубовка мен Тұр­­ғысын кент­терін су басу қаупі бар. – Аудандағы табиғи апаттың ал­дын алу мақсатында тиісті жұ­мыс­­тар атқарылуда. Күні бүгінге дейін жауапты сала мамандары кәріз құдықтарын, өзен мен арық­тардың арналарын тазартты. Біз су тасқыны болған жағдайда тұрғын­дар мен жануарларды қауіпсіз ай­м­аққа эвакуациялаудың сызба­сын жасап қойдық, – деді аудан әкімі аппараты аумақтық қорғанысты қа­лыптастыру басқармасының ар­на­йы тобының жетекшісі Аман­гелді Тымбаев. Биыл аудандағы Богатырев су бө­геті мен Хамир өзенінің маңа­йын бекіту жұмыстары жүргізіледі. Бұдан бөлек, биыл жауапты сала мамандары мұз жару жұмыстарына 45 миллион теңге бөлуді сұрап, өті­­нім бермек. Мұндағы басты мақ­­сат – көктемгі су тасқынының ал­дын алу. – Биыл Соловьево ауылындағы Березовка өзенінің арнасы мен Зубовка кентін, Алтай қаласындағы сая­жай аумағы мен Быково ауы­лын­дағы тұрғын үйлерді су шайып кетуден сақтап қалу үшін тиісті жұ­мыстар атқарылады, – деді Аман­гелді Тымбаев. Атап өтерлігі, Алтай ауданы тау­лы өңірде орналасқандықтан, бұған дейін де бірнеше рет көктемгі тасқынның зардабын айтарлықтай тартқан аудан. Соған орай, биыл да әзірлікті ерте бастан қолға алған жайы бар. Көктемгі су тасқыны қаупі тек Алтай ауданында ғана байқалып отыр­ған жоқ. Сонымен бірге об­лыс орта­лығына жақын Глу­бокое ауда­нын­да да қауіп бар. Сол үшін жер­гі­лікті әкімдік қазір­ден тас­қын­ға тос­қын қамын жа­сауда. Атап айт­қанда, осыған дейін сегіз елді мекенде өзендердің саға­ларын та­зарту, су өткізгіш канал­дарды те­рең­­дету, су өткізгіш тру­­ба­ларды ор­­нату және көпір­лер­ді жөндеу жұ­­­мыстары ат­қа­рыл­ған. – «Қазгидрометтің» ресми мә­лі­меттерімен бекітілгендей, аудан аумағында қар мөлшері жылда­ғы­дан 3,5 есе артық түсіп отыр. Со­ған байланысты аудандағы Секи­совка, Тарханка, Бобровка, Алтай, Весе­лов­ка, Быструха, Черемшанка се­кіл­­ді жеті елді мекенде көктемгі тас­­қынның алдын алу шаралары қа­­былдануда, – дейді Глубокое ау­­да­­­нының әкімі Қалихан Байғо­ны­сов. Сондай-ақ тасқын қаупі өңір­де­гі Шемонайха, Бородулиха, Бес­қа­рағай, Аягөз, Қатонқарағай ау­дан­­дарында да бар. Облыстық тө­тен­ше жағдайлар департаменті­нің мамандары биыл аймақта қардың қа­лың түсуіне байланысты шығыс­қа­зақ­стандықтарға су тасқынынан барынша абай болып, ерте бастан қам жасауды ескертеді. Бұдан бөлек облыс орталығы Өскемен және Семей мен Риддер қа­ла­лары да қауіпті аймақтар қата­рында. Сондықтан облыстағы тө­тен­­ше жағдайлар мен коммунал­дық саладағы мамандардың және тиісті техникалардың дайындығы күн сайын пысықталуда.   Дәурен АЛЛАБЕРГЕНҰЛЫ, Шығыс Қазақстан