Шығыс Қазақстандағы бірнеше сауда және көңіл көтеру орындарының иелері қалыптасқан төтенше жағдай режимін бұзған. Облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, өңірдегі кезекті рейдтік іс-шаралар барысында шағын және орта бизнес нысандары тарапынан бірнеше заң бұзу фактісі анықталып отыр. Департамент мамандарының айтуынша, Өскеменде, Семейде, сонымен қатар Глубокое ауданында көпшіліктің жиналуымен салтанатты және өзге де іс-шаралар өткізілген. Өскемен мен Семейдегі екі мейрамханада төтенше жағдай уақытындағы жұмыс режимін бұзғандар болыпты. Екі мейрамхананың иесіне қатысты әкімшілік іс қозғалып, ары қарай шешім шығару үшін материалдар сотқа жолданған. Сондай-ақ облыс орталығында компьютерлік клубтың жұмысына қатысты да факті анықталған. Мамандандырылған әкімшілік соттың қаулысымен аталған мекеме иесіне 26 510 теңге көлемінде айыппұл салынып, әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Облыс орталығындағы караоке-клуб та төтенше жағдай режимін белден басқан. Айталық, мекеме мереке күндері өзінің қызметін 22.00-ден кейін де жалғастыра берген. Оның иесіне Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 476-бабы бойынша «Төтенше жағдай режимін бұзу» әкімшілік хаттамасы толтырылып, 15 тәулікке қамауға алынды. Сонымен бірге, сауда орталығында дезинфекциялық жұмыстарды жүргізу талаптарын сақтамағаны үшін заңды тұлға да әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Төтенше жағдай кезіндегі жауапкершілікке байланысты облыс әкімі Даниал Ахметов те халыққа арнайы үндеу жариялап, режим бұзғандардың жауапқа тартылатынын ескертті.
– Өздеріңізге белгілі, елімізде күн санап, коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың саны артып келеді. Қазір Қазақстан бойынша 293 оқиға тіркелді. Оның ішінде біздің облыста 2 жағдай бар. Өңірде инфекцияның таралуын тежеу үшін тиісті шаралар орындалуда. Десе де, өкінішке қарай, мемлекеттік деңгейде қойылған шектеулерге қарамастан, облысымыздың бірқатар азаматы төтенше жағдай режимін елегісі келмейді, – деп жазды Даниал Ахметов әлеуметтік желідегі ресми парақшасында.Мәселен, Семей қаласындағы рейд барысында қорқор тартуға арналған үш орын салынған тыйымға қарамастан, жұмыс істегені анықталған. Бұған қоса, тағы бір дәмхана сағат 22.00-ден кейін де қызметін жалғастырған. Нәтижесінде, үш адам 5 тәулікке қамауға алынып, 1 адамға 10 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Сондай-ақ Өскемендегі клуб иелерінің бірі 7 тәулікке қамауға алынған. Сонымен қатар «коронавирус инфекциясын жұқтырғандар ауруханаға жатқызылды» деп жалған ақпарат таратқан Аягөз ауданының тұрғыны да 5 тәулікке қамауға алынды. Жалпы, ШҚО бойынша қазіргі уақытта 26 әкімшілік іс қозғалса, 15 адам жауапкершілікке тартылып, бес адамға айыппұл салынды. 10 адам қамауға алынып отыр.
– Құрметті облыс тұрғындары, төтенше жағдай талаптарын бұзған азаматтар 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынатынын немесе 10 АЕК көлемінде айыппұл төлейтінін естеріңізге салғым келеді, – дейді аймақ басшысы.– Жеке және қоғамдық қауіпсіздік ережесін сақтау – коронавирус инфекциясының таралуын болдырмаудың және алдын алудың бірден-бір жолы. Егер сіздер осыған ұқсас заң бұзушылықтардың куәгері болсаңыз, белсенді азаматтық ұстаным танытып, тиісті органдарға хабарлауларыңызды сұраймыз, – дейді облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 476-бабына сәйкес, төтенше жағдай режимін бұзу 10 АЕК-ке дейін айыппұл немесе 15 тәулікке дейін қамауға алуға әкеп соғатынын еске саламыз. Ал ТЖ кезінде құқықтық тәртіпті бұзуға итермелейтін әрекеттер үшін (ӘҚБтК-нің 478-бабы) 40 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады немесе 30 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамауға алу қарастырылған.
Дәурен АЛЛАБЕРГЕНҰЛЫ, Шығыс Қазақстан