Әлемді жайлаған коронавирус бүгінге дейін 800 мыңға жуық кісіге жұқты. Кесел ең жиі кездескен бес ел – АҚШ-қа, Италияға, Қытайға, Испанияға және Германияға барлық науқастың 63 пайыз үлесі келеді. Өкінішке қарай, бұл сандар күн емес, сағат сайын өсіп отыр. Кейбір мемлекеттерде вирус неге тым тез тарап кетті? Вируспен күресте қай елдің қолданған әдісі өз тиімділігін дәлелдеді?
ХХІ ғасырда Эбола, Зика, SARS, MERS, құс және шошқа тұмауы секілді вирустар әлемді бірнеше рет шошытқаны есіңізде болар. Алайда олар дәл COVID-19 коронавирусы секілді адамзатқа, жаһандық экономикаға зардабын тигізген жоқ. Олардың таралу ошағы белгілі аймақпен шектелді. Әр мемлекет аталған вируспен шама-шарқы келгенше өзіндік шаралар қабылдап, күресті. COVID-19 коронавирусын тоқтатудың барлық елге ортақ әдіс-амалы бар деу қиын. Бір елдер карантин енгізсе, басқалары халқын жаппай тестілеуден өткізіп жатыр. Сондай-ақ адам құқығын құрметтеп, қатаң шаралардан бас тартып жатқандары да бар.
Оңтүстік Корея, Тайвань. Тайвань коронавирустың таралу ошағы –Қытайдың іргесінде жайғасқан соң арал әп-сәтте вирус жайпаған мекенге айналады деген болжам айтылды. Алайда арал үкіметі дер кезінде қажетті қадам жасады. Мәселен, бірден Қытай, Макао, Гонконгтан келетін кісілердің санын шектеді. Бұл вирус жұқтырушылар санын азайтты. Сондай-ақ Тайваньдағы медициналық, миграциялық және кедендік барлық ақпаратты бір орталықта топтастыра алды. Осы арқылы дәрігерлер азаматтардың туристік маршрутын бақылап, ауруды кімнің жұқтыруы мүмкін екенін дәл анықтауға мүмкіндік алды. Жалпы, Тайвань 2002-2003 жылдары атипиялық пневмониядан қатты зардап шеккен. Сол кезде Денсаулық сақтау ұлттық басқару орталығын құрған. Осылайша, олар келесі эпидемияға дайындалған. Ал ең бастысы кезінде бір вирусты бастан кешіріп, аузы күйген арал жұрты осы жолы өз үкіметінің талаптарын мүлтіксіз орындады. Бұл қабылданған шаралардың тиімділігін арттырды. Кеше Тайваньда коронавирусты жұқтырғандар саны 300-ден асты. 81 мың жан ауырған Қытайдың іргесіндегі арал үшін жаман көрсеткіш емес.
Оңтүстік Кореяда 10 мыңға жуық кісі дерт жұқтырса да, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұл ел вируспен тиімді күресті деп бағалап отыр. Неге? Өйткені бұл ел жылдам әрекет етіп, медицинадағы және коммуникациядағы жоғары технологияларды тиімді пайдаланды. Қытайда қаңтар айында алғашқы вирус жұқтырған адам тіркелген соң 27 қаңтар күні ел басшылығы 20 ірі кореялық медициналық компания басшыларын жинап, вирусты анықтайтын тестті жасап шығаруды тапсырады. 4 ақпан күні Kogene Biotech Co. компаниясының өнімін үкімет құптайды. Компания 3 күн өткен соң экспресс-тестті жаппай өндіре бастады. Бұл шаралар күніне 20 мың азаматты коронавирустан тест алуға мүмкіндік берді. Тест тапсырамын дегендер ауруханаларға бармау үшін ел бойынша 633 арнайы орталық құрылды. Яғни, Оңтүстік Корея пандемия басталмай жатып-ақ алдын алу шараларын қабылдап үлгерді.
Аталған ел 2015 жылы MERS вирусынан біраз зардап шектті. Сондықтан инфекция жұқтырғандарды бақылауға алу тәжірибесіне ие. Бұл мақсатта камера, кредиттік карта, GPS, смартфон – барлығы қолданылды. Сондай-ақ науқастарға арнайы нөмір беріліп, онымен байланысқа түскен адамдарға смс жіберіледі. Смс келген азамат тесттен өтуі тиіс. Жалпы, корей қоғамы үкіметтің шараларын қолдады және бұл қолдау вируспен күресуде өз көмегін тигізді. Соның нәтижесінде Оңтүстік Кореяда коронавирустан көз жұмғандар саны 0,9 пайызды құрады, ал әлемдегі көрсеткіш – 4,7 пайыз.
Қытай. Коронавирус ең бірінші рет осы елдің Ухань қаласында табылған соң ол бүкіл елге тез таралу қаупі туындады. Сондықтан Қытай үкіметі қаланың өзін де, қала қарайтын 50 млн халқы бар Хубей провинциясын да қатаң карантинге жапты. Қоғамдық транспорттың жүруіне тыйым салынды. Мыңдаған зауыт, фабрика өз жұмысын тоқтатты, себебі оның жұмысшылары үйлерінде карантинде отырды. Мұның салдарынан Қытай өнеркәсібінің түрлі саласы 15-40 пайызға кеміді, бұл экономика үшін үлкен соққы. Сондай-ақ Бейжіңге келген барлық жолаушы 14 күндік карантинге оқшауланды. Барлық оқу орындары жабылды, университеттерге түсу үшін тапсырылатын емтихандар 1 айға шегерілді. Ел ішіндегі әуетасымалы 84 пайызға азайды. Қытай жаңа жылын тойлау үшін ауыл-аймаққа кеткен 291 млн қытайлықтың үштен бір бөлігі ғана қалаға оралып үлгерген. Әуекомпаниялары 2,35 млрд доллар шығын көріп жатыр.