Аталарымыз «қайырымдылық жасаудың сауабы мол» деген. Түркі әлемі рухани орталығы санайтын Түркістан облысында төтенше жағдай кезінде қайырымды іс жасауға асығатындардың қатары күн санап артып келеді. Айталық, өңірдегі ұстаздар 91 878 медициналық бетперде тікті.
Бетперделер өңіріміздегі ауыл, қала тұрғындарына, әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасыларға, дәріханаларға және мектеп қызметкерлері мен оқушыларға тегін таратылды.
Қайырымды жандардың ісін тарқатып айтар болсақ, күні кеше Кентау қаласында 20 мыңға жуық, ал Ордабасы ауданында 60 мыңнан астам бетпердені жергілікті тұрғындар, кітапханашылар мен еріктілер тігіп, тегін таратқан еді. Сондай-ақ ордабасылықтар жаңадан қолға алынған қорда 31 мыңнан астам бетперде бар екенін де жариялаған еді. Мұнан өзге, Ордабасы ауданы бойынша әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған 105 отбасыға бір айға жететін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік қоры таратылды.
Жалпы, облыс көлемінде 1 980 оқытушы игі іске өз еркімен қатысқан. Соның бірі – Кентау қаласындағы Б.Момышұлы атындағы жалпы орта мектептің информатика пәнінің мұғалімі Айгүл Арыстанбекова. Ол қоғамға қауіпті індеттің таралуы кезінде дәріханаларда бетперделердің жетіспеушілігі алаңдатқанын және сол үшін бетперде тігу ісіне белсене атсалысқанын айтты.
Тельман БЕЙСЕН, Түркістан облысы