Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирусты тұтас әлем біріккенде ғана жеңе алатынын мәлімдеген. Сондықтан гигиена талаптарын орындаудан бөлек, бір-біріне қол ұшын созуды да міндет етті. Індеттен жапа шегіп жатқандарға қор ашып, көмек көрсету жолын нұсқады. «Әміріңе құлдық» дегендей біршама елде қор құрылып, биологтер вакцина жасау үшін бел шеше кірісті. Алғашқылардың бірі болып ДСҰ қоры құрылды. Сайт арқылы қайырымдылық жасаймын деген әр адамға жол ашық. Жиналған ақшаның барлығы коронавирус салдарынан табысынан айырылғандарға, жағдайы төмен отбасылардың қажетіне жұмсалады. Сондай-ақ ББҰ қоры мен Swiss Philanthropy Foundation да онлайн аударымдарды қадағалап отыр. Ал Швейцарияның Давос қаласында халықаралық коронавируспен күрес қоры жұмыс істейді. Қор күні-түні індетке қарсы вакцина ойлап табамын деген биологтерді қаржыландырады. Аталған ұйымның жұмысына күмәнмен қарайтындар үшін олар ақша аударымын қадағалайтын комиссия құрды. Атақты қоғам қайраткерлері мен меценаттар мүше болған қор әлем игілігі үшін күш біріктірді. Еуропа одағына мүше елдер де қарап қалмады. Медициналық бетперде, респиратор мен антисептік жетіспеуінің алдын алып, пандемияның таралуына тосқауыл қоюға шақырып жатыр. Ирландиядағы қоғамдық қор болса егде жастағы адамдарға жәрдемдесуді қолға алған. Қор әлем оқшаулануды сұрап жатқанда, бұл бәрінен бұрын жалғызбасты адамдарға ауыр тиетінін алға тартады. Сондықтан елдегі ұйымның басты мақсаты – қарттарды жылы киіммен, тамақпен, керек-жарақпен қамтамасыз ету. Технологияны пайдалануды үйретіп, қоғамнан бөлініп қалмауы үшін жағдай жасайды. Сондай-ақ уақыт өткізіп, сергуі үшін қарттармен телефон арқылы сөйлесетін еріктілер тобы құрылған. Пандемиядан елінің аяқтан тұруын қалайтын АҚШ Бостон мен «Ортақ жол» қорын ортақ мақсатта пайдалануды көздейді. Коронавирус салдарынан ең қатты жапа шеккен отбасыларды анықтап, қажетті заттармен қамтамасыз етеді. Әрі медицина қызметкерлері мен жедел жәрдемге айрықша көңіл бөлген. Қор сонымен қатар қарттар мен тұрғылықты жері жоқ азаматтарға да көмектесуге дайын. Ал Әзербайжан елінде құрылған коронавирусқа қарсы қор денсаулық сақтау бағытына негізделген. Олар алдымен медицина мамандарының жалақысын көтеріп, ауруханалардың материалдық-техникалық базасын күшейткен. Денсаулық сақтау саласындағы ғылыми-зерттеу жұмысын да қаржыландырады. Эстониядағы қор болса елдегі індеттің таралуын тоқтатуға арналған идеяға басымдық береді. Одан бөлек, жоғарыдағы елдер сияқты көмек көрсетіп, халыққа білім мен әлеуметке алаңдамай, денсаулыққа көңіл бөлуді үндейді. Бауырлас ел Түркия да әлем тәжірибесінен тысқары қалмай, халыққа барынша жағдай жасап жатыр. Елде індетпен күресу мақсатында құрылып жатқан қор жетерлік. Мемлекет халықты топқа бөліп, алдымен қарттар мен балаларды оқшаулауға ден қойып жатыр. Қарттарға тамақ пен киім жеткізіп беру үшін еріктілер жұмылдырылған. Медицина мамандарын бар керек-жарақпен қамтамасыз ету көзделген. Ал түрік жұлдыздары да мәселеге бейжай қарап жатқан жоқ. Халюк Левент Stay Нome қорын құрып, танымал азаматтарды үлес қосуға шақырған. Сонымен, олар елдегі жағдайы төмен отбасыларды анықтап, 2 ай бойы үй іші шығындарын көтеріп алмақ. Мәселен, атақты актерлер Щюкран Овалы мен Мурат Боз 1 000 отбасыны әлеуметтік жағынан қамтамасыз етуге дайын. Арас Бұлт Инемлі, Нүргүл Ешилчай, Кенан Имирзалыоглулар 100 отбасыны назардан тыс қалдырмауға сөз берген.
Бизнесмендер бел шеше кірісті
Әлемге белгілі бизнесмендер де коронавируспен күрес үшін аянып қалмады. Мәселен, миллиардер Джек Ма індетке қарсы вакцина ойлап табу жұмысына 14,4 млн доллар аударды. Хубей провинциясын дәрі-дәрмек пен медициналық жабдықпен қамтамасыз етуге 144 млн доллар бөлді. Ал Tesla компаниясының директоры Илон Маск болса ақша аударымдарынан бөлек, Калифорнияға мыңнан астам тыныс алу аппаратын сыйлады. Сондай-ақ қажеттілік туса компания тыныс алу аппаратын жасап шығаруға дайын екенін мәлімдеді. Microsoft иесі Билл Гейтс пен жұбайы Мелинда құрған қор қаңтар айында-ақ коронавируспен күреске 10 млн доллар аударған. Кейінірек Facebook басшысы Марк Цукерберг пен Присцилла Чан қорға 25 млн доллар аударды. Олар Гейтс қорының пандемиямен күресте аянбай жұмыс істейтініне сенімді. Бизнесмендерден бөлек Xiomi компаниясы Ухан қайырымдылық федерациясына 1,4 млн доллар көмек көрсетті. Netflix кинокомпаниясы коронавирустан шығынға ұшыраған жобалар қорына 100 млн доллар аударды. Сондай-ақ Carlsberg қоры пандемияны зерттеуге 95 млн дат кронын бөлді. Ал еліміздегі бизнесмендер коронавируспен күрес жұмысына бас-аяғы 2 млрд теңге аударды. Елбасы бастама көтеріп, қалталыларды күреске қол ұшын созуға шақырды. Сол-ақ екен елдегі атымтай жомарттар іске кірісті. Мысалы, Kaz Minerals – 400 млн теңге, Aitas KZ – 200 млн теңге бөлді. Тимур Құлыбаев пен Қайрат Боранбаев індетпен күреске 1 млрд теңгеден аударды. Қос бизнесменнің көмегі Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласындағы әкімдікке аударылды. Дариға Назарбаева басқаратын «Дегдар» гуманитарлық қоры 100 млн теңге аударып, стационарға 2 тыныс алу аппаратын сыйлады. Болат Назарбаевтың «Салиқалы ұрпақ» қоры індеттің таралуына тосқауыл қою мақсатында 150 млн теңге бөлді. Жаһан жұрты пандемиямен күресу үшін барын салып жатыр. Қалталы азаматтар ақша бөліп, компаниялар қолындағы барымен бөлісуге дайын. Ал қарапайым тұрғындарға қалғаны үйінен шықпай, оқшауланып, қауіптің сейілгенін күту. Бұл – қаражат бөліп, қол ұшын созғаннан да үлкен көмек.