Шығыс Қазақстанда 2 сәуірден бастап коронавируске байланысты шектеулер енгізіледі. Бұл жөнінде бүгін Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов мәлімдеді. – Құрметті шығысқазақстандықтар! Халықтың денсаулығын сақтау және коронавирус инфекциясының таралуын тежеу мақсатында Мемлекеттік комиссиямен келісе отырып, Сіздердің ұсыныс, өтініштеріңіз бойынша, Өскемен мен Семей қалаларында 2020 жылғы 2 сәуірде, сағат 00.00-ден бастап қосымша шектеулер енгізіледі, — деді облыс әкімі. Аймақ басшысының айтуынша, шығу және кіру шектеледі, 15 бақылау-өткізу пункті қойылады. Сонымен қатар бірінші қажеттіліктегі тауарларды жеткізу үшін «жасыл дәліз» ашылған. Көлік қозғалысы күндіз шектеліп, түнде тоқтайды. Тек қызметтік көліктерге рұқсат берілмек. Бір апта ішінде қоғамдық көлік қатынасы қысқартылады. Кәсіпорындар өз қызметкерлерін жеке кесте бойынша жеткізетін болады. 6 сәуірден бастап жеке көлік қозғалысы шектеледі. Сондай-ақ 6 сәуірден бастап Өскемен мен Семей аумағында тұрғындардың жүріс-қозғалысы тек рұқсат қағазы арқылы жүзеге асады. Бірінші түрі – қалалардың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін ұйым қызметкерлері, жұмыс істейтін азаматтарға арналған. Екінші түрі – әрбір отбасына беріледі. Ол арқылы аптасына 3 рет сауда нысандарына, дәріханаларға, банктер мен медицина мекемелеріне баруға болады. 2 сәуірден бастап азық-түлік бөлімдерінен басқа ірі сауда нысандарының қызметі тоқтайды. Мейрамханалар, дәмханалар, асханалар онлайн түрде тапсырыс алу, жеткізу режиміне өтеді. Қызмет көрсететін сұлулық салондары, массаж орталықтары, сауналар толық жабылады. — Айта кетейін, бұл қызмет түрлерін үйде көрсетуге қатаң тыйым салынады. Өскемен және Семейдегі жасы 70-тен асқан жерлестерімнен, І, ІІ топтағы мүмкіндігі шектеулі жандардан үйден шықпауларын сұраймын. 1 сәуірден бастап азық-түлік, дәрі-дәрмекті үйлеріңізге жеткізетін боламыз. Ол үшін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімінің 19 түрі, гигиена құралының 10 түрі кіретін 4 жинақ жасалды. Жеткізу аптасына бір рет тегін болады. Еліміздегі төтенше жағдайды ескере отырып, жақын арада Жеңіс күніне арналған біржолғы төлемдерді беруді бастаймыз. Соғыс ардагерлеріне 600 мың теңгеден, марапатталған тыл еңбеккерлеріне 100 мың теңгеден, ал марапаты жоқ тыл еңбеккерлеріне 42,5 мың теңгеден береміз. Қоғамдық тәртіпті сақтау шаралары күшейтілді. Өскемен – 200, Семей 202 шаршы аумаққа бөлінді. Күш құрылымдары үш ауысым бойынша іске кірісті. Коммуналдық және байланыс қызметтері үздіксіз жұмыс атқаратын болады. Құрметті жерлестер, тек ресми ақпаратқа сенуді сұраймын! Коронавирус пандемиясына біз тек бірлік, жауапкершілік, өзара бірге әрекет етудің арқасында ғана қарсы тұрамыз. Өзіңізді және жақындарыңызды қорғаңыз! — деді Даниал Ахметов.
Дәурен АЛЛАБЕРГЕНҰЛЫ, Шығыс Қазақстан облысы