Жүсіпбек Аймауытов атындағы қазақ музыкалық драма театры артистері төтенше жағдай кезінде жаппай маска тігіп жатыр. Артистер қойылымға дайындықтарын тоқтатып, халыққа көмектесу мақсатында маска тігуді бастады. Бүгінге дейін өнер ордасының шағын цехында мыңға жуық бетперде тігіліп, мәдениет мамандары мен қала тұрғындарына таратылды. Өңірдің өнер адамдары «Біз біргеміз» акциясына осылай үн қосты. «Хабар 24» арнасының хабарлауынша, бүгінде 50-ден астам актер мен 100-ге жуық қызметкер уақытша демалысқа шыққан. Дегенмен бұл мәжбүрлі демалыс олардың жалақыларына әсер етпейді.
Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыкалық драма театрының қойылым бөлімі меңгерушісі Алмагүл Мұқатова: «Декорациядан қалған, костюмнен қалған матадан тігіп жатырмыз. Өте сапалы, екі қабатты. Мұны жууға болады. Үтіктеп, жуып, қайтадан тағуға болады. Бір рет тағып, лақтырып тастайтын емес, пайдалануға болады, екінші рет, үшінші рет. Матасы бәрі өте мықты», –дейді.Ал Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыкалық драма театры директорының орынбасары Жарқынбек Амантайдың айтуынша, қазір ешқандай дайындық, репетиция жүргізілмейді. «Біз оқыс уақытқа дейін Абайдың 175 жылдығына орай «Жас Абай» қойылымын, «Ерте ояндым, ойландым» премьерасын жұртшылыққа ұсынып үлгердік. Наурыз айының соңында Шыңғыс Айтматовтың «Жәмила» қойылымы қойылуы тиіс еді. Осы премьерамыз және де 10-ға жуық қойылымды кейінге шегердік», – деді.