Жуырда Instagram әлеуметтік желісінде «Сайрам ауданы Таскешу ауылындағы №50 Н.Тілендиев атындағы жоғарғы орта мектеп ұстаздарын медициналық бетперде тігуге міндеттеп жатыр» деген шағым түсті. Мәселенің ақ-қарасын анықтау мақсатында партияның Сайрам аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары А.Әбдіқадыров №50 Н.Тілендиев атындағы жоғарғы орта мектептің директорымен, шаруашылық жөніндегі директордың орынбасарымен және 7 мұғаліммен жеке-жеке кездесті. Нәтижесінде, мектеп ұжымының әлеуметтік аз қамтылған отбасы мүшелерін тегін бетпердемен қамту жұмысына ерікті түрде өз үлестерін қосуға ниет білдіргені анықталды. Бетперде тігуге қажетті мата және жіп аудандық білім бөлімі тарапынан тегін берілген екен. Сонымен қатар үйінде тігін машинасы жоқтарға мектептегі 8 тігін машинасы үлестірілген. Мән-жайды нақтылау барысында әлеуметтік желіге шағымданған азамат мұғалімнің ұлы екені, оның бұл өтінішті түсінбеушілік салдарынан жазғаны анықталды. Өз кезегінде мектеп мұғалімі елдегі төтенше жағдайға байланысты халыққа көмек ретінде өз еркімен маска тіккенін, қажетті материалдардың білім бөлімі тарапынан берілгенін, өзі тарапынан ешқандай қаржы шығыны болмағанын жеткізді. Сондай-ақ қазақстандық шағым кітабы сайтында Айнұр Сайрам есімді азаматшаның да шағымы тіркелген. Шағымда «Сайрам ауданы бойынша мұғалімдердің әрқайсысына бір күнде 600 бетперде тігу немесе 15 000 теңгеден төлеу міндеттеліп отыр» деп көрсетілген. Осы мәселе бойынша Nur Otan партиясы Түркістан облыстық филиалы қызметкерлері мен Партиялық бақылау комиссиясы өкілдері Сайрам ауданына мән-жайды анықтау үшін арнайы барды. Ондағы бетперде тігіп жатқан мұғалімдермен, еріктілермен жеке-жеке диалог құрылды. Жалпы, зерделеу барысында анықталғаны, Сайрам ауданының тұрғындарын COVID-19 пандемиясынан қорғау мақсатында тегін бетпердемен (медициналық маска) қамту бойынша аудандық білім бөлімі мен бөлімге қарасты мектеп ұжымдары өз үлестерін қосуды жөн көрген. Аудан әкімдігі тарапынан бетперде тігуге қажетті материалдар тегін берілген. Сайрам аудандық білім бөліміне қарасты 74 мектептің 45-інде 200 тігін машинасы бар. Осы тігін машиналарын пайдалана отырып мектептердегі еңбек пәнінің мұғалімдері мен ата-аналардан құралған 300-ге жуық ерікті бетперде тігуде. 2020 жылдың 26-27 наурыз күндері еріктілер тарапынан 10 700 бетперде тігіліп, аудан тұрғындарына тегін таратылып жатыр. Еріктілермен сұхбаттасу кезінде мектептерге, мұғалімдерге бетперде тігу және тікпеген жағдайда 15 000 теңге ақша жинауға міндеттеу фактілері болмағаны белгілі болды. Бүгінде коронавирус індетінен елді сақтандыру үшін атқарушы билік тарапы да, өкілетті органдар да, еріктілер де үлкен қолдау көрсетуде. Қиын-қыстау кезеңде жұдырықтай жұмылу ажырамас бірлігімізді көрсетеді. Бірақ әр бастама мәжбүрлеусіз әрі тұрғындардың жүрек қалауымен жүзеге асуы тиіс. Партия филиалы мұның барлығын өз қадағалауына алып отыр.
Абылайхан ЖҰМАШ