Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев екінші деңгейлі банктерді қиын сәтте халықты қолдауға шақырды. «Қазір кәсіпкерлердің көбі ТЖ уақытында несиеге пайыз қоспауды сұрайды. Бұлай болса банктердің өзі де шығынға батады. Банктер де - біздің экономиканың ажырамас бір бөлігі. Сол себепті мен тағы да екінші деңгейлі банктерді конструктивизмге, азаматтық жауапкершілікке шақырамын. Банктер қиын жағдайға тап болғанда мемлекет оларға айтарлықтай көмек көрсетті. Ал қазір сіздерден халыққа және отандық бизнеске қолдау керек болып тұр», - деді Мемлекет басшысы халыққа жасаған мәлімдемесінде. Қасым-Жомарт Тоқаев қажет болған жағдайда мемлекет қосымша директивті шараларды қабылдайтынын жеткізді. «Егер жағдай ары қарай ушықса, Үкімет мен қаржылық реттеушілер аталмыш мәселені шешу шараларын қабылдайды», - деді Президент.