Елордада Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаевтың идеялары мен жаһандық бастамалары жайлы кітаптардың тұсаукесері өтті. Елбасы кітапханасында ұйымдастырылған айтулы шараға Қазақстанның алғашқы Сыртқы істер министрі Төлеутай Сүлейменов, Парламент Мәжілісінің депутаты Қуаныш Сұлтанов, Елбасы кітапханасының директоры Әмірхан Рахымжанов пен ел тәуелсіздігінің қалыптасуына үлес қосқан өзге де мемлекет қайраткерлері, профессорлар қатысты. Жинаққа Елбасының мемлекеттілікті құру мен жан-жақты нығайтудағы, көпұлтты Қазақстан халқын біріктірудегі, рухани қоғамды жасақтап, әлемдегі жетекші алпауыттармен серіктестікті дамытудағы көпқырлы саяси қызметі мен бірегей тәжірибелері енгізілген.
– Елбасының елеулі еңбегін кітап етіп басып, келешекке мұра ретінде қалдыру – өте дұрыс шешім. Ел жастарының бойында мемлекетшілдікті қалыптастырып, тарихымызды ұрпақ жадына сіңіру – біз үшін парыз. Байтақ, әсем елордамыздың аз уақытта қалай бой көтергенін, даму жолындағы қаншама саяси қадамдарды бүгінгі жас буын білгені абзал. Тәуелсіз ел атанып қана қоймай, Отанымыздың ғұмырын баянды еткен Елбасының даңғыл жолын қағазға түсіріп, насихаттап жатқанымыз бекер емес. Жұрт үшін туған тұлғаларымызды ұмытпауымыз қажет, – деген Парламент Мәжілісінің депутаты Қуаныш Сұлтанов кітаптың маңыздылығына тоқталды.Жинақтың алғашқысы «Нұрсұлтан Назарбаев: көшбасшылық стратегиясы» атты екі бөлімнен тұратын құнды кітап. Елбасының мемлекет тізгінін ұстап, Қазақстан Компартиясының Бірінші хатшысы болып тағайындалғаннан бастап, 30 жыл ішінде ел іргесін бекемдеп, экономикалық-саяси тұрғыдан өсіп-өркендеуіне қосқан өлшеусіз үлесін, әлем қауымдастығын мойындатудағы тарихи рөлін кеңінен баяндайды. «Біз білетін Елбасы» үш кітаптан тұрады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында егеменді жас мемлекетті дамытудың жаңа жолы мен үлгісін іздеген тұста Тұңғыш Президенттің жанынан табылған, одан кейін бейбіт елдің бақытына куә болған, қолдау көрсеткен Елбасы замандастарының естеліктер жинағы. «Н.Назарбаевтың еуразиялық бастамалары: тарихы, қазіргі жағдайы және болашағы» Елбасы кітапханасының ғылыми бағдарламасын жүзеге асыру аясында дайындалған. Жинақ еуразиялық интеграция идеясының 25 жылдығына және Еуразиялық Экономикалық Одақ туралы шартқа қол қойылуының 5 жылдығына арналған. «Ядролық қарусыз әлемге бетбұрыс: Елбасы бастамалары» – Тұңғыш Президенттің бітімгерлік бастамаларына және оның барша адамзаттың мүддесі үшін ядролық қарудан азат әлемді құру жөніндегі саясатына арналған жинақ. «Мәңгілік Ел» идеясы: кеше, бүгін, ертең» – Елбасы кітапханасының бастамасымен жарыққа шыққан ұжымдық монография. Кітапта халықтың әл-ауқаты мен оның жарқын болашағын ойлайтын, қазақстандық қоғамның жаңа моделінің негізін қалаушы ретіндегі Елбасы рөлі айқындалады. Кітаптың тұсаукесерінен соң мемлекет қайраткерлері Елбасы жайлы естеліктерімен бөлісіп, маңызды жинақты келешек ұрпаққа елдік жолын жеткізер бағалы мұралар қатарына қосты.