Мемлекет 42,5 мың теңге әлеуметтік көмек төлеуге кірісті. АӘК төлеу кезіндегіден айырмашылығы сол осы дүрлігудің көшеде көрініс беруіне коронавирус, карантин және халыққа қызмет көрсету орталықтарының жабылуы тосқауыл болды. Елдің қобалжыған көңілін тек Үкімет пен жауапты меморгандарға қарша бораған хаттар аңғартады. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай режимі салдарынан уақытша жұмыссыз қалған адамдарға қаржылай көмек көрсетуді жүктеді. Тек Нұр-Сұлтан қаласының өзінде осы төлемге үміткерлер саны 120 мыңнан асты. Олардың арасында компаниялар мен кәсіпорындар қызметкерлері ғана емес, шаштараз, косметолог, алыпсатар секілді сервис пен сауда өкілдері де бар. «Өтінішті электронды үкімет веб-порталында онлайн беруге болады. Сондай-ақ 55-14-87, 55-01-74, 55-69-59, 55-67-12 нөмірлері бойынша кеңес ала аласыз» деп хабарлады елорда әкімдігі. Алматы қаласының әкімдігі ТЖ кезінде жұмыссыз қалғандарға әлеуметтік төлем мәселелерімен 8 707 335 0613, 8 707 335 05 14 және 8 707 335 06 15 қауырт желілеріне хабарласуды сұрайды. Негізі, 42,5 мың теңге – халықты демеуге арналған жалғыз көмек емес. Оның сыртында Елбасы тапсырмасына сәйкес Nur Otan партиясы 8 мың аз қамтылған отбасының картасына 50 мың теңгеден аударады. Бұдан бөлек, биыл аз қамтылған отбасыларды қолдаудың қосымша шарасы енгізілді: жас балаларына мемлекеттік әлеуметтік көмек (МӘК) беріледі. Атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) ары қарай төленуде. Карантин уақытында төлем алушы мен комиссия өкілдерінің тікелей байланысын болдырмау үшін АӘК тағайындау үдерісі жеңілдетілді: егер отбасы құрамы, тұратын мекенжайы және табыс көлемі өзгермесе, енді кезекті төлем ешқандай өтінішсіз-ақ ұсынылады. Үкімет осал топ өкілдерін қолдау шараларын толыққанды жалғастырады. Үкімет қаржыгерлері коронавируспен күрес және оның аясындағы қатаң шаралар ел қазынасына үлкен салмақ түсіретінін мойындайды. Тіпті,Ұлттық қордан бұрын қарастырылған шығын сыртында тағы 1,8 триллион теңге алуға тура келетіні анықталды. Бұл – мұнай түсімдері құйылатын қордың 6,8 пайызы. 2020 жылғы наурыз айының ортасында Ұлттық қорда жалпы сомасы 61 млрд 153,5 млн доллар (шамамен 27 триллион 213,3 теңге) қаражат болған. Қаржы министрлігінің мәліметінше, мемлекет зейнетақы, жәрдемақылар төлеу, орта білім беру, кепілдендірілген тегін медициналық көмек көрсету үшін барлығы 4,2 триллион теңге жұмсауы қажет. Бұл сома бұрын бюджетте бекітілген және азайтуға жатпайды. «Әлеуметтік міндеттемелер толық көлемде орындалады. Мұның сыртында зейнетақы, жәрдемақы, АӘК инфляцияға байланысты индексацияланып, арттырылады» деп хабарлады Қаржы министрлігі.
Ел наразылығы ескерілді
Біреулер 42,5 мыңды қомсынады: «100 долларға да жетпейтін қаржыңды неге аяйсың? Бер, бәріне!» деп әлеуметтік желіден билікке айбат шеккендер болды. ТЖ төлемін салмақты сома санап, оны тезірек алуға құмартқандар да жетерлік. Бірақ бастапқыда бұл оңай болмай шықты. «Қысқартуға ілігіп қалдым. Жұмыссыз ретінде есепке тұрып, жәрдемақы алайын десем, Нұр-Сұлтанда ХҚКО тегіс жабық. Ал онлайн тіркелу үшін электронды цифрлы қолтаңбамен қол қою керек екен. Оны енді қашықтан алу мүмкін емес көрінеді. Қалай өмір сүремін, не жеймін? Оның үстіне, үш бала үшін алимент төлеуім қажет. Оларды да асырауға тиіспін ғой» деп налиды елорда тұрғыны Аслан Қанатұлы. Алматы облысының тұрғыны Ардақ Салықов та осы әлеуметтік көмекті алу қамымен жүр: «Жұмыссыз қалдым. Egov порталы арқылы жұмыссыз ретінде онлайн тіркелуге талпындым, бірақ бәрібір ештеңе өнбеді. Қалай тырыссам да қабылдамайды. Іле ауданының жұмыспен қамту орталығы ТЖ-ға байланысты жабылып қалған», – дейді ол. Алматылық Руслан Миратов Президенттің ізгі бастамасын жедел орындауға жауапты органдардың дайын болмағанына ренжиді. «Барлық ақпарат құралдары төлем төлеуге өтініш қабылданып жатқанын жарыса жазуда. Egov порталының «Электронды өтініш» қызметін пайдалануға талаптандым. Ештеңе шықпады. 1414 бірыңғай байланыс орталығына қоңырау шалсам, операторы бұдан хабарсыз. Неге шенеуніктер Президент Жарлығын сол мезетінде орындауға үнемі дайын болмай шығады? Алдын ала хабарлап, халықты босқа дүрбелеңге салудың не қажеті бар?!» – дейді Руслан. Тағы бір мәселе бар: қызметкер ТЖ төлемін алуы үшін оның жұмыс берушісі жалақысыз қалған жұмыскерлерінің тізімін жасап ұсынуы қажет. «Төтенше жағдайдан қиналған жұмысшыларға көрсетілетін көмекті жұмыс берушіге тәуелді еткені дұрыс болмады. Мен Алматының қаламаңы аймағында тұрамын. Жұмысым қалада. Алматы карантинге жабылды, қатынас тоқтады. Жұмыс берушімнен құжатты қалай аламын? Бастығымның телефон нөмірін де білмеймін, бізді менеджерлер басқарады, олар «ұсақ-түйекке бола бастықтың басын қатырма!» деп жолатпайды», – дейді Асқар Шатанов. Осындай шағымдарға үн қатқан Үкімет құжат қабылдау процесіне біраз өзгеріс енгізді. Атап айтқанда, бұған дейін жұмыс беруші ТЖ кезеңінде өз қызметкерлері кірісін жоғалтқанын растайтын құжаттарды; қызметкерлерінің тізімін; олардың жалақысы сақталмайтын демалысқа шығарылғаны туралы бұйрық көшірмесін тапсыруы керек болатын. Енді ТЖ салдарынан табысты жоғалту фактісін растайтын құжаттарды ұсыну қажет болмайды. Демек, рәсім біршама жеңілдетілді. Әлеуметтік төлем тағайындалуы үшін жұмыс беруші өтініш пен қызметкерлерінің тізімін ғана береді. Ал жеке кәсіпкерлер, фрилансерлер өз бетінше өтініш жазады. Қызметкерлер де жұмыс берушіні күтпей-ақ өтінішті өзі бере алады. Бірақ тізімді ұсынуы керек. Бизнесмен Ольга Подберезкина өз жұмысшылары үшін мемлекеттік көмекті рәсімдеуге ден қойған. Ол қазіргідей алмағайып заманда халықты демеудің бұдан басқа да жолы бар екеніне сенімді. «Мен жеке кәсіпкерлік иесімін. Өз балабақшам бар. ТЖ мен пандемияға байланысты уақытша жабылып қалдық. Не өзімде, не қызметкерлерімде ең кемі екі ай ешқандай табыс болмайды. Мемлекетке адал салық төлеп келдік. Енді аласапыран шақта мемлекет амалын тауып, бізге демеу жасаса. Мысалы, зейнетақы қорында босқа жатқан жарналарымыздың бір бөлігін алуға рұқсат етсе, жөн болар еді. Жағдай шынында ауыр. Үкімет түсіністікпен қарасын», – дейді кәсіпкер.Төлем алудың төрт қадамы
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, ТЖ төлемін төлеуге бюджет қаражаты шығындалмайды. Ол Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) төленеді. Жұмыс берушілер, жеке кәсіпкерлер осы қорға ұзақ жыл ақша аударып келді. Төтенше жағдайға байланысты кәсіпорындар жаппай жабылып, жұмыскерлері табысынан айырылып жатқанда сол жарнаның қызығын көретін кез келді. Алайда адал салық төлеушінің барлығы бірдей оған қол жеткізе алмайтыны айқындалды. Бастапқыда «қызметкер үшін жұмыс беруші соңғы 12 айда МӘСҚ-қа кем дегенде 3 ай бойы жарна аударған болуы қажет» делінді. Әйтсе де, халық наразылығына байланысты әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу мерзімі күрт азайтылды. Тиісінше, қызметкер үшін аталған қорға бір жылда ең болмаса 1 рет әлеуметтік аударылым жасалса, бұл әлеуметтік төлем тағайындау үшін жеткілікті. Жеке кәсіпкер, жеке практикамен айналысатындар қорға өзі аударады. Сонымен қатар ТЖ төлемінен бұған дейін тек орта, шағын және микробизнес қызметкерлері; жеке кәсіпкерлер; жеке практикамен айналысатындар, яғни нотариус, жеке сот орындаушысы, адвокат, кәсіби медиаторлар; БЖТ (ЕСП) төлеушілер ғана үміттене алатын. Кейін бұл тізім кеңейтіліп, 2 санатпен – азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыс табатын адамдармен (АҚС) және карантин енгізілген елді мекендердегі ірі бизнес қызметкерлерімен толықтырылды. «42,5 мың теңгеге өз қызметін не өнімін өзге жеке тұлғаларға ұсынатын адамдар да қол жеткізе алады. Бұларға мысалы, таксишілер, репетиторлар, бала күтушілер, үйде тапсырыспен тоқыма өнімдерін жасайтындар, тұрмыстық техника жөндейтіндер, сантехниктер, программистер, шаштараздар және басқа да өзін-өзі жұмыспен қамтушылар жатады», – дейді «Атамекен» ұлттық палатасы. Еңбек министрлігінің айтуынша, бейресми түрде жұмыс жасаған, қандай да бір жарна не салық аудармаған таксиші, бала бағушы және басқа да өзін-өзі жұмыспен қамтушылар 42,5 мың теңге көмек алғысы келсе, онда тіркелуі қажет. Ең алдымен, банктердің мобильді қосымшасы немесе SMS арқылы бірыңғай жиынтық төлем (қалада 2 мың 651 теңге, ауылдық аудандарда 1 мың 325,5 теңге) төлеуі міндет. Содан кейін Egov порталында авторизацияланады. Оның оң жақ жоғарғы бұрышында шыққан өз аты-жөнін түртіп, «Электронды өтініштер» тармағын таңдайды. Ашылған терезеде «Құру» батырмасын басады. Барлық қажетті жолды толтырып, «Мазмұны» жолында «ТЖ кезеңінде міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға әлеуметтік төлемді тағайындау» дегенді көрсетеді. Артынша өтінішінің электронды нұсқасын тіркеуі керек. Сондай-ақ қызметкерлер тізімінің электронды нұсқасын тіркеуі, онда тек өзін көрсетуі және ЭЦҚ арқылы қол қойып, өтінішті жіберуі шарт. Жауап 3 күн ішінде Egov.kz-тегі жеке кабинетке келуі тиіс. Ал БЖТ төлеп келгендерге қайтадан төлеу қажет емес. Жұмысшылар мен қызметкерлердің тіркелу тәртібі – осыған ұқсас. Сөйтіп, ТЖ әлеуметтік төлемі кәсіпкер ретінде тіркелмеген өзін-өзі жұмыспен қамтушыларды анықтауға да қызмет етпек. Осы орайда, жауапты меморгандар барлық процестің қалай жүретінін қадам-қадам бойынша түсіндіріп берді. «1-қадам: жаңа әлеуметтік төлем тағайындалуы үшін жұмыс беруші жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті органға өтініш тапсырады. Жеке кәсіпкерлер, жеке практикамен айналысатындар және БЖТ төлеушілер өз бетінше жібереді. Қазір бұл органдар карантинге жабылған. Сондықтан өтініш Электронды үкімет веб-порталында «Электронды өтініш» қызметі арқылы онлайн ұсынылады», – дейді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі. 2-қадам: барлық онлайн өтініштер халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі аудандық не қалалық штабқа түседі. Штаб оларды өңдей келе, әлеуметтік қолдау көрсету туралы шешім қабылдайды. Рас, «Атамекен» ҰКП істі жеңілдету үшін дәл осы деңгейді алып тастауды ұсынып отыр. 3-қадам: «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының бөлімшелері оң шешім алған қызметкерлердің тізімін қалыптастырады. 4-қадам: МӘСҚ сол тізімге сәйкес төлем жасайды. Әлеуметтік төлем ТЖ аяқталғанша, яғни әзірге бір айға төленеді. ТЖ режимі ұзартылуы да ғажап емес. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі барлық өтініш берушілер «ТЖ енгізілуіне байланысты кірістерімді жоғалттым» деген фактінің өтірік емесін растап, өзіне жауапкершілік алатынын ескертті. Билік халықтың күрделі кезеңде жауапты болатынына сенеді.